Арманы асқақ актер

0 43

Осыдан екі жыл бұрын «Қазақстан» ұлттық арнасынан ұлттық бояуға бай, қазақы иба мен дәстүр сақталған «Отыңды өшірме» деген телехикая көрсетілді. Көрермендер оны өте жылы қабылдады. Телехикаяда өмірде жиі кездесетін, өзіміз де көріп жүрген оқиға бейнеленген. Бірақ фильмнің түпкі мәні адамға ой салады. Өмірде біреуге жасаған қиянаттың қайтарымы бар екендігін түсінесіз. Осы туындыдағы басты рөлдің бірі – Азатты елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының жас актері Ерғұлан Жанпейісов ойнады. Иі жұмсақ, момындау, өз пайымы аз ұлдың бейнесі көрермендерге жылы әсер қалдырды. Шын мәнінде, осы рөл оның актерлік талантын жұртшылыққа жақсы танытты.

Ол Қарағанды облысы Балқаш қаласында өмірге келген. Кішкентай күнінен өнерге жақын болып өседі, домбыра тартып, өлең жазады. Облыстық, қалалық Абай, Мұқағали, Оралхан Бөкей оқуларына қатысып, жүлдегер атанады. Бала деген арманшыл ғой, бірде ғарышкер, инженер болсам деп талпынады. Біздің кейіпкеріміз актер емес, сот болсам деп армандапты. Мектеп бітіргеннен кейін ата-анасы «программист бол» деп, соның оқуын оқытады. Оны қызыл дипломмен бітіргеннен кейін, туған шаһарында «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы, қала әкімдігінде маман секілді қызметтер атқарып, түрлі мәдени іс-шаралардың басы-қасында жүреді. Тіпті бірде қаланың өнерлі жастары бірігіп, көпшілікке спектакль қояды. Сондай бір қойылым үстіне келіп қалған Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының оқытушылары солардың ортасында ерекше көзге түскен Ерғұланға: «Сен біздің академияға келіп, актерлік оқуға түс, ол сенің қолыңнан келеді» деп ұсыныс айтады. Бұл оған ой салады әрі таныстары да: «Жақсы мүмкіндік, барып, бағыңды сынап көр» деп жігерін қайрайды. Сөйтіп, ол Алатаудың етегіндегі әсем қаланы емес, Арқа төсінде арудай жайнап, құлпырып, өсіп келе жатқан астанаға баруды ұйғарды. Сол шешіммен елордадағы қазіргі Қазақ ұлттық өнер университетінің театр факультетіне оқуға түсіп, тамаша актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақыш Омардың курсына қабылданды.
Талантты жас студент кезінен танылып, бірқатар қысқаметражды фильмдерге түсіп, киноның қыр-сырын меңгеріп қалады. Бірақ жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін елордалық Каллеки театрына жұмысқа қабылданып, алғашында қатардағы құрамда, шағын эпизодтарда ойнап жүреді.
Театр сахнасы – киелі дүние. Өйткені онда көрерменге актердің шеберлігі, шынайылығы анық көрінеді. Сахнада артық қимыл, лепірме сөз сөйлеуге де болмайды. Ерғұланның алғашқы рөлі ағылшын драматургі Рэй Кунидің «Туған күн» комедиясындағы Дэвенпорт бейнесі болды. Бұл өзі комедия болғанмен, астары қалың, қатпарлы шығарма. Мұнда ақша атты құдіреттің адам баласының мінез-құлқын әп-сәтте өзгертіп жіберетін пиғылын ашып көрсеткен. Дэвенпорт ақша табу үшін неше түрлі айлаға барып, елді алдап жүреді. Былай айтқанда, аферист. Осы кейіпкерді Ерғұлан өз қиялымен байыта түсіп, көрерменге әсерлі жеткізді. Одан кейін италия драматургі Фурио Бордонның «Қардағы көгершіннің ізі» моноспектаклінде кейіпкердің баласын ойнайды. Бұл қойылым көрнекті актер Тілектес Мейрамовтың жетпіс жылдық мерейтойына орай сахналанды. Басты рөлдегі жалғыздықтан жапа шеккен қартты Тілектес ағаның өзі сомдады. Осы қойылым Ерғұланды жаңа бір қырынан танытты. Тәжірибесі мол актермен сахнада қатар ойнап, үлкен тәлім алды. Бұдан соң жоғарыда айтып өткен италиялық драматургтің белгілі режиссер Әлімбек Оразбеков сахналаған «Байланыс аясы… 16+» қойылымындағы сабырлы, байсалды кейіпкер – Рокконы ойнады. Бұл кейіпкердің де образын сәтті аша білді.
Ерғұлан Жанпейісовті театр мен киноны қатар алып жүрген актер деп айтуға болады. Әсіресе оны кино сүйер қауым «Топыраққа тамған тер», «Отыңды өшірме» телехикаялары арқылы жақсы біледі.
– «Отыңды өшірме» телехикаясында актерлік құрам мықты болды. Бәрі де өз рөлдерін керемет орындады. Бұл сериал мен үшін үлкен мектеп болды. Мұндағы басты кейіпкер – Азат деген жігіт анасының айтқанынан шыға алмайды. Ынжықтау, еркелеу. Бірақ өмірде мен ондай емеспін, өзіме сенімдімін. Кинода келіншегімді көп ренжітемін, соны «рас» деп ойлаған кейбір көрермендер аэропортта, вокзалда кездесіп қалғанда: «Сен қандай оңбағансың, әп-әдемі әйеліңді қор қылып, тастап кеттің» деп ренішін айтып жатады. Енді ол кино ғой. Ол кісілердің алдында не деп ақталарымды білмеймін. Сөйтіп, екінші «Бекежан» бола жаздадым, – деп күледі ол.
Жалпы Ерғұлан – арманы асқақ актер. Ол әр жанрдағы кейіпкерлерді сомдағанды жақсы көреді. Бірсарындылықтан қашады. Әсіресе оған айбарлы, айбынды тұлғалардың рөлдері қатты ұнайды екен. Біз де оның келешегінен көп үміт күтеміз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen + six =