Асанәлінің Альбомы

0 85

«Өнер» баспасынан «Халық перзенті» сериясы бойынша КСРО және ҚР Халық әртісі, КСРО және ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ұлт мәдениетінде аты аңызға айналған тұлға Асанәлі Әшімовтің фотоальбомы жарық көрді.

Әсілі, тұлғатану, оның ішінде ұлттың маңдайына біткен тұлғаның ғұмырына бойлау елдің мәдени танымын, халықтың деңгейін өсіреді. Асекеңнің 75 жасқа толу мерейтойына орай шығарылып отырған фотоальбомда өнер қайраткерінің балалық, студенттік шақтағы суреттері, актерлік жолдағы шығармашылық өрлеу кезеңдері, отбасы мен қоғамдағы әріптестері, сырлас достары, театр, кино саласының ұмытылмас сәттері бейнеленген.

Асағаңның альбомын парақтасаңыз, өзіңіз жүзбе-жүз көрмесеңіз де, бала кезден таныс Шәкен Айманов, Елубай Өмірзақов, Кәукен Кенжетаев, Әнуар Молдабеков сынды қазақ өнеріндегі шоқтығы биік қайраткерлердің ізгі бейнелерімен қауышасыз. Сонымен бірге, актердің алғашқы түскен кинолары мен атақты ≪Қыз Жібек≫, ≪Атаманның ақыры≫, ≪Транссібір экспресі≫ фильмдерінің көңілде жатталып қалған кадрлары алдыңызда сурет болып ашылады. Театрдағы суреттері өз алдына. Қазіргі қазақ өнері мен мәдениетінің, әдебиетінің және қоғамдық-саяси тұлғалармен бірге болған сәттері де Асанәлі Әшімовтің  қайраткерлік болмысынан, қоғамдағы айшықты орнынан хабар береді. Альбомда актердің отбасымен де кеңінен танысуға болады. Бұл суреттерден де өнер адамының қамыққан, қуанған алуан түрлі тағдыр кешкенін аңдайсыз.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 + 2 =