«Армысың» алыста қалмасын

0 201

Бүкіл әлемдік жағдайға әсер еткен індет адамзаттың тұрмыс әдеттеріне де өзгеріс әкелді. Күнделікті тіршілігімізден тартып, қоғамдық өмірімізге дейін ықпалы болған осы өзгерістің бірі халқымыздың амандасу дәстүрінен де төбе көрсетті. Атап айтқанда, ерлер қол беріп, әйелдер жағы бетке бет тигізіп амандасу қол алыспақ түгіл 4 метр жерден жұғатын індет таралғалы сап тыйылды. Жақындассаң жұлып әкететін қатерлі дерттің жаппай таралуынан сақтану үшін тек біз ғана емес, әлем елдері де қол алысып амандасуды қойып, алыстан есендік сұрауға көшті. Шынтақ тиістіру немесе аяқтың басын тигізіп амандасу сынды жаңаша амандасу әдістері де жарыққа шықты.Әр елдің, әр ұлттың өз дәстүріне сай амандасу салты бар. Сол сияқты қазақ ұлтының да өзіне тән амандасу әдебі болғанымен, уақыттың озуына, дәуірдің алмасуына байланысты ол көп өзгеріс­терге ұшырады. Ендеше біз дұрыс амандасып жүрміз бе? Кезіккен жанның бәрімен қол алысып немесе бетінен сүйіп амандасу қазақтың өз дәстүрі ме? Бұрын қазақ қалай амандасқан?
«Өзек қуа ағады,
Өзен судың сағасы.
Алыстан сәлем береді,
Әдепті елдің баласы» деп Бұқар жырау айтқандай, қазақ салты бойынша, кездескен адамдарға сәлем беру, амандасу адамдықтың, әдептіліктің өлшемі саналады. Қазақ жосынында жасы кішілер жасы үлкендерге алдымен сәлем беріп, ізет көрсетсе, үлкендер жағы қайра есендік сұрап, ризашылық білдіреді. Алыстан жолаушы келсе, алдымен ауыл ақсақалдарымен амандасып, сәлем береді. Кейде алыстан келген жолаушыға ақсақалдардың өзі амандасып келетін дәстүр де бар. Бұған «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы ақсақал сәлем береді» деген қанатты сөзіміз айғақ. Араздасып қалған ағайынды жақындататын да – осы сәлем. Дүрдараз болып, әлденеге бұртиысып қалған екі жақтың бірі сәлем берсе, екінші жақ сәлем алуға міндетті. Егер алмаса, қазақ оны «сәлемге тілі келмеді» деп айыпты санап, «сәлемнен үлкен емессің» деп қатаң ескерту жасап отырған.
Амандасу салтымыздың тәртібіне сай, ер мен әйелдің сәлемдесуінде де айқын айырмашылық бар. Қазіргі қалыптасқан әдет бойынша, ерлер бір-біріне «Ассалаумағалейкүм» (арабша, алланың Нұры жаусын) деп сәлем берсе, әйелдерден «Амансыз ба, амансыздар ма?» деп есендік сұрайды. Оған сәлем алған адам «Уағалайкүмассалам» (жауса саған да жаусын), «Аманшылық, шүкір, өзіңіз де амансыз ба?» деп жауап қайтарып, соңын «хал-жағдайларыңыз жақсы ма? Үй-ішіңіз, бала-шағаңыз аман ба, аман жүрсіздер ме, мал-жандардың аман ба, ауыл аймақ, бота-тайлақ түгел аман ба…» деп «сұрақ-жауап» үлгісіндегі есендікпен жалғайды. Ибалы қазақ әйелдері үлкендерге, шаңыраққа иіліп сәлем салса, оған үлкендер жағы «көп жаса айналайын, жасың ұзақ болсын», «өркенің өссін қарағым, ұл тап», «Тәңір жалғасын» деп ықыласын береді. Кейде көп уақыт кездеспеген адамдар өзара қауқылдасып, құшақтасып та амандасады. Кей өңірлердегі қазақ әйелдерінің арасында алыстан келген, көп уақыт кездеспеген таныс-біліс, туыс-туғандарға дауыс айтып, көрісіп амандасатын да дәстүр бар. Мұны қазақ «жылап көрісті» деп те айтады.
