Арманда кеткен арыс

Елордада – есімі

0 259

Тұрар Рысқұловтың арманы 1919 жылы Түркістан Республикасының құрамындағы Сырдария, Жетісу облыстарын Қазақстанға қосып, Ташкент қаласын бүкіл түркілерді шоғырландыратын астана етіп, соның негізінде Түрік Республикасын құру болған. Осы мұрат жолында 1921 жылы Әзербайжан компартиясының ІІІ съезінде сөйлеген сөзінде Т.Рысқұлов Ататүрік бастаған ұлт-азаттық көтерілісті қолдаған. Сол кезеңде Азия құрлығындағы Қытай, Үндістан секілді мемлекеттердегі көтерілістің келешегін болжап, жеңіске жететінін айтып кеткен. Сөйтіп Мұстафа Кемал Ататүрік 1923 жылы Түркия Республикасын құрды, ал Тұрар…Арманда кеткен арыстың атында елордада көше бар. Есілдің сол жағалауындағы жаңа аудандағы Т.Рысқұлов көшесінде сәулетті ғимараттар, жаңа емханалар мен сәнді үйлер бой түзеп келеді.

Кермек дәмді балалық шақ

Жетісу облысы Верный уезі Шығыс Талғар болысында туған Тұрардың әкесі Рысқұл 19-ғасырдың 80-жылдары патша әкімшілігінің озбырлығына шыдамай, Сырдария облысының Черняев уезінен (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы) Верный уезіне қоныс аударып, бірақ бұл жақта да әділетсіздікке шыдамай, 1904 жылы халыққа тізесі батқан Саймасай Үшкемпіров деген болысты атып өлтіреді де, сотталып кетеді. Болыстың туыстары «ағамызды өлтіргеннің жалғыз ұлын бауыздап, кегімізді аламыз» деп Тұрарды өлтірмекші болады. Содан Рысқұл түрме бастығы Приходькоға қайта-қайта өтініш айтып жатып, Тұрарды қасына алады.
Рысқұлмен бірге түрмеде жатқан революционер Александр Бронников Тұрардың қайсар мінезін, алғырлығын байқап, оған орысша үйретеді. Сот үкімімен Сахалинге 10 жылға жер аударылған Рысқұл конвойлар айдап бара жатқанда қашып кетіп, 1907 жылы Жамбыл облысы Талас өңіріндегі нағашыларының ауылында қайтыс болады (араға жылдар сала Тұрар әкесінің басынан кешкенін досы Мұхтар Әуезовке айтады. Ұлы жазушы сол әңгімеден «Қараш-қараш оқиғасы» деген атақты шығарма жазып шыққанда, оны ерекше тебіреніспен оқыған Тұрар егіле жылаған екен). Әкесі өлген соң Тұрар қарындасы Түйметай екеуі өгей шешесі Ізбәйшәнің қолында қалады.

Шыңдалу, өсу жылдары

«Қырғызбаев» деген жалған фамилиямен нағашыларының қолында, Меркідегі орыс-түземдік бастауыш мектепте оқиды. Мұндай аралас мектептер белсенді миссионерлік мақсат ұстанған болатын. 1914 жылы бау-бақша өсіруші мамандығы бойынша бітіріп шығады. Самара қаласындағы орта дәрежелі ауылшаруашылық училищесіне түсу үшін арнайы жолдама беріледі, бірақ «көшпелі қазаққа жер өңдеуді оқудың қажеті жоқ» деп шеттеткен училище директоры Тұрарды оқуға қабылдамай қояды. Тұрар Ташкенттегі мұғалімдер семинариясына түсуге тырысады. Бірақ онда да «бұратана» деген ат алдынан шығып, қабылданбауға айналған соң, оқу министрлігіне шағымданып жүріп, арнайы рұқсатпен сынақ тапсырып, студент атанады. 1916 жылы жазда қазақ даласында ұлт-азаттық көтеріліс басталған кезде Рысқұлов оқуын тастап, Әулиеата уезіндегі Меркі ауылына аттанып, Ақкөз Қосанұлы бастаған көтерілісшілердің іс-әрекетіне ұйымдық сипат беріп, саяси бағдар сілтейді. Меркідегі көтерілістің өршіген кезінде Рысқұловты патша әкімшілігі тұтқындайды, бірақ оның іс-әрекетінен кінә таба алмай, босатып жіберуге мәжбүр болады. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін көктемде Рысқұлов Меркіге оралып, онда «Қазақ жастарының революциялық одағын» құрады.
1918 жылы сәуірде Әулиеата уездік кеңесінің атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланып, ашаршылыққа ұшыраған халықты төніп тұрған ажал тырнағынан арашалап қалуға, орыстар мен қазақтардың арасындағы қарым-қатынасты реттеуге, кеңестерге жергілікті халық өкілдерін көптеп тартуға күш жұмсайды. 1920 жылы 21 қаңтарда Рысқұлов Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланады. Түркістан Республиканың Конституциясына сай берілген құқықтарын пайдалана отырып, орыс шаруаларының қарусыздандырылуына, олардың экономикалық жағдайының жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларымен теңестірілуіне, орыс шаруалары мен казактардың көшпелі халықтардан тартып алған жерлерін иелеріне кері қайтаруларына қол жеткізеді. 1924 жылы жазда Коминтерн атқару комитетінің Моңғолиядағы өкілетті өкілі болып тағайындалды. Ол онда Моңғол Халық Республикасының аяғынан нық тұрған мемлекеттік ретінде қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Ол Моңғолия Конституциясының жобасын әзірлеуге атсалысты. Моңғолия астанасының атын Уланбатор (Қызылбатыр) деп қоюды ұсынған Рысқұлов болатын. 1926 жылы наурыз­да Рысқұлов Қазақстанға жіберіліп, Қазақ өлкелік БК комитетінің баспа бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы, ал 31 мамырда Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің қаулысымен Ресей Федерациясы Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары болып бекітіледі.
Мәліметтерге қарағанда, Орта Азия теміржол құрылысын қажетті шикізаттармен жабдықтайтын 26 өндіріс ошағының ашылуында Тұрар Рысқұловтың зор еңбегі бар. Түлкібастағы әк зауыты, Жуалы ауданы Бурно-Октябрь елді мекеніндегі 1930 жылы құрылған каучук өнеркәсібі, Шақпақтағы жетімдерге арналған балалар үйінің ашылуына да, Ақсу-Жабағылы қорығын мемлекеттік қорыққа айналдыруға да ықпал еткен.
Сталин қателеседі!
Тұрар Ташкентте, Мәскеуде ең жауапты, жоғарғы қызметтер атқарады, Халық комиссарлар кеңесінің Бакудегі өкілі болады. Ашаршылық жылдарында Мәскеуде Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталиннің орынбасары қызметін атқарады. Тарихшы ғалым М.Қойгелді жазбаларында: «Кеңестік биліктің негізсіз ұстанымын алдымен Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаш қозғалысының жетекші тобы сынға алды. Бұл топтың сыны мазмұны жағынан кеңестік биліктегі Тұрар Рысқұлов пен Смағұл Сәдуа­қасов бастаған ұлттық элитаның, Еуропада эмиграцияда жүрген Мұстафа Шоқайдың пікірімен бір жерден шығып жатты» дейді. Аштықтан қиналған балаларға арнайы пансионат ашқызғанда, «пансионатқа Тұрар Рысқұловтың атын берейік» деп көпшілік шулағанда келісе кетпей, «Жас Түркістан» деп аталуын ұсыныпты. ТүркЦИК-тің төрағасы болудан да бас тартқан. Денсаулық сақтау комиссары қызметінен де өз еркімен бас тартқан және жаңадан аштықпен күрес комиссариатын құруды ұсынған.
Сталиннің ұлттық саясатты бұрмалағанына шыдамаған шыншыл қайраткер Мәскеудің үлкен мінбесінен «Сталин қателеседі!» деген. «Аппарат ұлттық аймақтардағы ерекшеліктерді есепке алуға бейімделмеген. Онда жұмыс істейтін шенеуніктер ұлтшылдық пиғылмен уланған, ұлыдержавалық шовинизм тура осы орталық мекемелерден тарап отыр. Қазіргі экономикалық саясатта елді индустрияландыру мәселесі – ең негізгі мәселе. Міне, осы мәселеде де ұлттық аймақтардың түпкілікті мүдделері мүлде есепке алынып отырған жоқ» деп айтып салған. Осыдан соң Тұрарға Қызыл империяның қатты өшіккені сонша, Тұрар Рысқұловты ату туралы бұйрыққа Сталиннің өзі қол қойыпты. «Халық жауы» деп айыпталған ол 1938 жылдың 10 ақпанында атылды. Рысқұловтың әйелі Әзиза АЛЖИР-де 18 жыл айдауды бастан кешкен. Ұлы Ескендір түрмеде қайтыс болған. Оның мұрасын зерттеушілер Мәскеуде, Ташкентте, Бішкекте, Бакуде, Қазанда, Уфада, Ұланбатыр архивтерінде Тұрардың кемінде 20 томнан асатын еңбегі жатқанын айтады.
Асылдың ұрпағы 1994 жылғы 19 қыркүйекте «Өркен» – «Горизонт» газеттерінің бас редакторы Дархан Мыңбай Сәуле Тұрарқызынан сұхбат алады. Биология ғылымдарының докторы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Сәуле Тұрарқызы әкесінің сол жиырмасыншы жылдардың өзінде-ақ қалаларда тұрмысқа қолайлы, заманауи шағын аудандар салу жөнінде ұсыныс енгізгенін айтады. Сәуле Тұрарқызы кейін өзінің «Проспект Рыскулова» деген мақаласында Рысқұловтың өмірі мен қызметіне, Тұрардың өз тұлғасына және отбасы мүшелеріне байланысты баспасөзде орын алып жүрген ағаттықтар мен бұрмалаушылықтарды атап көрсетіпті. Интернеттегі материал­дарда Т.Рысқұлов 1943 жылғы 19 сәуірде «жүрек талмасынан» қайтыс болды делініп тұрғанына ренжиді. Тұрардың 1938 жылғы 10 ақпанда атылғаны әлдеқашан дәлелденген. «Интернеттегі мәліметтерді түзету керек!» дейді Сәуле Рысқұлова.

