Әсемдікпен үйлескен қойылым

0 12

Операны сүйетін көрермендер үшін қазан айы қуанышпен басталды. «Астана опера» театрының камералық залында елордалықтар қатарынан екі күн бойы Г.Доницеттидің атақты «Дон Паскуале» операсының премьерасын тамашалады. Бұл бірегей қойылым Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен сахналанды.

Композитор операны осыдан екі ғасыр бұрын жарыққа шығарған. Дон Паскуале мен бірбеткей Норинаның сәтсіз некелесуі туралы сюжетті қоюшылар XX ғасырға ауыстырды. Дон Паскуале (Евгений Чайников) қариядан орта жастағы ер адамға айналды. Қойылымда көрерменді күлкіге бөлейтін қызықтар көп болғанымен, спектакль соңында алданып қалған Дон Паскуалеге жанашырлық сезімі оянады. Бұдан «Қанша ақшаңыз көп, бай болсаңыз да, ол сізге бақытты болуға кепілдік бермейді» деген ғибратты зерделейсіз.
Премьераның екі бөлімінде де ондағы кейіпкерлердің бойынан кездесетін әзіл, ұтқырлық, жасандылық, мұңаю секілді қасиеттер көрермендерді біресе мұңға, біресе әсерлі сезімге бөлеп, толқытып отырды.
Жалпы, спектакльдегі орындау­шылар құрамын таңдау – ондыққа дәл тиген деуге болады. Тенор Жан Тапиннің дауысы Эрнестоның партия­сында таза және үйлесімді шықты. Ол «Cercherò lontana terra» ариясын тамаша жеткізді. Ғажайып доктор Малатестаны бейнелеген ­Ержан Сайыповтың өнері де сүйсінтті. Оқиғаның шиеленісе өрбуі оның орындаған партиясында шынайы көрінді. Жас талант актерлік шеберлігімен вокалдық қиындыққа қарамастан өз партиясын академиялық түрде жеткізе білді. Ал операның басты кейіпкері – Дон Паскуалені Евгений Чайников керемет орындады. Дарынды солистің музыканы шынайы сезінуі өзінің кең диапозонының әдемілігі мен күшін көрсетуге мүмкіндік берді. Карлитоның рөлін Ерұлан Кәмелде сәтті сомдады.
Гаэтано Доницеттидің мазмұнды музыкасын маэстро Абзал ­Мұхитдиннің дирижерлігімен «Астана Опера» оркестрі ұсынды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty + eleven =