Ислам дінінде «аттылы жаяу­ға, жаяу отырғанға, азшылық көпшілікке сәлем береді» деген қағида бар. Алайда ұлтымызда бұл қағидадан гөрі жасқа қарай сәлем беру үрдісі басым. Бұрын «ассалау­мағалейкүм» деп сәлем бергенде оң қолымен кеудесін басып, басын сәл еңкейтсе, сәлем алушы да оң қолымен кеудесін басып ілтипат көрсететін. Ал қазір бұл жосын аздап өзгеріп, «ассалаудан» кейін қол беріп амандасатын әдет етек алып барады. Тіпті, кіші үлкенге сәлем беретін жосынымыз да өзгеріске ұшырап, үлкен-кіші демей, «қалыңыз қалай?» деп қолымызды ала жүгіретін әдет қалыптасты. Ерні жыбырламай, өлген балық ұстатқандай қолын ұстата салып, қарап тұратын амандасу «Әдісіне» де етіміз үйреніп келеді. Араб жосыны бойынша әйелдерге де «ассалаумағалейкүм» деп сәлем беретін немесе әйелдер ерлерге «ассалаумағалейкүм» деп амандасатын әсіре діншілдік те соңғы кездері төбе көрсетті. «Сәлеметсіз бе» десе, «сәлеметсіз бе» деп өз сөзіңді өзіңе қайталайтын, «сәлем» деп амандасып, «сәлем» деп есендік сұрайтын сәлем түрлері бар. «Қалайсың?», «халыңыз қалай?», «хал қалай?» деп амандасу да ел ішінде жаппай етек алып барады. Әйелдер арасындағы бетіне бетін тигізіп немесе бірінің бетінен бірі сүйіп амандасатын басқа ұлттың салты бұрын көзімізге оғаштау көрінсе, қазір оған да көзіміз үйренді. Тіпті ерлердің әйелдері құшақтап бетінен иіскеп немесе сүйіп амандасатын қисынсыз жосынына да жол ашылып барады. «Hi», «Привет» деп шапалақты ұрып, бірінің бетінен бірі сүйіп амандасатын жас ұрпақ та жетіліп келеді. Бетінен сүймек түгілі, қайын­ағасының бетіне тіке қарамайтын қазақтың келіндері қайын ене, қайын ата, қайын аға, абысындармен құшақтасып, екі беттен кезек сүйгізіп амандаса беретін болды. Ақсақалды аталарымыз бен ақ шылауышты апаларымыз өзіне сәлем берген жас балаларды маңдайынан сүйіп еркелеткені болмаса, халқымыз­да бұрын бетінен сүйіп амандасу дәстүрі болмаған. Ерлер мен әйелдер де қол алысып амандаспаған.
Ендеше, қазақ қалай амандасқан? Деректерге жүгінсек, қол алысып немесе бетке-бет тигізіп, сүйісіп амандасудың тазалық тұрғысынан да дұрыс болмайтынын, түрлі жұқпалы аурулардың таралуына мұрындық болуы мүмкін екенін ерте ескерген халқымыз бұрын «армысыз, армысың» деп ғана амандасып келіпті. Ал оған «бармысыз», «бармысың», «бар бол, айналайын» деп жауап қайтарған дегдар қазақтың бұл сәлемдесу дәстүрінде үлкен мағына жатыр. Бұл арадағы ар сөзінің тілімізде ар-ұят деген мағына беретінін ескерсек, байырғы қазақтардың «армысыз», «армысың» деп амандасуының арғы жағында «арың таза ма, ешкімнің ала жібін аттаған жоқсың ба?» деген сұрақ тұр. Оған «бармысыз», «бармысың» деп, «өзіңнің де арың таза ма?» деп сұрақпен жауап қайтарып, әр адамды өзін дұрыс ұстауға, таза жүруге шақырып отырған. Халқымыздың бұлай амандасу дәстүрі туыстас қарақалпақтарда сақталып қалған көрінеді. Алайда олар бұл сөздің түбірін «арыма» (шаршамау) мағынасында түсінеді екен.
Халқымыздың «арма, армысыз» деп амандасатын дәстүрі болғанын «Қобыланды батыр» дастанындағы мына жыр жолдары да айғақтайды:
«Қол соңында барады,
Қара бұқан жаурыншы.
Бұқанға келді «Арма! » деп,
«Алдыңда кісі бар ма» деп.
Мұнан сырт, хан немесе ірі сұлтандарға қараша халық екі қолын кеудесіне қойып, иіліп амандық сұрасқан. Егер хан «бар бол, айналайын» деп сәлем берушінің оң иығына қолын қойса, ол үлкен құрметтің белгісі саналған. Бұл жөнінде 1756 жылы кіші жүздің ханы Әбілхайырдың ордасына елші болып барған Джон Кестл былай деп естелік қалдыр­ған: «Үш сағаттық кездесуде хан менің иығыма қолын қойды. Кейін білуімше, бұл адамды сыйлаудың ең үлкен көрінісі екен». Ал қарапайым халық хан, сұлтандарға жол-жөнекей кезіксе, оң қолын кеудесіне қойып, дауыстап сәлемдескен. Бұл арадағы оң қолын кеудесіне қоюды көп адам мұсылман халықтарына тән амандасу деп түсінеді. Алайда бұл сонау көк түрік дәуірінен жалғасып келе жатқан әдет екенін алға тартқан ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы қазақстандықтардың ту шығарғанда кеудесіне оң қолын қойып тұратын әдеті сол көктүрік дәуіріндегі дәстүріміздің жаңғыруы деп есептейді. Демек, індеттің кесірінен қол алысып амандаспай қалдық деп кеюдің керегі жоқ. Керісінше, «армысыз» деп қолымызбен кеудемізді бассақ та жеткілікті секілді. Ал әйелдер ­жағы да кезіккен жерден «аймаласып» кететін әдеттен арылып, «Амансыз ба, аман-есенсіз бе?» деп амандасқаны оң деп ойлаймыз. «Хал қалай?», «халыңыз қалай?» деген сөздерді біз қазір аман­дасуға қолданып жүргенімізбен, түбін қуғанда, бұл сөздің ауы­рып жатқан адамның көңілін ­сұрау­ға қаратылып айтылатынын ес­керсек екен. Өйткені тіліміздегі «хәлі нашар», «хәл үстінде жатыр» деген тіркестер текке айтылған жоқ қой.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three + 16 =