©2020 Астана Ақшамы
Арман қаланың арайы
Қазір Тәуелсіздік сарайында кіндік шаһардың 20 жылдығына арналған отандық суретшілер академиясының «Астана – арман қала» атты көрмесі өтуде.
Айтулы көрмеге еліміздің Астана, Алматы, Қарағанды, Семей, Өскемен, Павлодар, Қостанай, Шымкент, Талдықорған, Көкшетау қалаларынан келген 31 қылқалам шеберінің жүзден астам картиналары мен мүсіндері қойылған.
Бұлардың бәрі де шынайы тебіреністен шыққан шығармалар деп айтсақ болады. Әрбір суретшінің өмірді көруі, түйсінуі де ерекше. Біреуі тарихтан сыр тартатын бейнелерді сөйлетсе, екіншісі – ұлттық құндылықтарды бедерлеуге мән берген. Бас қаланың көркем келбеті де шеберлерді шабытты әсерге бөлеген. Шаһардың әдемі ғимараттары бояу тілімен өзгеше үн қатады.
Өзіме белгілі гобеленші Бәтима Зәуірбекованың жұмыстары қатты ұнады. Бұл туындылардан өмірдің ағысы айшықты бояулар арқылы көрініс тапқан. Ондағы кілем түстерінің қанықтығы мен тазалығы автордың жан дүниесінің нәзіктігін білдіреді. Гобелендегі сан түрлі құбылыстардан терең ой түйесіз.
Айта кетейік, шараны өткізуге қалалық әкімдік, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Нұр Отан» республикалық партиясы ұйытқы болған.