АРҚАДАШЫМ – АНКАРА

0 112

ҚАЙРАН КӨҢІЛДІҢ КӨКЖИЕГІН ҚАШЫРАР КӨРКЕМ СӘТТЕР – БАҚЫТ АТАУЛЫНЫҢ БІР БАЛАМАСЫ. АНКАРАДА АСТАНА МӘДЕНИ КҮНДЕРІНІҢ АТАЛЫП ӨТІЛУІ ӘЛГІНДЕГІ ЛӘМ- МИМІМІЗДІҢ МАНДЫМДЫ МӘЛІМЕТІ ІСПЕТТІ. ГАЗЕТІМІЗДІҢ АЛДЫҢҒЫ САНЫНДА «РИЯСЫЗ КӨҢІЛДЕР КӨПІРІ» ДЕП СӨЗ БАСТАҒАНБЫЗ. БҮГІН ТҮРІКТІҢ БАС ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚАРЕКЕТТЕРІМІЗДЕН ТАҒЫ БІРАЗ ШЫМ-ШЫМ ӘҢГІМЕ ТАРҚАЙДЫ.

Астананың Анкарадағы мәдени күндері аса сәтті ұйымдастырылды. Әсіресе, қабылдаушы тараптың меймандостығынан қазақтың қонақжайлығындай ілтипат айқын аңдалып тұрды. Сол төңіректегі қыз-жігіттердің сөзінен ұққанымыз: елордамыздың сыйластығын сезініп жүрген мэр Мелих Гокчек мырза Қазақ елі өкілдерін салтанаттап күте алмаса, өздеріне мін екенін мықтап ескергенге, ескерткенге ұқсайды. Қаланың негізгі көшелерін бойлай Қазақстан Туы ілініпті. Әлбетте, онымен қоса, өздерінің байрағы да менмұндалайды. Тегінде түріктер Мұстафа Ататүріктің суретімен қатар елдің туын тым қастер тұтады. Әр үйдің терезесінен «қызылға басылған ай-жұлдызды» айшықтап қою – үлкен мәртебе.

Бұл күндері біздің құлақтың түбінде «қардашлар», «арқадаш» сынды ұғымдар жиі қалықтады. Түрік бауырлардың ниетін сөзінен ғана емес, ісінен де сезіндік. Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевқа орнатқан ескерткіші Ататүрік даңғылы бойында, көрікті тұста қойылыпты. Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов бастаған өкілтоп осынау ниет туындысымен де танысты.

Талайғы тарихы бар Қажы Бай­рам мешітіндегі жұма намаздан кейін «Қазақы үй» атты музей – тұрақты диорамма ашылды.

Кешінде «Конгресиум» сарайында анкаралықтар астаналық қолөнер шеберлері мен суретшілерінің көрмесін серпіліспен тамашалады. Қазақы дәмнен ауыз тиіп, арқа-жарқа болып жатты. Еліміз өнерпаздарының концертіне зал толы көрермен жиылды. Азамат Жылтыркөзов орындаған Абай әні «Көзімнің қарасынан» басталған жап-жақсы кешті Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева тәмамдады. Астаналық филармония оркестрінің, «МузАрт», «Белес» топтарының, «Наз» би театрының, өзге де елге есімі белгілі өнер өкілдерінің концерті көрген жанды көңілсіз қайтармастай еді.

Астана күндері – қос шаһар үшін шын мәнінде тарихи шара. Оның басты айшығының біріне айналған әнші-бишілеріміз аянып қалмады. Сенбінің кешінде «Ген­члик паркіне» келген ел алдында Анкара аспанын тағы да қазақ әуені буып кетті. Еңбектемеген сәбиден еңкейген кәріге дейін би а лаңынан кездесті рді к . Көкпеңбек-қызыл жалаушалар да – арқадашлардың достығын нығайта түсуге талаптанғандай асығыс. Қонақтардың өнеріне қожайын жақ су-сәулелі шоумен жауап қатты. Айлапат субұрқақтар көкке шап­шып, түрлі-түсті жарықтармен қидаланған шақта тұтас көрініс қалыптасты.

Анкарада Астана мәдени күндерінің аясы айтарлықтай кең. Делегация мүшелерінің сұхбаты, көрермен пікірі, әртүрлі әсерлермен газетіміздің алдағы сандарының бірінен оқисыздар.

Ерболат ҚАМЕН, Сұлтан СЕЙІТ (фото)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 − five =