«АРМАНДАСТАРҒА» АСЫҒАДЫ

0 187

Елорданың дамуы жөнінде өткізілген кеңесте Елбасы жастардың бос уақытын тиімді өткізуді қолға алу керектігін тапсырған болатын. «Бізге аула клубтары қажет. Себебі, мұндай бірлестіктер жастардың өмірдегі өз жолын айқындауға жол ашады. Тіпті, әлемге белгілі айпадтарды шығарушы Стив Джобс өнертапқыштығын аула клубында достарымен бірге бастаған деседі. Сондықтан, бізге де мектептер мен колледждерде осындай клуб ашу керек» деген Нұрсұлтан Назарбаев сабақтан тыс уақытта осындай клубтардың жұмысын жандандыру ісіне айрықша мән берген.

Бүгінгі таңда Интернациональ­ный кентінде балалар мен жас­өспірімдердің «Армандас­тар» клубы жұмыс істеп жатыр. Оған 200-ден аса бала барып жүр. Клуб­тың ашылуына  сол жердің тұр­ғындары, олардың ішін­де  ардагер Қожантай Байке­нов бастамашы болып еді.

Ол Астана қалалық мәслихатына №25 округтен сайланған депутат Төкен Егінбаевтың қабылдауында болып, қаланың шеткері тұрғын алабында балаларға не ересектерге арналған мәдени ошақтың жоқты­ғын айтты. Ал, жалғыз мектептің ондайға мүмкіндігі шектеулі, сон­дықтан «Ескендір» тұрғын үй кеше­нінде  бос жатқан жертөленің барын, соны жөндеп беретіндей демеуші азамат болса деген тілегін жеткізді.

Төкен Жылқыайдарұлының ай­туын­ша, кент тұрғындары аула клу­бына аса зәрулігін өздерінің белсенділігімен көрсете алды. Мәсе­лен, Азамат Кәрімов деген спортшы жігіт балаларды спортқа баулуға құлшынып тұрғаны қуант­ты. Сабақты ине сәтімен деп, істің тез шешілуіне Алматы ау­даны Интернациональный тұр­ғын алабындағы ардагерлердің бас­­тауыш ұйымының төрайымы Май­ра Әлімханқызының сол орта­лықты егде жандар мен балаларға ортақ қылсақ деген ұсынысы  қоз­ғау салды.

Қалалық мәслихаттың депу­та­ты, «Құлагер» құрылыс корпорация­сының басқарма төрағасы Тө­кен Егінбаев екі сөзге келмей, «Ескендірдегі» 400 шаршы метр әйдік жертөлеге  күрделі жөндеу жасап, жарық, жылуына дейін өт­кізіп берді.

Әкімдік тарапынан да қолдау та­была кетіп, Жастар саясаты мәсе­ле­лері басқармасының араласуы­мен, неше түрлі жабдықтар мен спорттық құралдар алынып жатыр.

«Әлі толықтай жабдықталма­ға­нына қарамастан, бос селтең­деп жүрген балалар бірден қы­зық­ты ортаға ағылды. Мұнда қа­зақша күрестен бастап, бокс, каратэ, таэквондо, домбыра, би үйірмелері жұмыс істей бастады. Дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ сияқты ой еңбегіне баулитын жаттықтырушы да табыла кетті. Тағы да қосымша ұсыныстар түсіп жатса, қол ұшын беруден тартынып қалмаймыз» дейді Төкен Жылқыайдарұлы.

IMG_0004

IMG_0009(1)

Ал, ардагерлер бастауыш ұйы­мының төрайымы Майра Әлім­ханқызы:

«Ардагерлер болған соң, біз тікелей осы жердегі жастармен, мектеппен тығыз байланыстамыз. Іргеміздегі №42, 43, 44  мектеп­терде жиі-жиі кездесулер өтіп тұрады.  Кеше ғана мектеппен бірлесіп бір іс-шара өткіздік.

Біздің осындай кең жерге ке­ліп, арқа-жарқа болып жат­қа­­ны­мыздың барлығы мәс­ли­хат де­пу­таты Төкен Жылқыай­дар­ұлы­ның арқасы. Ардагерлер мұн­дай жақсылықты ұмытпайды. Өйткені, бөлмеміз тегін. Іші жылы, жарық, кең. Бұл жерде біз тұсаукесер, батыр аналармен бас­қосу, спорттық шараларды үз­бей өткізіп тұрамыз деп ұйғардық. Айта кетерлігі, ардагерлеріміз белсенді. Мысалы, биыл қала бойынша шаңғыдан жарыс өтті. Жетпістің жотасына шыққан қариямыз  екінші орынды қанжы­ғасына байлады. Осының өзі кейін­гі буынға деген тәрбие, үлгі өнеге» дейді.

Бүгінде үйірменің көпшілігі – ақылы. Ал,  баласын қалтасынан ақша шығарып, қосымша біліммен қамтамасыз етуге кез келген ата-ананың шамасы жете бермейді. Ал, «Армандастар» клубындағы үйірмелер тегін, сондықтан да болар балалардың ықыласы ауып, жаңа ортаға тез үйірсектеніп кетті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × two =