«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Арман қала – жыр құшағында, ән қанатында

0 577

Таяуда еңселі елорданың 20 жылдығына орай «Фолиант» баспасынан «Астана жыр құшағында, ән қанатында» атты өлеңдер мен әндер топтасқан жаңа жинақ жарық көрді.

Жиырма жыл ішінде әсем шаһарға айналып үлгерген бас ордамыз жан дүниесі нәзік шығармашылық иелерін қанаттандырып, оларға тың тақырып, жаңа серпін берді. Қара сөздің қайнарынан нәр алған ақындар ойлы да отты жырларымен арқа төсіндегі көрікті қаланы жырмен өрсе, композиторлар бас қаланы назға да сазға толы рухты әндерімен тербеді. Осы жылдар ішінде елорда туралы қаншама шырайлы, шынайы дүние­лер туды. Соның бір парасы осы жинаққа еніп отыр.
Кітаптың алғы сөзін ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы жазыпты. Ол «Астанадай аймаңдай қаланың болашағына үлкен құрметпен қарау – ұлттың әр перзентінің қасиетті борышы! Соның ішінде ақынжүректі пенденің махаббаты бөлекше боларын ел біледі. Алты құрлық көз тігіп отыр­ған Алтын орданың заңды жалғасы, әлемге тарыдай шашыраған әр қазақ баласының арқасүйері, келешек ұрпақтың кемел болашағы ол – жалғыз тұғыр, жалқы шың – Астана болмаққа керек» деп төгілтіп жазыпты.
Жинақтың «Астана – жыр құшағында» атты бөлімінен айтулы ақын, марқұм Кәкімбек Салықов атамыздың «Жеті ғажайып», «Елордаға тілек» деген жалынды жырларынан бастап, Несіпбек Айтұлы, Күләш Ахметова, Серік Тұрғынбекұлы, Ербол Шәймерденұлы, Ғалым Жайлыбай, Гүлнәр Салықбай,Оңайгүл Тұржан, Бауыржан Жақып, Әділбек Ыбырайымұлы, Бауыржан Бабажанұлы, Маралтай Райымбек, Ауыт Мұқибекұлы секілді қара өлеңнің жүйріктері мен кейінгі жас шайырлардың елорда туралы асқақ жырларын оқи аласыз.
Ал «Астана – ән қанатында» деген бөліміне елдің көңілінен шыққан шығармалар берілген. Бұл бөлім Елбасы сөзін жазған, музыкасын Төлеген Мұхамеджанов шығарған «Город мой» әнімен ашылады. Өмірден ерте өткен тамаша ақын, қоғам қайраткері Ербол Шаймерденұлы ағамыз бен сазгер Марат Омаров бірлесіп жазған «Арман қала – Астана» әні де бар. Жүректі нәзік сезімге тербейтін бұл туынды бас шаһар туралы жазылған үздік әндердің алғы шебінде тұратыны анық.
Айтпақшы, осы жинаққа ақын Ербол ағамыздың ком­позитор Жоламан Тұрсынбаевпен бірігіп жазған «Есілім», «Мәртебең құтты болсын, әз Астана!» деген шығармасы да енген. Танымал ақын Ғалым Жайлыбай мен сазгер Ахмедия Есмұқановтың «Музарт» тобының орындауындағы «Есіл ағады» атты әні де кітаптан айшықты орын алған.
Жаңа дүние туралы тағы бір айта кететін дүние бар. Ол – жинақтың жоғары талғаммен сапалы жасалғандығы. Кітаптын ажарын ашуға талантты суретшілер Жеңіс Кәкенұлы мен Бақытнұр Бүрдесбековтің туындылары сәтті таңдалған. Бір сөзбен айтқанда, бұл жинақ Астананың мерейлі мерекесіне тамаша тарту болды.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды