«АРЛАНДАР» ШИРЕК ФИНАЛДА ШИРАҚТЫҚ ТАНЫТТЫ

0 139

photo_18344

Бүкіләлемдік WSB бокс сериясының кезекті маусымында «Астана арландары» тағы да жартылай финалға өтті. Олар осымен өз тарихында төртінші рет ширек финалдан әрі асып отыр. Бұл жолы неміс спортшыларымен қолғап түйістірген олар бес салмақ бойынша да басым түсіп, қонақтарды таза жеңіспен таптап өтті.

Алматыда өткен кездесудің 52 келілік бірінші жұбында Мирас Жақыпов пен Ронни Беблика өнер көрсетіп, жеңіс алғашқысының айқын пайдасына шешілді. 3:0. Кейін 60 кг салмақтағы Самат Бәшенов Артур Брилядан 2:1 есебімен басым түсіп, жартылай финалға деген сенімімізді нықтай түсті.

Рингке үшінші шыққан 69 келілік боксшылардың арасындағы кездесу жергілікті команданың келесі кезеңге өтуіне тікелей қатысты болатын. Егер «арландар» жеңіске жетсе, жартылай финалға алдын ала шығып қойып, қалған қос кездесу немістер үшін негізсіз болар еді. Себебі, осыған дейін командалардың Германиядағы текетіресінде 2:3 есебімен қазақ жігіттерінің мерейі үстем болған-ды.

Десек те, осы салмақтағы Мейірім Нұрсұлтановқа күмәнмен қараудың өзі қай-қайсымызға да ар саналар еді. Боксшымыз бабында екен, қарсыласы Вячеслав Керберді 3:0 есебімен таза жеңіп, «Астана арландарына» жартылай финал жолдамасын уақытынан бұрын алып берді.

81 және +91 салмақтағы Хрвое Сеп пен Руслан Мырсатаев та басқа командаластарынан қалыспай, Серж Мишел мен Эрик Пфайферден басым түсті.

Осылайша «арландар» неміс боксшыларының адымын аштырмай, жалпы есепте 8:2 есебімен ұтып, жартылай финалға шықты. Олардың ендігі қарсыласы – «Baku fires». Алғашқы кездесу Алматыда 25 сәуірге жоспарланса, қарымта жекпе-жек 2 мамыр күні Губа қаласында өтпекші.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × one =