«АРЛАНДАР» ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛ ЖОЛЫНДА

0 122

бокс Германия

«Астана арландары» Германияда өткен ширек финалдың алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті. Неміс боксшыларынан 3:2 есебімен басым түскен біздің жігіттер жартылай финал жолында жан беріп, жан алысудың оңай емес екенін ұққандай.

Шаршы алаңға алдымен Теміртас Жүсіпов пен немістер сапындағы румыниялық легионер Овиди Берсеану көтерілді. Кездесу қорытындысы бойынша, Теміртас өз қарсыласын қалпақпен ұрып алғандай болды. Ол Овидиден айтарлықтай қарсылық көрмеді.

Кейін рингке «арландар» қатарынан Мейірболат Тоитов (56 келі) пен Асқат Уәлиханов (64 келі) шығып, Жүсіповтің жолын одан әрі жалғастыра алмады. Екеуі бірдей осы маусымдағы алғашқы жеңілістеріне ұшырады. Мейірболат ирландиялық Майкл Конланнан айласын асыра алмаса, Асқат Артем Харутюняннан таза ұтылды. Осылайша үш кездесудің қорытындысымен германиялықтар 2:1 есебімен алға шыққан болатын.

Кезек 75 және 91 келіге жеткенде үйде отырып тақымымызды қысқанымыз жасырын емес. Бүкіләлемдік бокс сериясындағы ең үздік боксшылардың бірі саналатын Деревянченко намысты қолдан бермей, Денис Радованмен арадағы жеңісті «арландардың» есебіне жаздырды. Жалпы есеп қайта теңескен уақытта 91 келі салмақтағы Василий Левит те шегінер жер жоқ екенін жақсы түсініп, командасына жеңіс сыйлады. Бұл жолы ол Артур Манды сан соқтырып кетті.

Қос команданың арасындағы қарымта кездесу 5 сәуір күні Алматыда өтетін болды. Ол кезде боксшылар 52, 60, 69, 81 және +91 келі салмақтарда жұдырықтасады деп күтілуде.

Алматыда өтетін жекпе-жектің қарсаңында қос команданың бас бапкерлері қарымта кездесуге шығатын боксшылардың аты-жөндерін жариялады. Сергей Корчинский бұл жолы Мирас Жақыпов, Самат Бәшенов, Мейірім Нұрсұлтанов, Данабек Сужанов және Руслан Мырсатаев секілді күрзі жұдырықты жігіттерімізді шаршы алаңға шығармақшы. Егер қос кездесудің қорытындысы бойынша есеп тең аяқталар болса, 52 келідегі боксшылар қосымша кездесу арқылы жартылай финалға өтетін команданы анықтамақшы. Сондай күн туа қалса, «арландардың» намысы Ілияс Сүлейменовтің қолына өтеді. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабар таратып отыр.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + four =