АРНАЙЫ АЙМАҚТЫҢ АДЫМДАРЫ

0 94

Есілдің сол жағалауына ел қондырып, сән-сал­танаты келіскен жаңа әкімшілік-іскерлік орталықты көркейтуді басты нысанасына алған «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының аумағы бүгінде кеңейіп, елорданың экономикалық қауқарын арттыратын ілкімді жобалармен толыға түскен. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2001 жылы құрылған экономикалық аймақ бас ша­һар­ға қыруар инвестиция тартуды, қаланы салуға инновациялық жобаларды қолдануға ерекше көңіл бөліп отыр. 

Инвестиция игілігі

Есілдің сол жағалауы – Астананың негізгі бет-бейнесі. Елорданың бойтұмарына айналған басты ғимараттары, маңызды ны­санда­ры осы жаңа орталықта орын тепкен. Күні кеше ен дала болған өңір әп-сәтте әсем шаһарға айналды. «Астана – жаңа қала» арнайы эконо­микалық аймағы алғаш құрылғаннан бері елорданың сол қапталында 283 нысан пайдалануға берілген екен.

Бүгінгі таңда 49 жоба тіркеліп, жүзеге асырылу мүмкіндігі қарас­ты­рылып отыр. Соның ішінде тұрғын үй кешендері – 28, әкімшілік ғима­раттар – 6, әлеуметтік-мәдени ны­сандар – 10, өндіріс орындары – 5.

Астананың қарқынды өсуіне байланысты АЭА-тың да аумағы кеңейіп, 7 562,3 га (АЭА –ның алғашқы кездегі аумағы 1 000 га болған) жеткен.
Отандық және шетелдік инвес­торларды тарту арқылы елорданы дамытуды мақсат еткен арнайы экономикалық аймақ 2002-2012 жылдар аралығында 2 триллион теңге көлемінде инвестиция тартыпты. Соның 51 пайызы заемдық және меншіктік қаражат болса, 5 пайызы шетелдік инвесторларға тиесілі. Ал, 43 пайызы – бюджеттің үлесінде. Игерілгені – 57 пайыз.

Индустрияны өркендету тетігі

Астана болашақта әлемдегі ірі мегаполистердің қатарына қосылуға талпынып отыр. Ол үшін бас шаһар қай жағынан да озық, заманауи сұраныстарға лайықты болуы керек. Елорданы қалай көркейту керектігі, қандай жобаларды іске асыру қажеттігі «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық айма­ғы аясында ойластырылып, жүзеге асырылады. 2005 жылы құрылған Индустриалдық парк 2007 жылдан бастап АЭА-ның аумағына енгізілді. Ел экономикасын алға сүйрейтін серпінді жобалар осы өнеркәсіп аймағында іске асырылып жатыр. «Астана – жаңа қала» АЭА әкімшілендіру басқармасы берген мәліметі бойынша, қазіргі таңда осында 45 серпінді жоба қолға алынған. Соның ішінде 19 жобаның құрылысы жүр­гізілуде, 11-нің рұқсаттама құжаттары ресімделу үстінде, 7-еуі жобалану сатысында болса, 8 жоба пайдалануға беріліп үлгерген.

Индустриалдық парк аума­ғын­дағы өндіріс, өнеркәсіп ошақ­тарының әрқайсысы – заманауи технология негізінде құрылған маңызды жобалар. Айталық, 2009 жылы «GE» америкалық технология әдісімен Локомотив құрастыратын зауыт іске қосылып, 1 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтыды. Сондай-ақ, «АБК Мақсат» темірбетон өнімдерін шығару зауыты, жабын панельдерін шығаратын «Кровля НС» ЖШС, «Talgo» жолаушылар вагонын шығару зауыты, Электровоз құрастыру зауыты ел индустриясын алға сүйрейтін баламасы жоқ жобалар болды.

Астана қаласын азық-түлік­пен қамтамасыз ету үшін Индуст­риалдық паркте жақында тағы бір ірі жоба тұсауын кесті. Ол – бір мезгілде 8500 тонна өнім сақтай алатын азық-түлік пен көкөніс қоймасы. Қазірдің өзінде бұл алып қоймада 500 тонна картоп, 160 тонна сәбіз, 500 тонна сарымсақ, 16 тонна күнбағыс майы, 350 тонна қант, 4,5 тоннадан қарақұмық пен арпа жармасы сақтаулы тұр. Бұл елордадағы азық-түлік бағамын ырықтандыруға да үлкен сеп екені сөзсіз.

Бұдан бөлек, Астананың иннова­циялық секторын өркендету мақса­тында «Лед Систем Медия» ЖШС кәсіп­орны да жақында жұ­мы­сын бас­тады. Бұл мекеме жарық үнемдейтін «LED» жарықшамдарын өндіреді. Жоба­ның алғашқы кезеңі 410 млн теңгені құрап, 20 жұмыс орны ашыл­ған.

«Астана – жаңа қала» АЭА ма­­ман­­дарының мәліметінше, қатарға тағы 8 кәсіпорын қосылып, жұртшылыққа қызмет көрсете бастаған. Бұлар өткен жылы 50 миллиардтан астам теңгенің өнімін өндірген. Кәсіпорындар барлығы 1400 адамды жұмыспен қамтыпты.

Ал былтырғы жылдың соңында 7 кәсіпорында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған.

Жалпы Астанадағы Индустриал­дық парк аумағында пайдалануға берілуге 50 өндірістік жоба 2016 жылға дейін толық салынып бітеді. Қазіргі күні парк инфрақұры­лы­мының бірінші және екінші кезеңі толық аяқталған. Биыл үшінші, яғни, соңғы кезеңі іске қосылатын болады.

Инвесторларға қолайлы орта

«Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағына отандық және шетелдік инвесторларды тарту үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Айталық, бұл аумақта еркiн кедендiк режим қалыптасқан. Импортталатын тауарларға акциз салуды қоспағанда, кеден баждары мен салық салынбайды және тарифтік реттеу шаралары қолданылмайды. Құрылыс нысандары салынып жатқан жер телімдері жер са­лығынан босатылады. Ғимарат салық салу нысаны болып табылмайды. «Астана – жаңа қала» АЭА шегіндегі объектілер құрылысының өзіндік құны инвестор үшін әдеттегі салынып жатқан құрылыстан (жеңілдікті пайдаланбағанда) 14-20% төмен.

Міне, осындай жеңілдіктер арқылы инвесторларға үлкен мүмкіндіктер жасалып, АЭА аума­ғы серпінді жобалардың қайнаған ортасына айналдыру көзделіп отыр.

Әзірлеген
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen − 8 =