«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Арыстарға – тағзым

0 267

«Жастар» театрында Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Арыстарға тағзым: рух пен тіл» атты тарихи танымдық кеш өтті. Кеш 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналды.

Өткен ғасырда халық басынан өткерген нәубеттің салдары әлі күнге жойылған жоқ. Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаевтың айтуынша, өткен ғасырдағы қолдан жасалған ашаршылық пен репрессия, біріншіден, халықтың өсіміне айтарлықтай ұтылыс алып келсе, екінші жағынан елдің мінезіне әсер етті. «Саяси қуғын-сүргін жасау арқылы отаршыл билік біздің сағымызды сындырғысы келді. Бірақ халықтың сағы сынған жоқ, езілмей, жойылып кетпей, өзін сақтап қала алды. Бұл – қазақтың тектілігінің, мықтылығының арқасында болған нәрсе. Егер біз мемлекеттік санаға жетпеген, бұрын-соңды мемлекеті болмаған, ұлттық рухы төмен халық болсақ, ол сыннан өте алмас едік» деді басқарма басшысы.
Қазақтың өткен ғасырда басынан не өткергенін айту – парыз, тарихты білу – қажет. Сондықтан да, шара Алаш арыстарының жазықсыз жаламен репрессия құрбанына айналуы, олардың әйелдерінің лагерьге жабылып, азапталуы баяндалған бейнероликпен басталып, одан әрі сахналық қойылым ұсынылды. Қ.Қуа­нышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актерлері 1932 жылдардағы аштықты, аштықтың соңын ала жалғасқан 1937-1938 жылдардағы репрессияны, осы қиын кезеңдегі адам тағдырын сахналық көрініс түрінде ұсынды. Соңынан халық тарихы мен бастан кешкен трагедиясын арнау мен әнге сыйғызып, өнер тұлғалары сахнаға шықты.
Кешті зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, көпбалалы аналар, студенттер мен әскери бөлім сарбаздары тамашалады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды