Арнасы тазарған Есіл есіп ағады

0 44

Осыдан 12 жыл бұрын Есілге алғаш кеме түсіргенде оның қоғамдық жағажай аумағы, қаланың солтүстік жағалау бөлігі тереңдетілген болатын. Енді, кейінгі жылдары кеме жүргізу бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты өзеннің төменгі сағалары тазаланып, тереңдетіліп жатыр.

2018 жылы Есілдің арнасын кеңейтіп, түбін тазалау жұмыстарын атқару үшін елордада «Павлодар өзен порты» АҚ-ның жергілікті филиалы құрылды. Компанияның бас инженері, Есіл арнасын тазарту жобасының жетекшісі Владислав Гаевскийдің айтуынша, кәсіпорын республиканың кез келген өңірлерінде осы тектес жұмыстарды атқаратындықтан, оның жергілікті жерлерде филиалдары көп. Мұнда жалпы саны 1 мыңнан аса адам еңбек етеді.
Филиалдың жер сорғыш снарядтары сәуірдің соңы мен мамыр айының басында Есілге кезек-кезегімен түсірілген. Қазір өзен арнасын 4 жер сорғыш снарядтар тазалап жатыр.
– Біз Есіл өзенін тек тереңдетіп қана қоймай, оның ішін балдырлардан, басқа да өскіндер мен түрлі қалдықтардан тазартамыз. Сондай-ақ, 11-учаскенің желке тұсынан қосымша өзен қолтығын жасадық. Өзен арнасының енін 100 метрге дейін кеңейттік. Алдағы бір аптаның ішінде бұл учаскедегі өзен тазарту жұмыстарын толықтай аяқтаған соң, жағалау­ды тегістеп, жарықтандыру бағандарын орнатып, жасыл желек отырғызып, жаңадан тротуар, брусчатка төсейміз. Одан кейін 4, 5-учаскелерге ауысамыз, – деді жоба жетекшісі Владислав Гаевский.
Жоба жетекшісінің 11-учаске деп отырғаны – Есілдің С.Сейфуллин көшесінің бас жағында орналасқан «Құдай гүлі» деп аталатын мешіт тұсындағы сағасы. Бұл тұс таяз, өзеннің орта жағының тереңдігі 1-1,5 метрден аспайды. Қазіргі жұмыстарының арқасында оның түбі 4-4,5 метрге дейін тереңдетіліп, су айдыны тазаланып жатыр.
Ал өзеннің мешіттен сәл төменірек, қаланың екі жағалауын қосып тұрған көпірден арғы ауданы 4-учаске деп, қалалық қоғамдық жағажай аумағы 5-учаске деп аталады. Осы екі учаскенің тазарту-тереңдету жұмыстары қара күзге дейін созылатын көрінеді.
Өзен түбінен шығарылған құм-тас және қалдықтар жағалауға үйіледі. Жұмысшылардың айтуынша, өзен түбінен күніне 2,5 мың тоннаға дейін жыныс шығарылады екен. Құмның бір бөлігі қала шаруашылығының қажеттері үшін жұмсалады, сондай-ақ компания оны өзен жағалауын тегістеу, дамбыны көтеру үшін пайдаланады.
Есілде жүрген жер сорғыш снарядтың корпусы мен бөлшектері елордаға Павлодардан жүк көліктерімен бөлшектеліп әкелініп, «Қазақсельмаш» АҚ зауытында құрастырылған. «Павлодар өзен порты» АҚ одан бір цехты жалға алыпты.
Жер сорғыш снаряд – өзен-көлдердің түбін тереңдетуге және су астынан құм өндіруге арналған техникалық флот кемесі. Ол топырақ сорғысы арқылы жынысты қойыртпақ ретінде өндіреді және сыртқа шығарады.
Әр жер сорғыш снарядты 3 адам басқарады. Аты жаман індет таралмай тұрғанда жұмыс тәулік бойы үзбей жүргізілетін, қазір адамдар тек таңғы 08.00-ден кешкі 20.00-ге дейін және қорғаныс шараларын сақтай отырып еңбектенетін болған. Дегенмен, карантиндік режим компания жұмысына одан басқа еш өзгерістер әкеле қойған жоқ. Персонал саны да бәз-баяғыша. Атқарылатын жұмыс та бұрынғыдай.
P.S. Өткен аптада Есілге су жіберіліп, өзен арнасы 1-1,5 метрге көтерілді. Бірақ келесі күні су қайтадан тартылып, бұрынғы қалпына түсті, әрі өзендегі балықтар жоғалып кетті. Сөйтсек, мол су «Құдай гүлі» мешітінен төменгі тұстағы тоғанды бұзып, ағып кеткен екен. Суды тоқтату үшін «Павлодар өзен порты» АҚ Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының жұмысшылары жедел үймежал бөгетін (дамба) жасады. Ал балықтың жоғалып кетуіне тоғанның жарылуының еш қатысы жоқ. Ол – біресе нөсер жауып, біресе күннің қатты ысып кетуі салдарынан болған жағдай. Ауа райының мұндай құбылмалы кездері балықтар ауырып­, судың түбінде жатып алады екен.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 4 =