«АРМАН» – БАҚЫТТЫ БАЛАЛЫҚ АРАЛЫ

0 255

Биыл астаналық 1650 бала Ақмола облысының Ақкөл ауданында орналасқан «Арман» спорттық-сауықтыру лагерінде жазғы демалыстарын қызықты өткізеді. 9 маусым күні жеткіншектердің алғашқы легін қабылдап алған лагерь жаз мезгілінде 15 тамызға дейін жұмыс істейді. Осы аралықта бес ауысым ұйымдастырылады. Оның үшеуі жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан балаларға арналған. Бірінші ауысымдағы демалысқа бірыңғай осы топтарға жататын 300-ге тарта бала келді. Лагерьдің салтанатты ашылуын қалалық Білім басқармасы мен елордадағы орта мектептердің басшыларымен бірге біз де тамашалап қайттық.

Лагерь Астанадан шамамен 100 шақырым қашықтықта, тамаша табиғат аясында орын тепкен. Жан-жағы қоршалып, абаттандырылған аумақта балалардың жақсы демалысы үшін барлық жағдай жасалған. Бір және қос қабатты корпустар, медициналық блок, ойын алаңдары мен мәдени шараларды өткізуге арналған сахна бар. Бес мезгіл тамақ беріледі.

Айта кетейік, 2003 жылы қала басшылығының бастамасымен қалпына келтірілген лагерь өз жұмысын ақтап келеді. Мәселен, 2011-2012 оқу жылының қорытындысы бойынша қосымша білім беретін ең үздік ұйым болып танылған оған қала әкімінің гранты берілді. Былтыр лагерьдің материалдық-техникалық базасы күшейтіліп, жаңа жиһаздар, спорттық құралдар мен кеңсе тауарлары сатып алынды. Осыған қарап лагерьді қаржыландыру жағы жаман емес деп айтуға болады. Әрине, ақылы ауысымдар да бар. Биылғы баға – 27800 теңге. Одан келіп түскен қаржы тек балалардың игілігіне жұмсалады.

Лагердің салтанатты ашылу рәсімінде Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Қасымхан Сенғазыев: «Балалар, осы он күндік демалыстарыңызды ойда қаларлықтай етіп өткізулеріңе тілектеспін. Осы жерде жаңа дос-тар тауып, мектепке оралғанда да достықтары жараса берсін» деді. Ән мен биге кезек берілгенде, №1 музыка мектебінің өнерлі өрендері аянбады. Әсіресе, «Нұртуғанның термесін» құйқылжытқан Елнұр Қыдырбек пен «Жамайкалатқан» Садық Қанат болашақтан үлкен үміт күттіретіндіктерін көрсетіп, жиналғандарға «паһ, шіркін!» дегізді.

Лагерьдің бір ерекшелігі – әр ауысымдағы балалардың мәнді демалысына елорданың бір мектебі жауапты. Сонымен бірге музыка мектептері мен гуманитарлық колледж студенттеріне де түрлі қызықты бағдарламаларды ұйымдастыру жүктелген. Бірінші ауысымда балалардың көңілдерін №52 мектеп-гимназияның мұғалімдері аулауда. Солардың бірі – тарих пәнінің мұғалімі Сағат Рысбековті әңгімеге тарттық. «Қызықтың бәрі алда. Біз түрлі жарыстарды ұйымдастырамыз. Әзірге футбол ойнатып, эстафеталық ойындар мен «Біз таланттарды іздейміз» байқауын өткіздік. Осы істе бізге гуманитарлық колледждің студенттері жақсы көмекші болып келеді. Себебі, жас ерекшеліктері бойынша олар мектеп оқушыларына жақын. Асық ату, тоғызқұмалақ секілді ұлттық ойындарды да ойнату жоспарымызда бар» деді ол.

Демалуға келген балалардың көбісі би билегенді ұнатады екен. «Кешке би ұйымдастырылады» дегенде олардың жан-жақтан жамырай шу ете қалғанынан соны аңғардық. Мәдина Мутамиш есімді №52 мектеп-гимназиясының оқушысы да осы өнер түрін жанындай жақсы көретін болып шықты. Бізбен лагерьдегі қызықты күндері жайлы бөліскен ол: «Арманға» демалуға бірінші рет келіп тұрмын. Ұнады. Ойындар ойнап, түрлі байқауларға қатыстық. Өзім «Біз таланттарды іздейміз», «Ең үздік шаш қою үлгісі» байқауларына қатыстым» деп тіл қатты.

Лагерьде балалардың сергуіне жағымды атмосфера жасалғанына жеткіншектің осы айтқан сөздерін оқып, сене беріңіздер. Әрине, қаланың даң-дабыра шуында жүргенше, баланың осындай тұмса табиғат аясында демалғаны мың есе артық. Қазіргі балалар күн ұзақ компьютердің алдынан шықпайды. Монитор арқылы бала жат тәрбие жетегінде кететіні өз алдына, одан келетін денсаулыққа зиянды айтсаңыздаршы. Ал, тәрбиешілердің айтуынша, «Армандағы» балалар он күндік демалыс мерзімінде компьютер атаулыны көрмейді. Олай болса, жаз жайнатып, күн күлдірген мезгілде әр баланың демалысы осылай мәнді де, мағыналы өтсін деп тілейік.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + fourteen =