«АРМЫСЫҢ, АҚЖҮРЕКТЕРІМ!»

0 256

 

 

 

Кымбат1

Елордамызға «Айгөлек» досымыздың ақ анасы келіп қалған екен. Балалығымыздың бал дәмі сіңген журналымыздың редакторы, рухани жанашырымызбен жүздесіп, көкейімізде жұптаған сауалдарымызды қойдық

 

Қымбат ӘБІЛДАҚЫЗЫ,

«Айгөлек» балалар журналының бас редакторы
 
 

Қымбат Әбілдақызы десе, ел баласының тәрбиешісі, ұлт пен тілдің қамқоршысы деген теңеулер ойға оралады. Сіз өміріңіздің осы салаға арналатынын бала күні­ңізден білдіңіз бе? – Барлығы да тәрбиемен, жүрекпен, қанмен келген дүниелер. Тәрбиенің адам өміріндегі ықпалы қайтсе де өз жемісін береді екен. Біздің адам болып қалыптасуымыз – ең бірінші Алланың, екінші ата-анамыздың берген қасиеттерінен. Мен ес білгеннен Жаратушының бар екенін, оның жердегі пендесін үнемі көріп-біліп тұратынына әбден көз жеткізіп өстім. Өйткені, марқұм ата-әжем өте таза, тақуа, пендешіліктен жоғары жандар еді. Үнемі бата алатындай бала болуға қызықтырды. Үлкеннің жолын кеспеуге, аталап, әжелеп құр­мет­пен сәлемдесуге, қолғабыс жасауға үйрететін. «Алған батаңды қайта­лашы» деп, зерделі болуымды, сөзге зейін қойып, мән беруімді қатты қадағалайтын. Өздері хат танымайтын, бірақ намазын қаза қылмайтын, дұға, тілегінде елдің амандығын, жердің тыныштығын аузынан тастамайтын, иманы кәміл, өзі момын, кең пейіл, үлкен жүректі ата-әжемнің мені оқытуға деген ниеті алабөтен, жаңашыл еді. Оған дәлел ауылдың пошташысы Мақсұт ағайдың қолына бар зейнетақыларын ұстатып, екінші сыныпта оқитын маған Алматыдан шығатын барлық газет, журнал, кітаптарды алдын ала тапсырыспен алдырып беретін. Соның нәтижесінде мен сонау құм шағылдардың арасымен аптасына бір-ақ рет автобус қатынайтын, электр шамы жоқ, мәдениеттен шеткері, сегізжылдық мектебі ғана бар Өр­кен­деу деген қарапайым ауылдың жаңалық жаршысына айналып шыға келдім. Ауыл қариялары күнде кеш­кілік құлақтарын түріп, үш білте шамды жарқыратып қойып, маған жыр-дастандар оқытатын. Сүйсіне тыңдап, кейбір жерін қайталатса, мен одан сайын құлшына, құштарлана түсетінмін. Ақыры, оқып-тамсанумен шектелмей, төртінші сыныптан бас­тап мен де  өлең, мақалалар жазып, газет, журнал беттеріне ұсына бас­тадым. Ең алғаш республикалық басылымға «Өркендеу» деп аталатын өлеңім шықты. Сонда барлық ауыл, әсіресе, ұстаздарым, ата-әжелерім қатты қуанып, үлкен той жасап, шығармашылық жолдың қадірін ұқтырған. Кішкентайымнан ой-санамды дүниеге қызықтырмай, ұстазды сыйлауға, кітапты сүюге баулыған ата-әжеме өле-өлгенше ризамын. Балалығымның бал дәміндей бір белгі бар. Ол – поштадан жаңа келген су жаңа кітаптың мұрын жарар ғажап иісі еді. Қазір қаншама тех­нология дамып, қағаздың түр-түрі шы­ғып жатқанымен, ол иіске жететін құнарлы иіс көргем жоқ. Қадыр Мырзалиевтің «Күміс қоңырауы», Жақан Смақовтың «Жаңғырығы», Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожасы», Сафуан Шаймер­деновтың «Инеші», Сәбит Мұқа­новтың «Ботагөзі» көкірек көмбе­мізге жиналған алғашқы ой мен сөздің байлық бастауы екенін қалай ұмытайын?! Жазса, менің балалығым – қызықты