Арнайы заң қабылдау қажет

0 22

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеуін жариялағаны мәлім.Президент тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. 1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленгенін еске салды. «Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгені есімізде. Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды. 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды» деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Тынышбаев, Міржақып Дулатұлы, Тұрар Рысқұлов, Мағжан Жұма­баев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров сияқты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, басқа да ұлт зиялылары бар.
«Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі тәуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз» деп тү­йіндеді Президент.
«Жаппай саяси қуғын-сүргiн құрбандарын ақтау туралы» заңда Қазақстанда орын алған сая­си қуғын-сүргін құрбандарының негізгі санаттары қамтылмаған және ақталмаған. Атап айтқанда, онда мемлекеттік қудалау мен қуғын-сүргін құрбандарының саны жөнінен ең көп және жазалану мерзімі жөнінен ұзақ (үш жүз жылға жуық) санаты – Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күресушілер туралы бірде-бір сөз айтылмаған. Бұл олқылықты жоғарыда айтылған уәждер мен негіздер бойынша «Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескендер туралы» заң қабылдау жолымен жою қажет.
ҚР Жоғарғы Кеңесінің аталған екі комиссиясының жұмыс нәтижелері мен тиімділігін бағалау қиын, өйткені олардың есептері жұртшылыққа белгілі емес. Ғалымдардың, тарихшылар мен сарапшылардың пікірінше, «Жаппай саяси қуғын-сүргiн құрбандарын ақтау туралы» заңның қабыл­дауына байланысты құрылған бұл комиссиялар өз бетінше ешқандай жұмыс жүргізбей, құқық қорғау, сот органдарынан ақпарат сұратумен ғана шектелген. Ғалымдардың айтуынша, дәл осы себеп бо­йынша Қазақстанда әлі күнге дейін 1917-1986 жылдар аралығында орын алған саяси қуғын-сүргін құрбандарының көптеген санаттары ақталмай отыр.
Мысалы, 2013 жылы прокуратура органдары қолданыстағы заңға сүйене отырып, ОГПУ-НКВД-ның ойдан шығарылған «шпион», «диверсант», «бандылық құралымның қатысушысы» деген айыптауларымен сотталған 5846 адамды ақтаудан бас тартқан. Ал олар – 1920-30 жылдары негізінен 58-сталиндік бап бойынша үкім шығарылып, жазаға кесілген қаһармандардың бір бөлігі ғана. Ажал құшқан қаһармандарымыздың басым көпшілігіне үкім шығарылмаған да. Оларды патшалық жазалау отрядтары, казактардың әскерилендірілген құралымдары, қызыл әскерлер, ОГПУ-НКВД-КГБ отрядтары ұлт-азаттық күресті басып-жаншу барысында ешқандай тергеусіз және сотсыз өлтірген. Оларды өз бостандығын, атажұртын қорғағаны үшін ғана сол жерде атып тастаған. Мыңдаған осындай патриоттарды Қазақстаннан қуып кетірді, діни сенімі үшін қудалады, кітаптарын жағып жіберді, олардың ғылыми еңбектері мен туындыларын «жау ниетте» деп таныды, олардың ізіне түсіп, қызметтен қуды, мемлекеттік (партиялық) органдарда жұмыс істеуіне тыйым салды.
Қорыта келе, осы айтылғандарды негізге ала отырып, Президенттің алғашқы Жолдауын іске асыру және Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындалу, сондай-ақ қазіргі Президенттің бағдарламалық сөздерінде мәлімделген әділдік қағидатын іске асыру шеңберінде мыналарды ұсынамын:
1. Қазақстанның азаттығы, тә­уелсіздігі және жерінің тұтастығы үшін күресіп, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған құрбандардың барлық санаттарын кешенді түрде зерттеу бойынша комиссия құрылсын. Оның құрамына «тойқұмар шен иелері» емес, осы тақырыпты зерттеп жүрген отандық және шетелдік білікті ғалымдар, өлкетанушылар мен мамандар енгізілсін, сондай-ақ оларға барлық қазақстандық және шетелдік архивтерді жан-жақты зерттеу мүмкіндігі берілсін.
2. Ел Президентінің архивтерді құпиясыздандыру және «жабық» тақырыптарды ашу мәселелері жөніндегі Жарлығымен арнаулы Мемлекеттік комиссия құрып, оның құрамына осы мәселелермен кәсіби түрде айналысып жүрген мамандар (тарихшылар, заңгерлер, саясаттанушылар, өлкетанушылар және басқалар) енгізілсін, бұл комиссияға кездескен проблемаларды шешу, оларды өркениетті жолмен және мемлекеттік тұрғыдан шешу жөнінде өзінің нақты ұсыныстарын енгізу өкілеттігі берілсін. Комиссия Қазақстанда қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың кейбір санаттары туралы құжаттардың болмау себептерін анықтап, арнау­лы қызметтердің саяси қуғын-сүргін жөніндегі құпия материалдарды елден әкетуі және жоюы жөніндегі ақпаратты тексеруі керек.
3. Мемлекеттік архив пен Президент архивінде «Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрес (күресушілер)» деген жеке қор ашылып (себебі оларды арнаулы қызметтердің архивінде қалдыруға болмайды), сол жерге аталған тақырып бойынша Қазақстанның барлық өңірлерінен, алыс және әсіресе, жақын шетелден төлнұсқа құжаттар (олардың көшірмелері) жиналсын және осында сақталсын. Бүгінде бұл материалдар әлемнің әртүрлі елдерінде, әртүрлі қорларда, архивтерде жатыр және біздің ғалымдарымыз бен зерттеу­шілерімізде оларды жинап, қорытуға мүмкіндік те, ресурс та жоқ.
4. Қазақстанның азаттығы, тә­уелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күрес тарихын зерттеу бойынша ұлттық ғылыми-зерттеу институты ашылсын. Бұл проблеманы жоңғар басқыншыларына қарсы Ұлы Отан соғысынан, бұрынғы режимдердің отаршыл және тоталитарлық саясаты салдарынан атажұртын тастап кетуге мәжбүр болған отандастарымыздың тағдырынан бастап қазақ жастарының Желтоқсан көтерілісіне (1986 жылғы) дейін кешенді және жүйелі түрде зерттеу үшін осындай ғылыми орталық қажет.

С.ҚАСЫМОВ,
«Қаhармандар» республикалық
қоғамдық қорының президенті,
Қазақстан
Республикасының еңбек
сіңірген қайраткері,
заң ғылымдарының ­кандидаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 + fourteen =