«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Арыстағы апат елді біріктірді

0 161

«Апат айтып келмейді» деген рас екен. Ай-күннің аманында Түркістан өңірінің Арыс қаласындағы алапат апат дүйім елді дүрліктірді. Үш адамның қазасы бар қазақтың қабырғасын қайыстырды. Оқиға орнына Қасым-Жомарт Тоқаевтың шұғыл барғанын газеттің өткен нөмірінде жазғанбыз. Ел аман, жұрт тынышта үйін тастап, босқан елге күллі қазақстандықтар қол ұшын созуда. Қалаға қанша зиян келгені әзірше белгісіз.
Жарылыстардың бірнеше күнге созылуы оның зардаптарының да көп болатынын көрсетуде. Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлағандай, жарылыстардың салдарынан Арыстағы 7600 үйдің терезесі сынып, 80-85 пайызының шатыры қираған.

Арысқа бүкіл Қазақстан көмектеседі

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласына барып, апаттың ауқымын өз көзімен көрді. Төтенше жағдай болған аймақтан тұрғындарды көшіру жұмысымен танысты. Қауіпсіз жерге көшірілген халықты ыстық тамақпен, дәрігерлік көмекпен қамтамасыз етуді, барлық қажетті көмекті көрсетуді тапсырды. Президент полицейлерге, әсіресе балаларға, ерекше көңіл бөлуді қадап айтты.
Қаланы аралап шығу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс салдарынан қатты қираған тұрғын үйлер мен әкімшілік нысандарын аралап көрді.
Қазақстан Президентіне эвакуация жұмыстарының барысы және жарылыс ошақтарын тоқтатып, өртті сөндіру жөнінде мәлімет берілді. Мемлекет басшысы ішкі істер органдарының, Қорғаныс министрлігінің, жергілікті атқару органдарының қызметкерлеріне ризашылық білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев бір күннің ішінде өте ауқымды жұмыс атқарылғанын айтты және жұмыстардың осы қарқынын бәсеңдетпей, жалғастыра беруді тапсыр­ды.
Президент кешкілік Шым­кенттегі клиникалық ауруханаға да барды. Соңғы мәлімет бойынша жарылыс салдарынан жарақат алған адамдардың саны 165-ке жетті. Соның ішінде 89-ы дереу ауруханаға жатқызылды. 26 маусымдағы ақпарат бойынша ауруханада ем-дом алып жатқан адамдардың саны 45-ке кеміді. Апат үш адамның өмірін қиды. Оның екеуі – әскери адам, біреуі – жергілікті тұрғын. Соңғысы көлігіне құлаған қарудан көз жұмған.

 

Апаттың ауқымын болжау әзірге мүмкін емес

Оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстар бірнеше күнге созылуы мүмкін. Сол себептен Арыс тұрғындарын басқа жерге жедел көшіру жөнінде шешім қабылданды. Дүйсенбі күні кешке дейін қалада ешкім қалмады. Әскери патруль мен полицейлер жан сауғалап, уақытша жертөлелерге тығылғандардың бәрін шығарды. Көшіру жұмыстарына 150 автокөлік жұмылдырылды. Иесіз қалған үйлерді тонауға, қиратуға жол бермеу үшін ішкі істердің 345 қызметкері қаланы күзетуге кірісті. Одан бөлек, тағы 800 әскерилер қалада және оның айналасында шоғырландырылды.
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев жарылыс­тардың алғашқы дүмпуі далада болғанын мәлімдеді. Ол апат болған қоймада аса қауіпті авиациялық бомбалар мен қару-жарақтар сақ­талмағанын хабарлады. «Ол жерде радиоактивтік қарулар болған жоқ. Сондықтан радиацияның қаупі жоқ. Негізгі қатты дүмпулер далада болған. Арыс қаласы жартылай зардап шекті. Мен қала тұрғындарына үйлеріне оралмауға кеңес беремін. Өйткені көшеде әлі жарылмаған қарулар болуы мүмкін. Саперлер тобы қаланы қарулардан тазартуға кірісті. Осы жұмыс­тардың бәрі біткенде ғана үйлеріңізге қайтуға болады» деп түсіндірді министр. Ол сондай-ақ арсеналдың қатаң күзетілетінін, қауіпті нысандағы адамдардың өміріне ешқандай қауіптің жоқтығын айтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды