Арнайы жол картасы әзірленеді

0 22

Сарыарқа ауданының әкімі Ерғали Егембердінің халық алдындағы қорытынды есебі М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында тыңдалды. Қала әкімі Алтай Көлгінов ашып берген кездесуде аудан басшысы бір жыл ішінде атқарылған жұмыстарға шолу жасап, қордаланған өзекті мәселелердің шешілу барысын түсіндіріп берді.Жиын барысында сөз алған қала әкімі кездесуге келіп отырған тұрғындарға алғысын білдіре келе «Бұл – жыл сайынғы өтетін іс-шара. Қазіргі уақытта Президентіміз ­Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықпен кері байланысты нығайту жайында және халық үніне құлақ асатын мемлекет жөнінде үлкен міндеттемелер жүктеді. Соны орындау барысында сіздердің атсалысуларыңыздың арқасында ауданның даму барысын айқындап келеміз. Осындай кездесуді жаңа жылдан бұрын өткіздік. Төрт ауданның ішінде ең көп сұрақ осы ауданнан болды. Оның біршамасы атқарылды. Қалған жұмыстар бақылауда тұр. Бүгінде сіздердің сұрақтарыңызды тыңдайтын боламыз» деді А.Көлгінов. Өз баяндамасында аудан әкімі Ерғали ­Егемберді ауданның инфрақұрылымдық және рухани жағынан даму үстінде келе жатқанын атап өтті. Былтыр 29 мыңнан аса қызмет көрсеткен «Front-office» өзінің тиімділігі мен қажеттілігін көрсеткен. Сарыарқа алғашқылардың бірі болып қатысу бюджеті және «Сити менеджер» жобаларын табысты жүзеге асырды. Енді ол бүкіл елімізде өріс алмақ.
Кездесу барысында аудан басшысы осыдан бір ай бұрын қала әкімінің аудан тұрғындарымен кездесуі барысында келіп түскен сауалдардың шешіміне тоқталды. «Жұртшылық тарапынан қойылған 212 сауалдың бүгінде 77-сі шешімін тауып, 114-іне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сол сияқты 30 сұрақтың шешілу жолын табу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған аздап уақыт қажет. Ал тротуарлар салу, абаттандыру, асфальттау жұмыстары назарда тұр» деді
Е.Егемберді. 2019 жылы ауданы 125 мың шаршы метр болатын немесе 2700 пәтер болатын 11 көппәтерлі тұрғын үй кешені салынды. Қазіргі таңда ауданда 25 тұрғын үй кешенінің құрылысы жалғасуда. Оның 11-і – үлескерлік құрылыс нысандары. Ағымдағы жылдың соңына дейін №60 және №40 мектептердің сыйымдылығы ұлғайтылмақ. Оқжетпес және Бөкеев көшесінің қиылысында салынып жатқан жаңа мектеп үш ауысым мәселелесін шешпек. Сонымен қатар биылғы жылы Т.Бигелдинов көшесіндегі 6 топтағы көру қабілеті нашарлаған балаларға арналған 990 орындық балабақша және 187 көшесіндегі 800 орындық құрылыс бейне бойынша кәсіби мектеп құрылысын аяқтау жоспарланған. Аудан әкімінің есебінен соң сұрақ-жауапқа кезек беріліп, халықтың талап-тілектері тыңдалды.
Көкейде жүрген сауалдарын жолдауға асыққан көпшіліктің ішінен бірінші болып сөз алған Кенесары көшесінде тұратын Дильназ есімді тұрғын жағалаудағы шуға қатысты мәселені қозғады. Оның айтуынша қатты шудың әсерінен үйде құлаққаппен жүреді екен. Тұрғын үйлердің маңында музыканттардың сағат 11-ден кейін тыныштық беруін сұрады. Ал Ы.Дүкенұлы, 21-үйдің тұрғындары өздері тұрып жатқан үйдің апатты жағдайда екенін айтып, тездетіп бір шешімін табуды сұрады. Сарыарқа ауданының әкімі Ерғали Егемберді бұл үйдің мәселесін шешу 2023-2027 жылдың үшінші кезеңіне жоспарланғанын мәлім етті.
Тұрғындардың базынасын тыңдаған қала әкімі Алтай ­Көлгінов бұл мәселенің міндетті түрде шешілетінін айтты. Сондай-ақ аудан әкімі есеп беру жиындарын қорытындылай келе, осыған дейін өткізілген 5 кездесуде тұрғындар тарапынан қанша сауал қойылғанын мәлім етті. Жиында 94 адам 240 мәселе қозғаған. Қойылған сауалдарды саралай келе тұрғындарды абаттандыру жұмысы (74 сұрақ), автобустардың қозғалысы мен аялдамалар (39 сұрақ), жолдарды жөндеу (32 сауал), қардан тазалау (22), ескі үйлерді бұзу мен тұрғын-үй шаруашылығы алаңдататыны байқалды. Сөз соңында Сарыарқа ауданының әкімі бүгінгі есеп беру жиынының қорытындысы бойынша арнайы жол картасы әзірленіп, соның негізінде орындалатын уақыты белгіленетінін мәлім етті. Айтуынша, жұртшылық тарапынан қойылған сұрақтың бәрі мүмкіндігінше биыл шешімін табады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды