Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1164

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1165

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1166

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1177
«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Арзан ипотеканы кім алады?

0 245

Баспана сатып алу әрбір адамның өміріндегі негізгі мәселелердің бірі болып табылады. Бір анығы, осы мәселені дербес шешу әркімнің қолынан келе бермейді. Көптеген жас отбасы үшін жеке пәтерге ие болу қол жеткізбес арман күйінде қала беруде. Амалы қалмаған соң жас отбасы көбінесе ата-анасымен бірге тұруға немесе баспана жалдауға мәжбүр.

«Нұрлы жерге» өзгеріс енгізілді

Алайда мемлекет баспанасыз азаматтарды қолдаусыз қалдырып отырған жоқ. Елімізде 2000 жылдан бастап тұрғын үй құрылысын ұзақ мерзімді қаржыландыруға және ипотекалық несиелеу жүйесін дамытуға бағытталған әртүрлі шаралар жасалды. Халыққа қолжетімді тұрғын үй салу үшін түрлі бағ­дар­лама енгізілді. Солардың бірі – «Нұрлы жер» бағдарламасы. Онда тұрғын үй нарығын дамытудың кешенді іс-шаралары көзделген. Біріншіден, мемлекеттік жәрдемақшалар арқылы банк несиесін құрылыс салушыларға арзандату; екіншіден, халыққа арналған ипотекалық несиелерге жәрдемақша бөлу; үшіншіден, әкімдіктердің халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына арналған тұрғын үй жүйесін дамытуы; төртіншіден, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары үшін әкімдіктердің несиелік тұрғын үйлерді салуы. Бұл бағдарлама бүгінге дейін негізгі міндеттерін атқарып келеді. Соның бір дәлелі, ипотекалық несиелеудің қолжетімділігі артты. Тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйесі арқылы несиелік тұрғын үйлер салына бастады. Әлеуметтің әлсіз топтарына жалға берілетін тұрғын үй қоры құрылды. Үлес­тік құрылысты қолдау тетігі жетілдірілді. Ең бастысы, жеке тұрғын үй құрылысы қарқынды дамыды.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін мынадай статистикалық деректерге көз жүгіртелік. Ресми мәлімет бойынша Қазақстанда 2017 жылы 11,2 млн шаршы метр (100,8 мың тұрғын үй салынды) тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Соның ішінде 75,8 мыңы немесе жалпы көлемнің 75%-ы жекеменшік сектордың үлесіне тиесілі. 2018 жылғы 1 наурыз­дағы жағдай бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен жалпы ауданы 1,9 млн шаршы метр баспана тапсырылды. Бұл жылдық жоспардың 16%-ын құрайды. Айтарлығы, тұрғын үйдің басым бөлігін, яғни 1,7 млн шаршы метрін немесе 89%-ын жеке құрылыс компаниялары тапсырды. Республика бойынша мемлекеттік сектордың үлесі жалпы тұрғын үй құрылысының 9,7%-ын немесе 181,7 мың шаршы метрді құрайды. Сан жағынан айтар болсақ, 16525 баспана пайдалануға берілді, соның 5663-і – жеке үйлер. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әр отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» әлеуметтік бастамасына орай 2018 жылы сәуір айында «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Атап айтсақ, тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту, сондай-ақ Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің тұрғын үй қарыздарын беру параметрлерін қайта қарау бойынша жаңа нормалар енгізілді. «Нұрлы жердегі» инфрақұрылымға арналған қаржыландыруды 3 жыл бойы жыл сайын 20 млрд теңгеге көбейту ұсынылды. Инженерлік коммуникациялардың құрылысын қаржыландыруды жыл са­йын 80 млрд теңгеден 100 млрд теңгеге дейін арттыруға түзету жасалды. Бұл қаражат биылдан бастап республикалық бюджеттен облыстардың, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне бөлінеді.

Ғалым Құсайынов, «ЦентрКредитБанк» АҚ басқарма төрағасы:

– Бұл – қарапайым халық үшін өте тиімді бағдарлама. Тек оны дұрыс жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Экономиканың басқа секторларына зиян тигізбеуді де ескерген жөн. Мысалы, баспана бағасы өсе ме, әлде кеми ме? Біз үй тапшылығына да ұрынуымыз мүмкін. Сол себепті баспанаға деген үлкен сұранысқа сай үй салушыларды несиелеу бағдарламасын жасау керек. Сонда ғана олар сұранысқа қажетті тұрғын үй көлемімен қамтамасыз етеді.

Ұлттық банк бағдарламаны қалай іске асырады?

