Арыстан қалыс қалған жоқ

0 16

Кеше елорда әкімдігінде Арыс қаласын қалпына келтіруге қатысқан Нұр-Сұлтан қаласы штабының мүшелері құрметтелді. Бас қала басшысы Алтай Көлгіновтің марапатын оның орынбасары Нұрлан Нұркенов тапсырды.– Арыс қаласында ең ауқымды жұмыс Нұр-Сұлтан шаһарына тапсырылды. Елордалықтар Арыста №9 секторда еңбек етті. Онда 500-ден астам жеке үйге күрделі жөндеу жүргізілді. Жаңадан 160 үй салынды. 54 көппәтерлі тұрғын үй жөнделді. Құрылысшылар жаңа 3 көппәтерлі үйді тұрғызды. Бұған қоса, тұрғындарға құжаттарды рәсімдеу, қалпына келтіру бойынша қаншама көмек пен заңгерлік кеңес берді. Сол жұмыс үшін бізге басты бағаны жаңа үйлеріне, жөнделген баспаналарына кірген халық берді. Арыстықтар елордалық штабқа көптеген бейнежолдау мен хат жіберу арқылы алғыс айтты. Бұл іске бір жұдырық болып жұмыла кіріскен бұл – баршамыздың еңбегі. Жалғыз адам түк те бітіре алмаушы еді, – деді Н.Нұркенов.
Қала басшысы Алтай Сейдірұлы­ның да Нұр-Сұлтан қаласы штабының мүшелеріне алғысы шексіз екенін айтқан орынбасары бұл жұмыс әкімнің бақылауында болғанын, штаб жетекшісі ретінде онымен күнде байланыста болғанын жеткізді.
– Алтай Сейдірұлы бірнеше рет Арысқа келіп, атқарылған жұмыс­тармен танысты, тұрғындармен кездесті, Үкімет басшысымен бірге қаржыландыру мәселелерін шешті. Қаржы дұрыс бөлінбесе, ештеңе бітіре алмас едік. Арыс бәрімізді біріктірді. Қайда жүрсек те, арада қанша уақыт өтсе де бұл ешқашан ұмытылмайды. 47-50 градус ыстықта, қауіпті жағдайда таңнан қара кешке дейін еңбектендік. Өкінішке қарай, баршамыз үйімізге аман-есен орала алмадық. Досымыз, әріптесіміз Ермек ­Түйтебековтен қапыда айырылдық. Бірнеше апта бұрын қала әкімі оның жұбайын қабылдап, Ермекке дүниеден озған соң берілген мемлекеттік марапатты тапсырды. Марқұмның артында бала-шағасы қалды. Олар кәмелетке толғанша қамқорлық көрсету – баршамыздың міндетіміз, – деді Н.Нұркенов.
Сөзінің соңында қала басшысының орынбасары штаб мүшелерін жаңа жылмен құттықтап, амандық, тыныштық, барлық жақсылықтарды тіледі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды