Әсемдікке толы көрме

0 146

Елбасы кітапханасының оң жағалаудағы музейінде Нұр-Сұлтан қаласындағы балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубы түлектерінің «Туған өлкем» атты көрмесі ашылды.

Көрмеге әртүрлі техникада орындалған мектеп түлектерінің 50-ден астам жұмысы қойылды. «Туған өлкем» республикалық бағдарламасының аясында Елбасы кітапханасы мен елорданың балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубы өткізіп отырған көрме биыл үшінші мәрте өтіп отыр.
Бас шаһардағы балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубы 1983 жылы құрылған. Содан бері бұл білім ордасының өз дәстүрі берік қаланып, онда оқыған түлектер биік белестерді бағындырған. 2008 жылы мектепке ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясымен ЮНЕСКО клубы мәртебесі берілді. 2017 жылы қала әкімінің грантына өткен байқауда аталған мектеп «Үздік қосымша білім беру ұйымы» аталымын жеңіп алған.
Жас суретшілердің әртүрлі жанрда салған картиналарын көрген белгілі қылқалам шебері, өнертанушы Динара Нөгер кейінгі жас толқынның арасында дарынды, парасатты буынның өсіп келе жатқанын көру үлкен қуаныш екендігін айтты. «Көрменің ерекшелігі ұсынылған жұмыстардың қашықтан орындалғанына негізделеді. Мұның оқытушыларға да, оқушыларға да оңайға соқпағаны анық. Дегенмен де туындылардың деңгейі биіктігін жоғалтпай, келушілердің көзайымына айналып отыр. Кескіндеме, графика, сәндік-қолданбалы өнер – бәрі де көздің жауын алады, – деді ол.
Көрме барысында жас суретшілер келушілерге өздері салған туындыларының тарихын айтып берді. Мәселен, жас суретші ­Мирас Мәдиевтің ауылға демалысқа барғанда салған картинасынан асқар таулар мен кең даланың тынысын сезесіз. Ал Руслан Шегай түрлі түсті бояудың көмегімен елорданың рухы мен еңселі ғимараттарын әсерлі жеткізе білген.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − 2 =