Осы жерде Президент ұсынған «7-20-25» бағдарламасы жөнінде мағлұмат бере кетейік. Аталған бағдарлама аясында әрбір жұмыс істейтін қазақстандық азамат теңгемен ипотекалық несие алу мүмкіндіктеріне ие болады.
Бұл бастаманы негізгі орындаушылар – Ұлттық банк пен Инвестициялар және даму министрлігі іске асырады. Ұлттық банк «7-20-25» бағдарламасының орындалуына дайындықтың 4 негізгі кезеңін анықтап алды. Бірінші кезеңде банктердің және қор нарығының мүмкіндіктерін барынша пайдалану арқылы ипотекалық қарыздарды секьюриттеу механизмін қалпына келтіру қолға алынады. 2018 жылдың шілдесіне дейін Ұлттық банк екінші деңгейдегі банктерге (ЕДБ – автор) берілген ипотекалық несиелерді сатып алу үшін Ұлттық банктің 100%-дық қатысуымен арнайы еншілес компания құрады. Оның капиталы «7-20-25» формуласы бойынша банктерге берілген жаңа ипотекалық несиелерді нарық бағасымен сатып алу мақсатында Ұлттық банк қаржысы есебінен қалыптастырылады. Екінші кезеңде «7-20-25» бағдарламасын тиімді жүзеге асыру үшін аталған компания қаржы агенттігі ретінде мойындалады. Компанияның облигацияларына мемлекеттік бағалы қағаздарға салынатындай салық салу тәртібі жүргізіледі.
Үшінші кезеңде бағдарламаның қаржылық шарттарына сәйкес, болашақ қарыз алушылардың төлем қабілеті талап етіледі. Мәлім болғанындай, бағдарламаға ресми кірісі бар Қазақстанның кез келген азаматы қатыса алады. Бұдан бөлек, әр өңірде тұрғын үй құнының әртүрлі болуына байланысты ірі қалалар мен аудандардағы баспана құнының саралануы мүмкін екенін айту ләзім. Төртінші кезеңде азаматтар жеңілдетілген ипотекалық несиемен толықтай қамтамасыз етілуі және ол түгелдей қайтарылуы тиіс. Осыған орай, ипотекалық несие берудің тартымдылығы үшін кейбір заңнамалық нормаларды өзгерту қажеттілігі туындайды.
Сонымен қатар, Ұлттық банк қолданыстағы бағдарламалар бойынша беріліп қойған несиелердің шарттарын қайта қарауда. Бағдарламаны іске асыруға қатысатын ЕДБ қаржылық жағдайы, рейтингісі және өзге өлшем шарттары ескеріліп, анықталады. Қазіргі кезде Ұлттық банк әлеуетті банктерге қойылатын талаптардың өлшемдерін да­йындап жатыр. Жоспар бойынша ЕДБ 2018 жылдың екінші жартысынан бастап несие беруге кіріседі. Айта кетелік, несие берудің ең көп мөлшері анықталды. Мысалы, егер несие сомасы 20 млн теңге болса, ипотека алушыға жүктеме айына шамамен 140 мың теңгені құрайды. Әдетте, тұрғын үйдің бағасы төмен өңірлерде несие сомасы 7 млн теңгені құрауы мүмкін. Осыған орай, қарыз алушыға жүктеме ай сайын 50 теңге болады. Бұл көптеген адамдар үшін өте қолжетімді. Яғни жұмыс істейтін әр адам жеңілдетілген шартпен несие ала алады. Мұндай шарттар миллиондаған қазақстандықтардың баспана алуына мүмкіндік беріп, тұрғын үй құрылысы нарығын дамытуға да қуатты серпін әкеледі.

Елімізде қанша адам баспанаға зәру?

Мұндай сауалға әртүрлі ой-пі­кір­лер айтылып жүр. Ranking.kz компаниясы жүргізген зерттеуге сүйенсек, 2017 жылы Қазақстанда 2,5 млн адам баспанаға зәру екендігі анықталған. Инвес­ти­циялар және даму министрлі­гінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің ақпаратына сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған азаматтардың саны – 473019 адам. Соның ішінде 205450-і – халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған бөлігінің өкілдері, 205543-і – бюджет саласының қыз­меткерлері (мемлекеттік және әскери қызметшілер), 59406-сы – жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, 2423-і апатты деп танылған жалғыз ғана баспанасы бар азаматтар екен.

Бағдарламаға қатысу үшін не істеу керек?

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев жуырда осы сауалға толық жауап берді. Оның айтуынша, бастапқы кезеңде жаңа тұрғын үйді сатып алу өтінімдері қарастырылады. Біріншіден, бағдарламаға қатысушы сатып алатын баспананы таңдайды. Осыған орай, үйлердің шекті құны белгіленеді. Мысалы, Астана, Алматы, Ақтау және Атырау сияқты қалалар үшін баспананың ең жоғарғы құны 25 млн теңгені құрайды, ал басқа өңірлерге – 15 млн теңге. Екіншіден, бағдарламаға қатысуға тілек білдіргендер өтінімін, құжаттарын алып, банкке барады. Данияр Ақышев қажетті құжаттардың нақты тізімі мен халыққа қызмет көрсетуге лайықты банктердің көп ұзамай айқындалатынын мәлімдеді. Бұл жерде қаперде ұстайтын екі нәрсе бар. Бірі – жеңілдікпен үй алуға ниет білдірген адамның меншігінде баспанасы болмауы қажет. Екіншісі – несиені мемлекетке қайтаруы үшін нақты табыс деңгейінің болуы міндетті.

«7-20-25» бағдарламасы

ойынша қазақстандық азамат мынадай шарттармен ипотекалық несие алу
мүмкіндіктеріне ие болады:
– несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылына 7%-дан аспайды;
– бастапқы жарна 20%-дан аспайды;
– несие мерзімі – 25 жыл.

Қаперде ұстайтын екі нәрсе:
1) жеңілдікпен үй алуға ниет білдірген адамның меншігінде баспанасы болмауы қажет.
2) несиені мемлекетке қайтаруы үшін нақты табыс деңгейінің болуы міндетті.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды