Арманы асқақ аспанкөз қыздың

0 149

Бүгінде қазақ тілінің қадырын ұғынып, қажеттілігін түсіне бастаған өзге ұлт өкілдері аз емес. Редакциямызға арнайы­ келіп ой бөліскен Людмила­ Задорожная­ – солардың бірі.

Людмила – Қостанайдың қызы. Ұлты – орыс. Өзінің айтуынша, қарапайым отбасында дүниеге келген. Анасы – дәрігер, әжесі – мектеп директоры. Бала кезінен «әлемді шарласам» деп армандаған ол өсе келе жер көріп, ел тану үшін әр ұлттың тілін білуі керек екенін түсінеді. Түсінеді де, мектеп қабырғасын түлеп ұшар шақта аудармашы мамандығын таңдап, Астанаға келеді. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне құжаттарын тапсырады. Ақыры, аспан көз, ақсары қыз аспандай асқақ арманына жетіп, филология факультетіндегі «аудармашы» мамандығына даярлайтын топтың студенті атанады.

Қазақ жігітіне тұрмысқа шығар едім…

Әңгіме барысында Людмиланы сынап: «Қазақтарда «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейтін мақал бар. Сен осыған келісесің бе?» деген екіұштылау сұрақ қойдық. Ол көп ойланбады. «Иә, келісем, сондықтан да мен Ресейде оқуға берілген мүмкіндіктен бас тартып, осында қалдым. Себебі, Қазақстан – менің өз елім!» деп жауап берді. Сәлден соң сұрақтың тонын аударып: «Қазақ жігітіне тұрмысқа шығар ма едің?» дегенімізде: «Әрине, (күліп) шығар едім. Менің ең жақын құрбым да қазақ қызы, жақын араласатын досым да Бауыржан есімді қазақ жігіті. Біз бір-бірлерімізді жақсы түсінеміз» дейді.

– Ресей жастарының тыныс-тіршілігінен, мәдениетінен, өмір-салтынан хабардармын деп отырсың ғой. Қазақсан жастары олардан нені үйренуі керек? Олардың бізден қандай артықшылығы бар деп ойлайсың?
– Оларда бар қасиеттер біздерде де жеткілікті сияқты. Тіпті, кей тұстарымызды артық санауыма да болады. Біздің жастар өмірге құштар әрі тату. Алға қойған нақты мақсаттары бар. Керісінше, олар қазақстандық жастардан осыны үйренуі керек секілді. Мысалы, әлі күнге дейін мені бірде-бір қазақ кеудемнен итеріп, «сен орыссың!» деп көрген жоқ. Бұл қазақ халқының табиғи мінезінің дархандығын айғақтайды.

– Қазақстанда барлық құжат қазақша жүргізіліп, бүкіл жұмыс беруші қазақ тілін білуді талап етіп, бір-ақ күнде бәрі қазақшаға ауысып кетсе, қазақ тілін білмейтін адамдар бұл өзгерісті қалай қабылдар еді? Мысалға өз ата-анаңды алып қарасақ, олар қарсылық білдірер ме еді?
– Жоқ. Менің ата-анам бұны түсіністікпен қабылдар еді. Олардың қазақша бірауыз білмейтіні рас, дегенмен, бүгінгі таңда қазақстандық орыстардың кез келгені құжат ісі қазақшалау мәселесіне түсіністікпен қарайды деп ойлаймын. Өз басым сіңлімді қазақшаға баулып, әр хабарласқан сайын оны қазақ тілін үйренуге шақырумен келемін. Әпкем де қазақ тілі курсына барып жүр. Таныстарымның ішінде де тіл үйренушілер аз емес. Яғни, бұл – қоғам санасының өзгере бастағандығының белгісі. Сондықтан, сіз айтқандай, бетбұрыс бола қалса, жаппай қарсылық туатын кез өтіп кетті деп санаймын. Себебі, Қазақстанды мекен етіп келе жатқан көптеген ұлттар бүгінгі таңда бұл елді өз Отаны санайды. Иә, Қазақстан – біздің Отанымыз және мен өзімді елімнің патриоты санаймын!

Ербол ЖАНАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six + 3 =