Арман МЫРЗАҒАЛИЕВ: БАТЫРХАН МЕМЛЕКЕТТІҢ БРЕНДІ БОЛАТЫН

0 94

IMG_0119

Бейбітшілік және келісім сарайында Батырхан Шүкеновтің рухына арналған «Әртіске, музыкантқа, досқа» атты классикалық музыка кеші өтті. Кештің өтуіне мұрындық болған дарынды скрипкашы Арман Мырзағалиевпен бірге отандастарымыз Ерік Шалабаев, Асқар Дүйсенбаев, Бақытжан Жантұрғанов, Біржан Өтеулиев, Ресей музыканты Алексей Найденов пен хорватиялық Владимир Косьяненко сынды өнерпаздар, Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрі ұжымы Батырханның рухына тағзым ретінде шетел классиктерінің туындыларын орындады.

– Асыл досым Батырхан Шүкенов фәниден бақиға озған уақытта мен үшін дүние дөңгелегі тоқтады. Төрткүл әлемде құлаққа ұрған танадай тыныштық орнағандай күй кештім. Бұл тыныштықты бұзу керек болды. Батырхан – мемлекеттің бренді болатын. Ол музыканы белгілі бір жанрларға бөлмейтін еді. Мен берген концерттерден қалмауға тырысып, үнемі қолдау білдіріп отыратын. Маған ылғи: «Арман, жүрегің қайда болса, үйің де сонда деп біл» деп, айтатын еді. Солай бәрін, әсіресе, кез келген елдің жақсы музыкасының әр жанрын жүрегімен қабылдайтын. Бүгінгі кештің идеясы да содан туындады.
Бүгін менің жүрегім осы қалада сіздермен бірге Батырханды еске алып, егіліп тұр. Бағдарламаға енген музыкалық шығармалар да Батырханның көзі тірісінде сүйіп тыңдаған туындылардан түзілді. Маған оның рухы осы залға келіп, бәрін естіп тұрғандай сезіледі, – деді Арман Мырзағалиев.
Биылғы көктемде Батырхан Шүкенов дүниеден өтті деп естіген халық нөпір болып, Астана мен Алматыда, Қазақстанның өзге қалаларында да бір жерге жиналып, әндерін айтып, әншіні еске алған еді. Батырханның рухына арналған кешке жиналған көрерменнің де қарасы аз болмай, залды лық толтырды. Бастапқыда пендешілікпен концерт тегін болған соң жиналып отырған шығар деп ойлағанбыз. Жан-жағымызға көз тастап, көрерменнің көзіндегі мұңды көргеннен соң ол ойымыздан айныдық. Халық шын ниетпен концертке келген екен.
«Тамаша адамды еске алғанда мәселені ақшаға тіремеу керек. Ақшамен өлшенбейтін де құндылықтар болады. Мәселен, осы концерттің идеясы аяқ астынан туды. Бұдан сәл ілгеріректе бүгін өздеріңіз көріп отырған музыканттарға концертке қатысуға ұсыныс тастағанымда Батырханның есімі аталған соң олар барлық жұмыстарын ысырып, Астанаға келді. Ақысына ештеңе тілеген жоқ. Өзімнің де осында келгеніме төрт-ақ күн болды. Аз ғана уақыт дайындалдық. Бұдан бұрын Алексей Найденов пен Владимир Косьяненкомен ғана бірігіп, шығармаларды орындағанбыз. Қалғандарын танысам да, олармен бір сахнада өнер көрсетуге бұйырмаған. Жергілікті филармонияның симфониялық оркестрі ұжымына да, өзге музыканттарға да алғысым шексіз. Концерт сәтті өтіп жатыр деп ойлаймын. Бұған Батырханның рухы да демеу көрсеткен шығар. Батырхан ақжарқын, ақ тілеулі азамат еді. Өзімізді жеңіл сезініп, қысылмай-қымтырылмай музыкалық шығармаларды орындағанымыз да содан болар» деді Арман Мырзағалиев.
Концерт Йоганн Себастьян Бахтың скрипка мен гобойға арналған туындымен ашылды. Ян Сибелиустың оркестрлік және Антон Веберннің камералық музыкаларымен жалғасты. Аяқ жағында Петр Чайковскийдің секстеті орындалды. Бұл – атауы айтып тұрғандай алты музыкант бірігіп орындайтын шығарма. «Осы шығарма орындалған кейінгі концертімнің біріне Батырхан қатыса алмады. Гастрольдік кестеміз сәйкес келмеді. Сондықтан рухы ырза болсын деп осы туындыны кеш бағдарламасына қостым» дейді Арман Мырзағалиев.
Кештің соңында «Үшеуге арналған танго» және Рейнгольд Глиэрдің «Скрипка мен виолончельге арналған дуэт» шығармалары орындалды. «Досым дүниеден озғанда маған бір журналист: «Батырхан қай нәрсеге осалдық танытатын?» деген сұрақты қойды. Сонда ол музыка мен десертті жанындай жақсы көргенін айтқанмын. Соңғы орындалған туындыларды да десерт ретінде ұсындым» деді дарынды скрипкашы.
Оның айтуынша, келер көктемде Алматыда Батырханның рухына арналған осындай концерт ұйымдастырылуы мүмкін. Тиісті қолдау болса, ол да өтер. Ал, елордада өткен кешке қалалық әкімдік үлкен үлес қосқанын айта кетейік.
Концерт жуырда ғана 25 жылдығын атап өткен «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің ақпараттық қолдауымен өтті.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × five =