Арқаға алғаш келгенде…

0 108

Надежда ПЕТУХОВА, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты

Қазақтың бас қаласы – Астананың елорда болып қалыптасқан әр сәті көз алдымда өтті. Құдды, кеше ғана болғандай.

Бүгінде көпшіліктің көзі Астананы көріп сүйсінеді. Әлбетте, қала бір күнде қалыптасып асқақтап шыға келген жоқ. Себебі, бас шаһардың іргесі нағыз патриот азаматтардың төккен термен қаланды. Арқа төсіндегі Астананың алғашқы күнінен бастап бүгінгі күнге дейінгі тынысын өз басым бес саусақтай білемін. Ол кезде…

Арқаның топырағын ал­ғаш рет басу маған 16 жасымда бұйырды. 1969 жыл еді. Қала Целиноград аталатын. Мектеп қабырғасында оқитын мен демалыс ке­зінде қыдырып келген болатынмын. Украинада туып-өскен мен тың игерушілер орта­лығы атанған шаһармен қызыға таныстым. Арада екі жыл өткен соң мектеп бітіріп, мұнда қайта келдім. Бұл осы қала­ға біржолата келуім еді. Се­бебі, 1971 жылы Целиноград медициналық институтына оқуға түстім. Біз­бен бірге Украина, Грузия, Армения және Балтық жа­ғалауы елдерінен келген студенттер оқыды. Инсти­тутымыздың білім сапасы жоғары болатын.

Қаладағы Тың игеруші­лер сарайы сән-салтана­ты жағынан одақ бойынша алдыңғы саптан табылатын. Оқуды аяқтаған соң осында жұ­мысқа тұрып, алғаш­қы қадамым учаскелік дәрігер­ліктен басталды. Балалар дәрігері болғандықтан, қаланың қуыс-қуысына дейін жатқа білдім. Сөйтіп, еңбек жолымда бас дәрігер дәрежесіне дейін көтерілдім.

Ал, елорда ауысқан жыл өмірімде ұмытылмастай есім­де қалды. Ол кезде мен №1 қалалық балалар ауру­хана­сының бас дәрігері едім. Арқаның қысы көпшілікке таныс қой. 10 желтоқсан күні ұжым болып қақаған аязда теміржол вокзалын бет­ке алдық. Елордаға ке­лу­шілер көшін қарсы алу үшін барған едік. Алматыдан аттанған пойызды кү­тіп, қо­лымыздағы гүлімізді қойны­мыз­ға тығып тұрдық. Онда­ғы ойымыз – көшпен келген ел ағаларына ұсына­тын гүлімізді үсітіп алмау. Сөй­тіп, арқа-жарқа болып көш керуенді қарсы алғанбыз.

Естен кетпес тағы бір қуа­нышты оқиға Елбасын ұлық­тау сал­танаты болды. Оған дейін өзіміздің Пре­зидентті көзбен көрмеген­діктен бе, маған сол салта­натқа қатысу қатты әсер етті. Конгресс-холдың екін­ші қабатындағы балконда отырып қол шапалақтап тұр­ған сәтімді телеарналар­дан көрсеткенде бір қуан­ғанмын. Бүгінде сол бейнежазба бірқатар фильмдерде қолданып жүр.

Бұл қаланы кіндігім кесіл­месе де, менің туған жерім деп айта аламын. Себебі, өмі­рімнің негізгі бөлігі шаттық пен қуанышқа то­лы жыл­дарым қасиетті Қараөткел жерінде өтті. Қазақ­тың киелі жері ме­нің сүйікті жарыммен кез­дестіріп, ана бақыты мен әжелік махаббатты сезінуді нәсіп етті. Бүгінгі Астана, кешегі Ақмола мен сияқты көптеген адамның тағдырын өзгертті. Арқаға алғаш келгенде мен осылай болады деп ойламап едім…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four − 2 =