Арыз ба, өтініш пе?

0 120

Елімізде кез келген мекемеге барып бір жұмысыңды бітіру үшін өтініш жазуға тура келсе, сол мекеменің қызметкерлері «Бастықтың атына арыз жазыңыз» деп бір бет қағазды ұстатады. Бұл сөзге еті үйреніп кеткен бе, жоқ әлде арыз деген сөздің арғы жағында «Заявление» деген сөздің құлағы қылтиып тұрған соң ба, жергілікті тұрғындар мұны көп елемейтін секілді.

1542175435_imgl2484

Ал шетелден келген қазақтардың құлағына бұл сөз түрпідей тиеді. Ата жұртқа алғаш оралған кезімізде «Бастықтың атына арыз жаз» дегенде «Ойбай, арызың не, жазбаймыз, бет-аузын көрмеген адамның атына арыз жаз дегенің не сұмдық?» деп азар да безер болғанымыз бар. Өйткені біздің ұғымымызда арыз деген сөз көбінде біреудің үстінен шағымдану деген мағына береді. Ал біреуден бір нәрсені өтіну, сұрау, талап ету мазмұнында жазылатын материалды «Өтініш» деп атап жүрміз.

«Азаматтық құқықтық пәндер бойынша терминологиялық сөздікте»( Г.А.Жаналинов, Ш.А.Алиев. – Қарағанды, 2013) де арыз деген сөзге «адамның өз құқықтары мен бостандықтарын немесе басқа адамдардың құқықтары мен бос­тандықтарын іске асыруда жәрдем көрсету туралы өтініш хаты не заңдардың және өзге де нормативтік құқықтық актілердің бұзылуы, өтініштерді қарайтын субъектілердің, лауазымды тұлғалардың жұмысындағы кемшіліктер туралы хабарлама не олардың қызметін сынау» деп анықтама берген. Қазақ тіліне қатысты басқа сөздіктердің де берген анықтамасы осымен мәндес. Сонымен қатар қазақ тілінде бақылдасу деген мағына беретінін арыздасу, арыз айту деген сөз де бар. Міне, осы сөздердің сүйектік мағынасына қарап отырсақ, арыз сөзін «Заявление» деген атаудың орнына тіке қолдануға келмейтін секілді. Керісінше, бұл атауға «Өтініш» деген сөз лайық. Себебі жоғарыда аталған сөздікте «Өтініш» сөзіне «Өтінішті қарайтын субъек­тіге немесе лауазымды тұлғаға жіберілген жеке немесе ұжымдық жазбаша, ауызша не электрондық цифрлық қолтаңбамен расталған электронды құжат нысанындағы ұсыныс, арыз, шағым, сауал немесе үн қосу» деп анықтама берген. Басқа сөздіктерде де бұл сөзді «қалау, сұрау, тілеу» деген сөздермен түсіндіреді. Ендеше өтіну сипатында жазылатын іс қағазын арыз дегеннен гөрі өтініш деген орынды секілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 + nine =