Арқаның бұрқасынды бораны

0 41

Доңыз жылы мен тышқан жылының өліарасында Арқаны ақ боран буды. Үсті-үстіне жауған қармен қабаттасқан ақтүтек боран қағар тау, далада болар ықтасыны жоқ сары жазыққа орналасқан елорданы ақ қармен аптап, қасат қармен қымтап тастады. Желдің жылдамдығы 20-28 м/с-қа дейін жетіп, жолдар жабылды. Әуежайда авиарейстер кешігіп, кейбірі уақытша кідірді. Мектептердің төменгі сыныптарында сабақ тоқтатылды.

Ақырған аязымен, бұрқасын боранымен танымал Сарыарқа үшін табиғаттың мұндай құбылысы таңсық емес. Жазда жаныңды жадыратып, тәніңді рахаттандыратын Сарыарқаның самалы қыс болса құтырынып, долданып шыға келетін әдеті. Дей тұрғанмен биылғы қыстың беталысы басқаша. Атап айтқанда, көкшұнақ аяз болмағанымен, үсті-үстіне төпелеп жауған қар мен бет қаратпай соққан боз боран есті алып тұр. Мамандардың пікіріне сүйенсек, биыл астанамызға соңғы бес жылда жаумаған қар жауып, оған қатты боран қосылып, қаланың қар тазалау жұмыстарына да үлкен салмақ түсірген.«Қыс шілдесі» келеді

Біле білсек, халықтық жорамалға сәйкес, қа­зіргі күні өткен жылдың 22 желтоқсанынан басталған «Қыстоқсан» мезгілінің «Тоқырау» амалы жүріп жатыр. Оның ішінде қаңтардың 20-25 аралығында «Қара суық» аптасы болады.
Ал қара суықтың соңын ала «Қыс шілдесі» келеді. Бұл қаңтардағы соңғы амал екен. Бұл кезде сақылдаған аяз болады. Осы шақты «Сары аяз» деп атаған.
Қазақтың астрономия­лық танымында жел – ауа райының жалпы жағда­йына әсер ететін негізгі себептің бірі. Мәселен, қазақтың көне «тоғыс» есебі бойынша үркер суға түссе жаз жаңбырлы, ал құрғаққа түссе жаз бойы азынаған жел соғып, ­қуаңшылық болады. Күз бен көктемде соққан желдің жағдайына қарап қыс пен жаздың қандай болатынын мөлшерлеп, соған сай жазғы өндіріс пен қытымыр қыстың қамын жасайды.
Қазіргі ғылымда желдің жылдамдығын 12 балдық арнайы Бофорт шкаласымен анықтайды. Мұндағы 0 балл желсіз тымықты білдірсе, жылдамдығы 30 м/с-тан жоғары 12 балдық желді дауыл деп атайды.
АҚШ метеорологтарының айтуынша, соңғы 20 жылда желдің ең қатты соғуы 70 м/с болған. Ал әлемдік рекорд 1934 жылы тіркелген. Ол кезде желдің соғу жылдамдығы 103 м/с-қа тең болған екен. 1996 жылы Барроу аралында «Оливия» циклоны соққан кезде жоғарыдағы рекордтардың бәрін бұзып кеткен. Оның жылдамдығы 113 м/с-тан асқан.Жел туралы жете білесіз бе?

Тілі бай, атауларының астары шүңет халқымыз­да желге байланысты атау да аз емес. Кейбір зерттеушілер желге, қарлы боранға қатысты атау­лардың өзі 100-ден асады, тіпті неше жүзге жетуі мүмкін дейді. Ендеше біз де желге қатысты атаулардың біразын атап көрейік.
Тілімізде желге қатысты атаулар үлкен жақтан жел, боран, дауыл деп үшке бөлінгенімен, оның соғу жылдамдығы (қазақша айтқанда қаттылығы), соққан мезгілі және соққан орнына қарай ішінен тағы да көптеген түрлерге бөлінеді.
Дауыл – көбінде теңізде және теңіз жағалауларында соғатын, жылдамдығы 30 м/с-тан асатын аса жойқын боран.
Көк дауыл – аязды қарлы боран.
Боран –жылдамдығы 20 м/с-тан жоғары, өте қатты соғатын жел.
Арқаның ақ бораны – Сарыарқа даласында соғатын, ат құлағы көрінбейтін ақ түтек боран.
Алақаншық – бір бәсеңдеп, бір ұйытқып соғатын боран.
Ақтүтек – жауған қармен қабаттасып, ұйытқып соғатын боран.
Ноқай – көзді аштыр­май, құйын тәрізді үйі­ріліп, үдеп соғатын боран.
Бұрқасын – қармен қабаттасып, бет қаратпай долданып соққан боран.
Жаяу бұрқасын – бәсең соққан боран.
Ақборан – қарды ұшырып, жер әлемді ақ қармен тұмшалаған боран.
Ақжорға – жердің бе­тімен қарды ұшырып ­ұйыт­қып соққан жел.
Ебі – шығыстан соғатын жел. Ол қара ебі және ақ ебі болып бөлінеді. Қара ебі жазда, жер қарада, ақ ебі қыста қар ұшырып соғады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды