Арнайы комиссия құрылады

0 37

Газет оқырмандарынан сүйінші сұраймыз! Бүгінге дейін біздің басылым беттерінен көтерілген бірнеше мәселеге Президент назар аударып, қолдау көрсетуде. Соның бірі – жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сталиндік репрессия құрбандарын толық ақтау туралы Жарлығы жарияланып, қоғам талқысына ұсынылды. Қуанарлығы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісі бойынша арнайы мемлекеттік комиссия құрылады. Жарлықтың жобасы электронды үкімет порталында жарияланған.
Сәл шегініс жасасақ, «Astana aqshamy» газеті Алаш арыстарының арман-мұраты («Алаш арыстарының арманы», Т.Тілеубай, 13 желтоқсан, 2018 жыл) соғыс тұтқындарын ақтау («Соғыс тұтқындарын қашан ақтаймыз?», Т.Тілеубай, №53, 9 мамыр, 2019 жыл); жазықсыз жазаланған Алаш арыстарын ақтау («Арнайы заң қабылдау қажет», С.Қасымов, №64, 2 маусым, 2020 жыл) туралы қоғам, ел үшін аса өзекті мәселелерді көтерді. Енді, міне, сол мәселелер оң шешілетінін естіп, қуанып қалдық.
Мемлекеттік комиссияның ережесі мен құрамын бекіту, Жарлықтың орындалуын бақылау Президент Әкімшілігіне жүктелген. «Мемлекеттік комиссия Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган болады және өз қызметінде Қазақстан Конституциясы мен заңдарын басшылыққа алады» деп жазылыпты.
Мемлекеттік комиссияның жұмысына Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев басшылық етеді. Оның құрамына ғалымдар, мемлекеттік органдардың, ұлттық және мемлекеттік архивтердің басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіргізіледі делінген. Төрағаның шешімі бойынша Мемлекеттік комиссияға республикалық және жергілікті деңгейдегі сарапшылар, сондай-ақ өзге де тұлғалар енгізілуі мүмкін. Жарлық жобасы 5 қазанға дейін қоғам талқысына ұсынылып отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 5 =