ӘСЕРІ АЙЫППҰЛДАН ТИІМДІ

0 141

ZAH_0146

Таяуда қала көшелерінде ерекше акция өткізілді. Жол-патрульдік полиция қызметкерлері жас инспекторлармен бірге жол ережесін бұзған ата-аналар мен балаларға айыппұлдың орнына ескерту жасап, жол қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттілігін түсіндірді. Қажетті ақпаратпен жарнамалар үлестірді.

Жол жүру ережесін бұзушыларға жол қауіпсіздігін сақтамауы салдарынан апатқа ұшыраған жүргіншілер туралы бейнеороликтер көрсетілді.

Мамандардың пікірінше, бейнероликтерді көрсету ересектерге әкімшілік айыппұлдан гөрі тиімдірек ықпал еткенін айтады.

№2 мектеп-лицейдің жанынан полицейлер тоқтатқан ата-аналар да осы пікірмен келісті. Олар жолдың белгіленбеген жерінен өткен өз әрекеттеріне «жаяу жүргінші өткелі мектептен алыс, оның үстіне қатты асығып тұр едік» деген уәж айтты. Алайда, бейнероликтерді көргеннен кейін уақыттың жетіспеушілігі мен басқа да себептер жол қозғалысы ережелерін бұзуға негіз еместігіне көз жеткізді.

«Жол жүру мәдениетін бала кезінен үйрету қажет, әрбір жол жүру мүшесі өзінің жауапкершілігін сезіну керек. Оның жолдағы тәртіпсіздігі басқа адамдардың өміріне және денсаулығына қауіп туғызатынын түсіну керек» дейді Астана қаласы ІІД ӘПБ ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Лариса Красникова.

Оның айтуынша, жыл басынан бері жаяу жүргіншілердің кінәсінен болған 78 жол оқиғасында 7 адам қаза тауып, 72-сі түрлі жарақаттар алған. Жолдың жүру бөлігінен қауіпсіз өту ережелерін бұзғаны үшін 14,5 мыңнан астам жаяу жүргіншіге 134,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.

 Ал, полиция қызметкерлері жол қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексінің 473-бабына сәйкес жаяу жүргіншілерге бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұл салынатынын, ережені жиі бұзатындар он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейтінін немесе үш тәулікке әкімшілік қамауға алынатынын ескертеді.

Сағи  ОРАЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 − 4 =