АРЫҚТАУ КЕРЕК, АРУЛАР!..

0 457

losing weight(2)

Күлкі күні қыздарын: «мен сені сүймеймін» деп те алдаған жігіттер болыпты. Мұндай қалжыңды арулар жағы әсте көтере
алмайды. Неге дейсіз ғой? Психологтардың айтуынша, көктемде әйелзаты күйзеліске ұшырағыш келеді. Тіпті, кейбіреулер көктем келгенде агрессияға беріліп кетсе, кейбіреулер тым мейірлене түседі.
Тылсым табиғат әркімге әрқилы әсер етеді. Бұл мезгілде еріксіз еске түсіп, ойға оралған сайын көңілге кірбің орнататын тағы бір мәселе бар. Ол – арықтау. Нәзік жандылар бір рет бұл ойды миына қондырып алса, одан арыла алмайды.
Өйткені, «Арықтау сезімі» деген – психологиялық ауру» дейді дәрігерлер.

Біздер жыл он екі ай арықтау процесінде жүреміз. Кім және қашан сұраса да «бүгін менде диета…», деп майысамыз. Иә, дәл осылай жылы жауап береміз.

Алайда, бір жерге қыдырып бара қалсақ, диетаны ертеңнен бастайтын бола қаламыз… Оған қолымызды бір сілтеп, құрбылармен қолтықтасып, «керуендетіп, серуендетіп» кете барамыз. Бұл тез құбылғыш әрі жұмбақ жаратылыс – қыздар қауымына ғана тән мінез.

«Ертең, ертең…» деп жүргенімізде гүл көктем де шырайлана төрімізге еніп алыпты. Қалың қыстың қармауынан босаған қаламыз да күннен күнге көріктеніп келеді. Көшеде де қол ұстасқан ғашықтар мен сәбиін жетектеген отбасылар көбейді. Осының бәрін көргенде артық салмақтан арылып, өмірден жаңаша серпін алуға ұмтылатындар көп.

Арықтай алмай жүргендер аз емес қой, алайда тола алмай жүргендер де бар. Мәселен, әлемдегі ең толық әйел Америкада өмір сүреді, салмағы – 500 келі. Қызығы, ол Гиннестің рокордтар кітабына ену үшін әдейі салмақ қосуда. Күнде тәтті тамақпен еркелететін Майра Розалестің жары аспаз болып шықты.

Қытайда бір әйел арықтаймын деп 7 жыл бойы жылан етімен ғана тамақтанған. Біз ондай дәрежеге жеткен жоқпыз, әрине. Бірақ түрлі арықтататын шайлар ішіп, интернеттегі «жасыл кофеге» тапсырыс беріп, дәрігердің нұсқауынсыз түрлі дәрілер ішіп жатамыз. Жақында бір құрбым аталмыш «жасыл кофеге» тапсырыс беріп еді, екі аптада Мәскеуден жетуге тиіс «супер арықтатқышымыздан» ләм-мим хабар жоқ. Арада екі апта тұрмақ, үш-төрт ай өтсе де арықтаудан үміті үзілмеген құрбымның тапсырысын әлі де сарғая күтетіні көрініп-ақ тұр…

P.S: Құрбымды осынша күттірткен «жасыл кофенің» астарында да бір кикілжіңнің бары анық. Тіпті, соның жарнамалық арбауына алданып қалған өнер жұлдыздары да өз шағымдарын жаудыруда. Бұның сыры журналистік зерттеуге сұранып тұрғандай-ақ…

Нұргүл Аханқызы  

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 2 =