ӘСЕЛДІҢ ӘСЕМ БҰЙЫМДАРЫ

0 163

Әселдің мектепте оқып жүрген кезі. Бірде қолына қайшы алып, теріден қалта тігіп, оны қазақы оюмен кестелеп, жиегін ұсақ моншақпен көмкеріп, бау тағып, ішіне кітаптарын салып мектепке келді. Құрбылары ерекше дорбаға таң қалысты. Баламасы жоқ бұйымды тек өз қолымен жасауға болатынын түсінген Әсел болашақта дизайнер болуды армандаған. Уақыт өте келе сол ойының жетегімен қазақтың қолөнерін зерделеуге ден қойды. Заманына сай нарықтың сұранысын дәл басқан Әсел қазақы өрнегі басылған жібек орамал, гүлді шәлі, сәнді белдік, былғары сөмке және тағы басқа аксессуарларды қазақстандық «Adili» брендімен шығара бастады.

Тұтынушыларды елең еткізген бұйымдарды көптеп шығарып, ірі сауда  орталықтарында дүкен ашып, саудасын қыздырды. Одан бөлек, онлайн сатылымын да жолға қойды.

Жас дизайнер әрі «Adili» брендінің негізін қалаушы Әсел Әділ өз бұйымдарын жасағанда, сән әлеміне өткен ғасырдың орта шенінде пайда болған «этностиль» бағытын таңдады. Ондағысы мәдени мұрамыздың элементтерін қазіргі заманғы киім кию үрдісімен ұштастырып, сол арқылы қазақы болмысын көрсету болатын. Ата-бабаларымыздың ежелден  қолданып келген тері, жібек, жүн, мақта секілді табиғи материалдардан жасалған бұйымдар ұлттық оюмен құлпырып, жаңа сипатпен толықты. Шебер қолынан шыққан аксессуарларды бүгінгі сәніміздің, киім кию мәнерінің ажырамас бөлшегіне айналдырып жіберді.

Мінекей, «Adili» брендінің бас­ты жетістігін осылайша бағалуға болады.

«Шетелге барғанда өз еліңнің бір белгісі өзіңмен бірге жүргені қандай жақсы. Мойныңа ораған шарф, не кестелі орамал, қазақы ою басылған портмоне немесе қолыңызда ұлттық өрнегімен ерекшеленетін қолсөмке болса да топтың ортасында өзіңді ерекше сезінесің. Еуропаша шалбарланып, жеңіл жейде  киінгеннің өзінде де оюы қанық орамалды мойныңызға байлай қойсаңыз бейнеңіз өзгеріп шыға келеді. Сол себепті де кез келген киімге қосымша сән беретін белбеу, орамал, қолсөмкесі тағы басқа аксессуарларды жасауды жолға қойдым»  дейді  Әсел.

Әрине, бас дизайнері өзі болса да «Adili» брендінің тауарларын «қазақстанда жасалған» деуге болмайды. Технология шеттікі, өндіріс те сол жақтан. Тері сөмкелерді Оңтүстік Кореяда, Гонконгте шығарады.  Орамалдардың оюы Шанхайда басылып, қытайдың жібектерін қолданады. Ал жібекке түсетін оюды лазер сәулесімен басу сол жақта арзанға түсетін көрінеді. Ондай технологиямен басылған суреттер қанша жуылса да сол қалпында қалып, бояуы кетпейді. Тағы бір топтамасына кестені қолданбақ ойы бар. Кестелі орамалдар да көпке дейін өңін бермей, ұзақ киіледі екен.

Соңғы кезде көптеген Қазақстан дизайнерлерінің жаппай ден қойған бағыты қазақы этностильді жаңғырту екенін көріп жүрміз. Расында да, оның көбі көрмекке жақсы, әрі кетсе тойларға киіп, сахнада ән салған өнерпаздардың үстінен тамашалаймыз. Бұл да жақсы. Алайда, мұндай заттардың күнделікті киюге қолайлы еместігінен бұл үрдіс кең таралмай жатыр.

Әселдің басқа дизайнерлерден айырмашылығы оның қиялынан шыққан көркем бұйымдарын қай ортада қандай мерекеде болсын ұялмай киеміз. Қазақы оюмен көмкерілген жібек орамал қай әйелдің сәнін келтірмейді деп ойлайсыз?! Іскер адамның жазу үстелін жайнатып жіберетін теріден жасалып, қазақы ою түскен визитка салғыш, портмоне, кілт сақтағыш, тағы басқа бұйымдар сапасымен  де, сәнімен де қуантады.

Түрлі бояумен түрленген, қолдан есілген жүннен жасалған сәнді сөмкелер, жасөспірімдердің арқа дорбалары, сәнқойларға арналған әдемі клатчтар да тұтынушының қалап алатын бұйымына айналды.

Өзге елдің брендіне тәуелді болмай, қазақы мәнерді үрдіске айналдырып, ұлтының бір белгісін өзімен алып жүргісі келген адамның қалаған нәрсесіне  қол жеткізуге мүмкіндік бар. Әселдің әсем аксессуарлары осы мүмкіндіктің  алғашқы қарлығашы десек,  қателеспейміз.

 

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − fourteen =