бір кітап. Бір үйде жалғыз өскендіктен бе, мінезім тосын азат еді. Үйдің емес, сырттың, даланың жұмысына жақын болдым. Ата-әжем елге сөзі өтімді, сыйлы болған соң ба, өжет­тігім, қайсарлығым, еркекшоралау болғаным онша мін саналмайтын. Иә, малсақтығым бар, «Ана бурыл бүгін құлындайды, ала сиыр ертең бұзаулайды», – деп екіленем де отырам. Неше қойдың бір түнде қоз­дай­тынын желініне, көзіне қарап білетінмін, түн ортасында қораға фонармен барып, жаңа туылған төлді тік көтеріп үйге алып келетінмін. Соның бәрін көзбен көретін көрші-қолаң: «Құдай-ау, ертең қандай қыз, қандай адам болады? Неге үй шаруасына икемдеп тәрбиелемейсіздер?», – деп кәдімгідей ренжитін. Сонда ата-әжем: «Қыпан – ақылды тентек, оқып жатқан оқуы оны жаман қылмайды. Ертең біздің көзіміз кеткен соң, өзі-ақ еркелігін қойып кетеді», – дейтін. Қысқы соғымнан сыбаға апарғанда, қолғабыс жасап көмектескеннен ауылдың ақсақал аталары мен ақ кимешекті әжелері: «Ғұмырлы бол, елдің қызы бол, жағың түспей жамандық көрме, көсегең көгерсін, көрпең ұлғайсын! – деп жүректерінің лүпіл дірілімен, толқып тұрып беретін баталары күні бүгінге дейін сол баяғыша құлағымда тұр. Әсіресе, «мұғалім бол, айналайын!» дегенді естігенде, үйге қуана жүгіріп, есікті шалқайта ашып, сүйінші сұрайтынмын. Иә, сол баталар мені осылай ұлтпен, жас ұрпақ тәрбиесіне жақын қыл­ғандай. Менің ешкімге ұқса­майтын, ақ, адал «әулиелерім» жетін­ші сыныпты оқып жүргенімде, намаздарын оқып, өсиеттерін айтып, ел-жұртымен қоштасып, мені аманаттап, ақ өліммен мәңгілік өмірге аттанды. Қымбат апай, сөзіңізге ден қойсақ, қыздай бұлаңдап өспепсіз. Бірақ бойжеткен кезде тұрмысқа шығып, ана атанғанда қыз жолы жіңішке екенін ұғынған шығарсыз. – Әрине, ол өмір заңдылығы ғой. Дегенмен, еркекшоралау болып өскен қызға бұл баспалдақтарды бағындыру оңай болмады. Он алты жасымда мектепті үздік бітірісімен зиялылардың қалыптасқан ордасы – Алматыға, ҚазГУ-дің филология факультетіне оқуға бардым. Шет тілін оқымағандықтан балым кеміп, емтихандарды 5-ке тапсырсам да, соңғы конкурстан өте алмай, төрт жыл жолым болмады. Бірақ, сол алғашқы сәтсіздіктен бастап, бірден ауылға қайтатынмын. Мектепте әртүрлі жұмыстар ат­қардым. Ауыры да, ойыма келмей­тіні де кездесті. Көндім, төздім. Түбі бір менің көшемде де той болатынына сендім. Ол уақытта мектепте ер мұғалімдер көп болатын. Біз олардан сөзден гөрі, істің нәтижеге жету, ұялу, намыстану деген қасиеттерге құрметпен қарауды үйрене түстік. Бір есімнен кетпейтіні, ауыл адамдарының менің болашағыма менен кем алаң­дамайтын жанашырлықтары еді. Шексіз сенім білдіретін. Сол сенім тіптен жанымды қинайды. Күні бүгінге дейін сүрініп жүріп құламауға, күрсініп жүріп жыламауға бекітті ғой. Иә, арманым болған ҚазГУ-дің студенті болдым. Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкі­шев, Қадыр аға бас­таған кілең ұлт қаймақтарынан дәріс алдым, өмірлік азық жинадым. Уақыт сынағанымен, арман, мақсатым алдаған жоқ. Оқуға түсісімен, алдыма қатаң үш шарт қойдым. «Біріншіден, уақы­тыңды текке өткізбейсің, ватник жей­де, техас шалбар киген жігітті арман­дамайсың, екіншіден, қандай қуа­ныш, қызық болса да шампан, вино іш­пейсің, үшіншіден, сылтау айтып, сабақтан қалмайсың» деп, үстеліме бадырайтып жазып қойдым. Ол сөз­дер маған Аяз бидің тымағындай ақыл берді. Төртінші курстан бастап, сол кездегі жалғыз телеарна – «Қазақстанның» хабарларына қатыса жүріп: «Қойған сұрақтары жүректен-жүрекке же­тетін, ойы озық, батыл екен» деп, Сағат Әшімбаев бастаған басшы ағалар мені журналистік салаға ша­қырды. Екі-үш жыл әжептеуір тәжі­рибе жинақтай бастаған кезімде Жел­тоқсан көтерілісіне қатысып, жұмыстан шығып қалдым. Екі жыл бойы атым аталмай, ақы төленбей тегін репортаж, хабарлар жасай жүріп, Қазақ радиосына орналастым. Онда балаларға арналған сан алуан бағдарламалармен қатар, тікелей толқында әртүрлі тақырыпта хабар жүргізетін комментаторлық қызметтер атқардым. Өмір жолым тақтайдай тегіс болған жоқ. Абай дана ескерткен «…Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» дегеніне құдай­дай сендім. Қыздың жіңішке жо­лында басымды ұстап сансырап тұрып қалмадым. Өмірлік серігіме жолықтым. Барынша қазақтың ғұр­пымен келіндік, кейін әйелдік, ана­лық жолымды түзу жалғастыруға да ар-намысымды аз жұмсаған жоқ­пын. Менің достарым – аналар, әже­лер. Өзім де таңғалам, жан дүнием қария­ларға жақын. Менің бағыма аса текті, бекзат болмыс иесі Асқар Сүлейменовтың анасы Айтотым, шын есімі – Қымбат ана жиырма жеті жыл жанымыз түсініскен сырлас, қимас досым болды.  Зақия есімді алтындай ардақты көрші апам болды. Сол кісі: «Қымбат, құдай сенен бір шекті аяп қалған, әйтпесе қасиетің қай еркектен кем? Ішіндегі талабың сыртқа шықпаса, тұншығып, жүнжіп өлесің, сондықтан галстук тағып шіренгенге емес, қарапайым даланың азаматына тұрмысқа шық» деп елжірей кеңес беретін. Менің жар таңдауыма әжелер ақылы да зор ықпалын тигізді. Ал, Фариза апамды тойға шақыра барғанда: «Екеуіннің біреуіннің естерін дұрыс емес-ау, осы!» деп күлгені де үлкен сабақ! Екі бөлек отбасыда тәрбиеленген, екі түрлі ортада өсіп-жеткен қыз бен жігіт үшін бір шаңырақтың астында ыдыс-аяқты сылдырлатпай, сүттей ұйыған отауға айналу, әрине, оңай шаруа емес. Мен қыздарға, жаным ашығаннан қаттырақ айтқым келеді: «Төркініңе сөз келтіргің келмесе, ата-анаңның бет-жүзін төмен қаратқың келмесе, балаң жетім, өзің жесір болғың келмесе, сен тұрмысқа шыққан, төмен етекті әйел заты екеніңді әсте естен шығарма. Тұрмыс деген атында тұрғандай, сен аттаған босаға – сен келген шаңы­рақ­тың тұрмысын жақсарту деген сөз. Сен соған бейімдел. Кекшіл болма. Жассың ғой, үйрен! Әйелдің қырық жаны бар, ол рас. Отыз тоғыз жаның өліп жатқанда, бір жаның тіріліп жан-жағыңа жарық шашады. Соны ұмытпа. Ертең-ақ еңбегіңмен ел сүй­ген, отбасың қадірлеген бәйбішеге айналасың», – дегім келеді. Ал, сол жеңіске жете алмай, жолда қалып, адасып жүрген қаншама қыз ғұмыр бар?! Естеріңде болсын, айналайындар, бет пен бет, ет пен ет тиген соң, бір адамға айналасыңдар. Бір жастыққа бастарын тиіп, бір көрпенің астында жылынған соң, сол көрпені