Әсем үйлескен әлемдік жауһарлар

0 29

Алдағы 20 және 23 ақпан күндері «Астана Операның» үлкен залы сахнасында әйгілі балерина, Ресейдің халық әртісі, «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова екі бөлімді жаңа гала-бағдарламалар ұсынады.

Айта кетейік, тартымды алты бағдарламадан тұратын гала-балеттердің алғашқы бөлігі театрда былтыр 8 маусымның басында өткен, енді бағдарламаның екінші бөлігі ақпан айында басталып, театр маусымының соңына дейін жалғасады.
Бұл керемет өнер кешінен көрермендер балеттегі жаңа есімдермен танысып, классикалық әрі ұлттық ерекшелікпен әсем үйлескен әлемдік заманауи хореография жауһарларын көреді.
Бағдарламада Алтынай Асылмұратова негізгі басымдықты жас солистерге берген. Осылайша Й.Байердің «Қуыршақтар перісі» балетінен трионы дебютанттар Нұрай Нұрсафина, Диас Құрманғазы, Жансерік Ахметов ұсынады. Анастасия Заклинская мен Олжас Тарланов П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балетіндегі па-де-демен сахна төріне алғаш рет шығады. Балетқұмар жандардың махаббатына ие болған, болашағынан зор үміт күттіретін Шұғыла Әдеп­хан А.Хачатурянның «Спартак» балетіндегі Фригия­ның рөлінде дебют жасайды. Сонымен бірге ол өзінің әріптесі Серік Нақыспековпен бірге алғаш рет Л.Минкустың «Дон Кихот» балетінен па-де-де орындайды. Елордалық труппаның прима-
балеринасы Әйгерім Бекетаева премьер Бақтияр Адамжанмен жұптасып, Р.Дригоның «Талисман» балетінен па-де-деде дебют көрсетеді.
– «Спартак» балетінен адажиоға былтыр дайындалған едім, алайда маған Фригия – эмоционалдық тұрғыдан күрделі партия және оны орындау үшін әлі де пісіп-жетілуім керек екенін айтқан. Махаббатты тұла бойыңмен сезініп, оның сан қырын жеткізе білу өте маңызды. Биыл осы бейнені сахнаға алып шығуды маған сеніп тапсырды, бұл үшін Алтынай Абдуахим­қызына алғысым шексіз. Онымен бірге жұмыс істеу – үлкен мектеп, ол іс жүзінде барлық әлемдік репертуарды орындаған. Оның тәжірибесін қабылдау – зор мүмкіндік, жұлдызымның жанғаны, – деп өз ойымен бөліседі Шұғыла Әдепхан.
20 және 23 ақпанда гала-бағдарламаның бірінші бөлімдеріне енген қызықты хореографиялық нөмірлерден бөлек, бекзат өнерді жоғары бағалайтын қауымның назарына Раймондо Ребектің хореографиясындағы «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» (20 ақпан) және Михаил Фокиннің хореографиясындағы «Шехеразада» (23 ақпан) бір актілі балеттері қойылады.
Гала-балеттерге Гаухар Усина, Әнел Рүстемова, Рүстем Сейітбеков, Арман Уразов, Еркін Рахматуллаев, Олжас Маханбетәлиев, Жәнібек Иманқұлов, Марико Китамура, Ильдар Шакирзянов, Еркежан Жүнісова, Сұлтанбек Ғұмар, Далер Запаров, Айбар Тоқтар, Назира Заетова және тағы басқа өнерпаздар қатысады. Сондай-ақ «Астана Опера» симфониялық оркестрі дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігімен өнер көрсетеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × one =