©2020 Астана Ақшамы
Арман алысқа жетелейді
2011 жылы шілде айында «асай-мүсейімізді» арқалап, елордаға көшіп келдік. Сол жылы екінші баламыз дүниеге келді. Мұны да жақсы ырымға баладық. Арқаның төсінде, киелі жерде кіндік қаны тамған соң, ел тізгінін ұстайтын, халыққа қызмет ететін азамат болсын деген ниетпен ұлымның есімін Мансұр деп қойдым.
Келесі жылы мені «Қазақстан» ұлттық арнасындағы жаңалықтарды жүргізуге жұмысқа шақырды. Осылайша, бір кезде табалдырығын аттаудан именген қара шаңырақта қызмет ету бұйырды. Атақ-абыройы дардай, бастысы, ұлтқа жаны ашитын азаматтармен әріптес болдым. Талай дүниені үйреніп, көңілге түйдім.
Одан кейін «Хабар» агенттігіне қарасты жаңадан ашылған «24 kz» телеарнасына шығарушы-редактор болып бардым. Жаңалықтар қызметінде тәулік бойы шартарапқа шұғыл ақпарат таратумен айналыстық. Бағдарламалар жүргіздім. Ұжымда негізінен жастар болғандықтан, оларға бағыт-бағдар беріп, білген-түйгенімізді үйреттік. Осында жүріп талайдан бері көкейімде жүрген ойымды жүзеге асырдым.
2 жыл бұрын іргесі қаланған «Продакшн» студиямның жанынан 2014 жылы мамыр айында «Журналистика мектебін» аштым. Себебі, үлкен қалада маманға деген сұраныс бар да, журналист болғысы келетіндерді тез арада үйрететін, біліктілігін арттыратын орын болған жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдары тәжірибесі жоқ жас маманды алғысы келмейді, алғанның өзінде үйретуге уақыт тапшы. Тіпті «журфакті» бітірген немесе оқып жүрген студенттердің өздері тәжірибенің тапшылығынан зардап шегеді. Осыған орай «Журналистика мектебіне» БАҚ саласында 10 жылдан астам тәжірибесі бар, білген-түйгенін жастарға жеткізе алатын мамандарды шақырдым. Бір айта кетерлігі, «Журналистика мектебі» әлеуметтік жоба десе де болады. Себебі пайда табуды көздеген емеспін. Студенттер мен оқушыларға жеңілдік жасаймыз. Оқу ақылы болғанмен оның қаржысы оқытатын адамдардың қаламақысы мен жалға алып отырған кеңсенің төлемақысынан аспайды. Тіпті кейде «Продакшн» студиямызда жасайтын бейнероликтер мен фильмдердің қаржысын соған жұмсауға тура келеді.
Осы іспен қатар қолға алған ұлттық өніміміз – бауырсақ өндірісіне де біраз қаржы салдық. Құрал-жабдықтарды сатып алу үшін несие алуға тура келді. Астананың іргесінен ғимарат тауып, Семей өңірінде кеңінен танымал «ши бауырсақ» жасай бастадық. Кәсіпорынға жарым Айнұр басшылық етті. Тауарды сертификаттау, СЭС-тің рұқсатын алу, өнімді дүкендерге шығару үдерісі оңай болған жоқ. Көп қиналдық. Дегенмен өнімімізді елордадан бөлек, еліміздің басқа қалаларына, тіпті Ресейге дейін шығардық. Халыққа ұнап, сұраныс жоғары болды. «Бренд» қалыптастырдық десек те болады. Алайда, әр нәрсенің өз уақыты бар. Басқа іспен айналысуды ұйғардық. Оның үстіне үшінші баламыз Мағжан дүниеге келді. Жаңа ауданнан жаңа пәтер алдық, оны жөндеу жұмыстарына көңіл бөлу керек болды. Балаларымызды жаңа мектепке, балабақшаға орналастырдық. Осылайша, 3 жыл ыстығы мен суығына төзіп, қызығы мен шыжығын көрген кәсібімізді тоқтатып, құрал-жабдықтарымызды басқа адамға саттық. Алған жігіттер біз бастаған істі жақсы дөңгелетіп әкетті.
Қазір «Еуразия» телеарнасындағы жаңалықтар қызметінде шеф-редактор болып еңбек етудемін. Жаңа жобаларды қолға алмақпыз. Бір сөзбен айтқанда, «Астана – арман қала» деп бекер айтпайды ғой. Бұл мекен біздің армандарымыз жүзеге асқан жер болды. Шығармашылыққа да, бизнеске де шабыт берді. Балаларымыз елордадағы үздік оқу орындарында білім алса, қызметке араласса дейміз. Семейдегі, Алматыдағы достарымыз да арман қуып, осында көшіп келді. Жиі бас қосып тұрамыз. Алға қойған мақсат-мұраттарымыздың осында жүзеге асатынына сенімдіміз.
Медетжан ІЗҒҰТТЫ,
журналист,
«Еуразия» телеарнасы
жаңалықтар қызметінің
шеф-редакторы