біреуін тартып әкетпеңдер. Көсегең көгерсін, көрпең ұлғайсын деген батаның құдіретін біліңдер. Отбасының беріктігі – шыны секілді. Егер шыны бір шытынай қалса, ақыры сынбай қоймайды. Көңіл де сондай, бір қатты қалса, қайта бірігуі – қиын­ның қиыны… Өзегіңізді жарып шыққан шам-шырағыңыз Мерейден басқа, өзіңіз ел баласы деп атаған  ұлқыздарыңыз қанаттанып қатарға қосылуда. «Айгөлек» досымыздың бүгінгі халі қалай? – Дұрыс айтасың, қалқам, Мерейге не үйретіп, қалай тәрбиелегім келді, «Айгөлекті» оқитын балаларды да тура солай тәрбиелеудемін. Тоқыраудан енді арыла бастаған 2000 жылдары елеусіз қалған ел ба­ласына аса қажет, көркем суретті, жа­ңа дизайнды балалар журналының тұжырымдамасын жасадым. Шүкір, адал жұмысымыз ащылы-тұщылы жемісін беріп жатыр. Он төрт жасқа жеткен «Ай­гөлегіміздің» жаңа достары күн санап көбеюде. Бүгінде «Айгөлек» барлық форматы жаңа талаптарға сай келгендіктен, Қазақ­станнан асып, «Росспечаттың» ка­талогіне еніп, Ресей аймағына та- ра­латын жалғыз балалар журналына айналды. Өз күшімен, балғын бүл­дір­шіндердің таңдап, сүйіп жазылуы-мен таралымы елу мыңға жетті. Ол – шығармашылық ұжым, балалардың бәсекеге қабілетін арттыру, бұл дең­гейге жету тіпті де осал еңбек емес. Ел баласын өз баласындай сүйетін Қымбат деген қазақтың жанкешті, қияли қызы таңдайын кептіріп, табанынан таусылып, мүмкіндігінше, әрбір мектептің әрбір сыныбына жеке-жеке кіріп, оқушылармен бетпе-бет кездесіп, ойын оятып, «Айгөлекке» қаратып жүрген жайы бар. Данагөй қазақ: «Байлық – қолға ұстаған мұз, ериді де кетеді, бақыт – ұзатылған қыз, жөніне ол да кетеді, бала – артында қалар із, атыңды мәңгі етеді» деген. Сол мұрагер ұрпағымызға, артымызда қалар ізімізге, бала-патшаларға деген қамқорлықты қайта жандандырса, дала философиясы тәжірибеге енсе деген арман бар. Оны отыз жылдан аса бүкіл саналы ғұмырын ел баласының тәртіп-тәрбиесіне арнап келе жатқан мен сияқты құлақкесті құл маман айтпағанда кім айтады?! Тиісті салалардан, үлкен бет-беделі бар бір де бір адам «осындай жур­нал шығарып отырсың, халің қа­лай?» деп сұрап көрмейтініне таң­ғала көріңіз. Біздің: «Анам сенсің, туған жер!», «Абай және мен», «Намысымсың, туған тіл!», «Ойландырар он бес сұрақ», «Табылған тапсырма» атты  ойландырарлық, ой саларлық балалардың шығармашылық бәйге-байқаулары арқылы қанша мөлдір бұлақтардың көзі ашылып, арман қанаттары биікке самғауды үйренуде. Бұл Отанымыз, еліміз үшін аз олжа емес деп білемін. Ал, танымдық мақалаларымыздың, кәсі­би суретшілердің суреттерінің бала дүниетанымын тәрбиелеуге ықпалы тіпті зор. Сол журнал тапсырысымен сурет салатын кәсіби суретшілерге қаламақыны да өзімнің аз жалақымнан бөліп беретінімді кімге айтсам екен? Өз баламызды кейін ана тілінде дұ­рыстап, жүйелі оқытпаған қазақтан жаны ашитын адам шығады дегенге мен сенбеймін. Біз, үлкендер қазақ баласын қазақша намыспен тәрбиелеп өсіруге міндеттіміз. Қазақы рухқа толы, әсерлі сұхбатыңызға алғыс білдіреміз.

 

Нұргүл АХАНҚЫЗЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 + 10 =