©2020 Астана Ақшамы
Артық құжаттан арылдық
2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының «Идентификациялық нөмірлердің ұлттық тізілімі» заңымен СТН (РНН) мен ӘЖК-ның (СИК) орнына ұлттық идентификаторлар – ЖСН (ИИН) мен БСН (БИН), сонымен қатар КҰЖЖ (Кәсіпорындар мен ұйымдардың жалпы жіктеушісі) енгізілді.
Бұл туралы заң бұрын қабылданып қойғанымен, оны іске асыру 2010 жылдан бері кейінге қалдырылып келді. Бүгінде Салық комитеті, Қаржы министрлігі және өзге де мемлекеттік органдардың барлық ақпараттық жүйелері штаттық режимдегі жаңа үлгіде жұмыс істеп жатыр. Қандай да бір проблема – ЖСН немесе БСН-нің сәйкессіздігі туындаған жағдайда салық органдары шұғыл түрде азаматтарға туындаған мәселелерді шешуге көмектеседі. Негізінен, сәйкессіздік мәселесіне Ішкі істер министірлігі жауапты.
Құжаттарды ІІМ ҚР азаматтарына, ал Салық комитеті резидент емес тұлғаларға береді. Кейбір азаматтарымыздың жеке куәлігінде ондай номерлер бар көрінеді. Жеке куәлігінде ЖСН көрсетілмеген азаматтар ХҚКО-ға жүгіне алады, оған жеке куәлігін берген соң, ЖСН нөмірі бар анықтама беріледі.
Бүгінде бүкіл банктер бұдан хабардар. Қаржы Министрлігі Ұлттық банкпен және екінші деңгейлі банктермен тиісті жұмыс жүргізіп, оларға күн сайын ЖСН мен БСН базасы бойынша жаңартылған мәліметтерді жіберіп отыр. Жеке куәлік пен сәйкестендіру нөмірі сәйкес келмей жатса, банк жұмыс тәртібімен Салық комитетіне ақпарат береді. Содан кейін азамат ЖСН алу үшін тұрғылықты жері бойынша салық органына немесе ХҚКО жүгіне алады.
Ербол ЖАНАТ