«Бір кем дүние»

«Қызыл жебе» романын жазған Шерхан Мұртаза «Бір кем дүние» атты кітабында: «Тұрар Рысқұлов 1938 жылы атылды деп жазылатын. Қабiрi Москва түбiндегi Бутова деген деревнядағы зиратта дей-тұғын. Бiрақ кейiн iздеушiлер сол Бутовадан таппады. Кейбiр басылымдар Тұрардың өлген жылы «1943» деп жүр. Тұрар Рысқұлов туралы «Служение народу» атты кiтап жазған профессор В.М.Устинов: «Өте құпия құжаттар бар. Ол тек генсектiң рұқсатымен ғана көрсетiледi. Бiр сөз бар: Тұрар Рысқұлов Солтүстiк Қазақстанда өлген» дейдi-дағы, сыбырлап: – Аштан өлген, 1943 жылы» дейдi. «Ақыры байдың баласы аштан өлген». Тұрар, миллиондарды сталиндiк-голощекиндiк аштық ажалынан (геноцид) арпалыса арашалаған Тұрар Рысқұлов ақыр соңында өзi аштан өлген?! Әдiлет қайда, атасына нәлет! Тым болмаса моласы да жоқ. Шыңғыс ханның моласын осы уақытқа дейiн толып жатқан зерттеушiлер таба алмай келедi. Ал халықты аштық қырғыннан сақтап қалған Рысқұлов­тың моласын кiм iздейдi? Бiр кем дүние» депті.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 2 =