АРТЫҚ СӨЙЛЕСЕ ДЕ, АЙЫППҰЛ ТӨЛЕЙДІ

0 119

ERA_1695

Жөн-жосықсыз салынған айып­пұл мен арендалық төлемнің қымбат­тауы елорданың орталық базарында сауда жасайтын жеке кәсіп­кер­лерді ашындырып отыр. Базар әкімшілігімен өзара ымыраға келе алмаған саудагерлер мұңын осында арнайы келіп, көшпелі қоғамдық қабылдау өткізген «Нұр Отан» партиясы­ Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары­ Сапар Ахметовке жеткізді.

Кәсіпкерлермен кездескен Сапар Қайратұлы Елбасының тапсырмасымен шағын және орта бизнесті дамытуға байланысты елімізде көптеген шаралар қолға алынып жатқанын, соның бір айғағы –2 сәуірден бастап, 2015 жылдың 1 қаң­тарына дейін шағын және орта бизнес субьектілерін тексеруге мораторий жария­лануы екендігін алға тартты.

– Президенттің бұл тапсырмасы – кәсібін жүргізіп отырған әр азаматқа үлкен көмек. Мұндай істен «Нұр Отан» партиясының елордалық филиалы да сырт қала алмады. Бұл – жұмысымыздың басы ғана. Алдағы уақытта алдын ала жасалған кесте бойынша қаладағы барлық сауда орындары мен базарларда жұмыс істейтін кәсіпкерлермен ұдайы кездесу өткізіп тұратын боламыз, –деді Сапар Ахметов.

Партияның қалалық филиалы жүргізген көшпелі қоғамдық қабылдау жиынына елорданың Ішкі істер департаменті, Прокуратура, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, Қаржы полициясы секілді мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Билік өкілдеріне мұңын шаққан жеке кәсіпкерлер орталық базардың арендалық құны аяқ астынан көтеріліп, әбігерге салып қойғанын айтты. Ол ол ма, саудагерлер электр шамын жаққанымыз үшін әрқайсымыз айына 10 мың теңгеге жуық ақша төлейміз деп қынжылып отыр. «Бұл базар алғашында адам аяғы тимеген иен дала болатын. Біз жоқтан бар жасап, әупірімдеп аяғымыздан тұрдық. Сол кезде сатып алған орнымызды базар әкімшілігі өзімізге қайтадан сатпақшы. Олар басымызға әбден шығып алды. Қылт етсе айыппұл салады. Қарсы сөз айтсаң, базардан қуып жібереміз деп қорқытады. Енді келіп аукцион дегенді шығарды. Оның бағасы удай. Біздің де қолымызға қарап отырған отбасымыз, бала-шағамыз бар. Артық жатқан ақшамыз жоқ» дейді кәсіпкерлер жыларман болып.

Жиында сөз сөйлеген Астана қалалық Қаржы полициясы департаменті Көлеңкелі экономика саласындағы қылмыстарды ашу басқармасының бастығы Бақытжан Байханов Орталық базар әкімшілігі кәсіпкерлерге айыппұл салуға ешқандай да құқығы жоқтығын, бұл тек тиісті мемлекеттік органдардың өкілеттілігіне жататынын жеткізді. «Сіздерден жинаған қомақты қаржы қайда кетіп жатыр? Ақша жинау қаншалықты заңды? Біз осы мәселелерді бүгіннен бастап егжей-тегжей тексеріп, тиісті шешімдер қабылдайтын боламыз» деді ол.

Сондай-ақ, кәсіпкер азаматтардың арыз-шағымын «Нұр Отанның» қалалық филиалы да ескерусіз қалдырмауға уәде берді. Сапар Қайратұлының айтуынша, кез келген бизнестің дамуына мемлекет мүдделі. Сондықтан, кәсіпкерлерді қолдап, олардың кәсібі алға басуына партия қолдан келген көмекті көрсетуге әзір.

 

Қымбат НҰРҒАЛИ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 1 =