АРЫСТАР АТЫН АРДАҚТАУ – ПАРЫЗ

0 147

1334724019_astana2

Қалалық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысында Астанадағы жаңа көшелердің біріне Иван Панфиловтың есімін беру туралы мәселе талқыланды.

Атақты генерал, Кеңес ода­­ғы­­ның батыры атына елор­­да­­да көше беруді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылғы 18 сәуірде өткен Қазақстан халқы ассам­блея­сының жиырма бірінші сес­сия­сында тапсырған еді. Осы жөнінде айта келе, қалалық Тіл­дерді дамыту басқармасының басшысы Ербол Тілешов бұл мәсе­ленің ономастикалық комиссия оты­ры­сында қарастырылып, қолдау тапқанын жеткізді. Халық қалау­лы­лары да бұл ұсынысты бір ауыздан мақұлдағанымен, екінші мәселе бойынша келіспеушіліктер көп болды.

«2007-2012 жылдары зиялы қауым және жалпы жұртшылық өкіл­де­рінен, мектеп ұжымдарынан қалалық ономастика комитетіне елор­да­дағы бірнеше білім беру меке­ме­сіне атау беру туралы он алты ұсыныс хат келіп түскен. Олар ономастикалық комиссияның отырыстарында талқыланып, оң шешімін тапқан болатын. Бірақ жаңа заң талаптарына сәйкес, мораторий жариялануына, Президенттің Жарлығына және Үкіметтің жұмыс тәртібін реттейтін қаулысына байланысты республикалық Тіл комитетінен осы ұсыныстарды 2014 жылмен өзгерту туралы хат келіп түсті. Соның негізінде аталмыш комиссия қаладағы мектеп ұжымдарымен бірлесе жұмыс істеп, нәтижесінде бұрынғы құжаттар жаңартылып, жаңа ұсыныстар қабылданды» деген басқарма басшысы Астананың бірқатар мектептеріне Жұмабек Тәшенов, Ыбырай Алтынсарин, Нәзір Төреқұлов, Ахмет Байтұрсынов, Қошке Кемеңгерұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы секілді қазақтың танымал тұлғаларының есімін беру мәселесін де алға тартты. Бұл ретте қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы Абай Байгенжин Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында оқу ордаларына осы мектептерде білім алған Ұлы Отан соғысы батырларының есімі лайық екенін ескертсе, мәслихат хатшысы Сансызбай Есілов бір адамның есімімен Қазақстанның барлық өңірлеріндегі көшелерге ат берудің дұрыс еместігін, тіпті, заңға қарама-қайшылығын жеткізді. Депутаттар осы мәселеге байланысты алдағы уақытта қоғамдық тыңдау өткізіп, сонда талқылауды ұсынды.

Әрине, Отанымыз бен қаламыздың өркендеуіне өз үлестерін қосқан, лайықты еңбек етіп, адал өмір сүрген, аты аңызға айналған ержүрек батырлар мен қоғам қайраткерлерінің, ақын-жазушыларымыздың есімі елеусіз, ескерусіз қалмауы үшін олардың атына көше берген жөн. Өйткені, елге танымал тұлғалардың есімдерін ардақтау – парыз. Дегенмен, көше атын кім болса, сол иеленбеуі тиіс. Осыған орай, халық қалаулылары көшеге ат беру кезінде жекелеген азаматтардың пікірімен келісе салмай, қоғамдық бірлестіктерден, депутаттардан, қандай да бір әлеуметтік топтың мүддесін қорғайтын құрылымдардан түскен ұсыныстар ғана талқылануы керек деген ортақ пікірге тоқтады.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 + ten =