Арнайы жиынға шақыру басталды

0 32

Мемлекет басшысының «Әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыру туралы» Жарлығы шыққаннан кейін Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев бұқаралық ақпарат құралдары арқылы осы науқанның бүге-шігесін жұртшылыққа түсіндіріп айтқан еді. Нұр-Сұлтан қаласы Қорғаныс істері департаментіне запастағы офицерлер, сержанттар мен сарбаздар ерікті түрде келе бастады.Қорғаныс министрінің мәлімдеуі бойынша:
– әскери міндеттілер жиындарға жергілікті қорғаныс істері жөніндегі басқармалары арқылы шақырылады. Шақыру кезінде олардың жасына, денсаулығына, отбасы жағдайына көңіл аударылады. Өз кезегінде ерік білдіргендерге басымдылық беріледі.
– өңірлердің әкімдері әскери міндеттілердің керекті санын арнайы жиындарға 3 ай мерзімге дейін, аумақтық бригаданың штатына қарай қажеттіліктері бойынша шақыра алады.
– әскери міндеттілер өз өңірлерінде, тұрғылықты мекенжайлары бойынша ғана шақырылатындықтан, күнделікті қызметтік іс-шаралары аяқталғаннан кейін олар үйлеріне бара алады.
Әскери жиындардан босатылатындар:
1) мемлекеттік органдарда қорғаныс, қауіпсіздік және тәртіп сақтау бойынша жұмыс істейтін адамдар;
2) мемлекеттік, азаматтық және эксперименталдық авиация саласында жұмыс істейтін тұлғалар;
3) егістік және егін жинау кезінде ауыл шаруашылығында, техникада жөндеу жұмыстарында жұмыс істейтін тұлғалар;
4) күндізгі оқу орындарында оқытушылық жұмыс істейтін тұлғалар оқу жылы науқанында;
5) күндізгі оқу орындарында оқитындар;
6) әскери міндетті әйелдер;
7) он сегізге толмаған үш немесе одан да көп балалары барлар;
8) тергеуде немесе сотты болып жатқан азаматтар;
9) Қазақстан Республикасының Парламенті, жергілікті өкілетті органдардың депутаттары болып сайланған азаматтар босатылады.
Әскери міндеттілер жиынға шақырылған уақытына Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңның талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшісі мәртебесіне ие болады және олар әлеуметтік саладағы барлық жеңілдіктерге ие болады, сонымен бірге тамақ, киім-кешекпен және медициналық бұ­йымдармен қамтамасыз етіледі.
Одан басқа, жиын уақытында әскери қызметшінің жұмыс орны мен лауазымы сақталады.
Мемлекет есебінен орташа айлық, ал жұмыссыздарға ең аз еңбекақы мөлшері төленеді.
Аумақтық қорғаныс бригадасы құрамына алдын ала таға­йындалған запастағы әскери міндеттілерден басқа ерікті түрде келіп жатқан азаматтар да бар. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары, запастағы сарбаз Айбек Тасыбай мен запастағы лейтенант Әсет Айткен азаматтық ұстанымды биік қоятын азаматтар ретінде: «Ел Президентінің «Әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы» Жарлығынан кейін елімізде болып жатқан жағдайда азаматтық көмегімізді көрсету үшін өз еркімізбен әскери жиындарға қатысуға өтініш білдіріп келіп отырмыз. Ел болып бірігіп, әсіресе, жастар жағы бір кісідей атсалысайық демекпіз» дейді.
Нұр-Сұлтан қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен аудандық басқармаларда аумақтық қорғаныс бригадасы құрамына запастағы әскери міндеттілерді: офицерлер, сержанттар мен сарбаздарды шақыру науқаны басталып кетті. Бұл ретте департамент тарапынан ұйымдастырушылық, ақпараттық-насихаттық жұмыстары жүйелі негізде жүргізілуде.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − nineteen =