Әркiм Өз үйiн жинағандай әсерленсе

0 97

Алтын НҰРЖУМИНА, «Астана-Тазалық» ЖШС өндiрiстiк-техникалық бөлiмiнiң бастығы: Әркiм Өз үйiн жинағандай әсерленсе

Алдағы аптада Астана қаласы бойынша экологиялық тазалық айы басталады. Қала әкiмдiгi «Сүйiктi қаламыздың таза да жайлы болуына баршамыз атсалысайық!» деген үндеу жариялап, астаналықтарды айтулы шараға белсендi қатысуға шақырады. Бiз бүгiн 10 сәуiрден басталатын айлыққа байланысты қала мекемелерiне хабарласып көргендi жөн санадық. Алғашқы сауалымызға «Астана-Тазалық» ЖШС өндiрiстiк-техникалық бөлiмiнiң бастығы Алтын Нұржумина жауап бердi.

– Алдағы сейсенбiде қала бойынша экологиялық тазалық айлығы басталады, сонымен қатар апта сайын сенбiлiктер өтетiн болады. Бұл бiздiң қаланың ең бiр маңызды шарасы деп санаймын. Қайда болса да ең бастысы тазалық қой. Ал қала дегенiмiз – үлкен организм. Оның үстiне қыстан жаңа шығып жатырмыз. Сондықтан, тазалық жөнiнен жұмыс жеткiлiктi деп ойлаймын.
– Қаламыздың тазалығына бiрден-бiр жауапты кәсiпорын ретiнде алдағы айға қандай әзiрлiк жасап жатырсыздар?
– Шынымды айтсам, бiздiң кәсiпорын үшiн аптаның әр күнi – тазалық күнi десем болады. Мемлекеттiк маңызды нысандар, қоғамдық орындардың сыртқы тазалығын үнемi назарда ұстаймыз. Қыстың қарын шығарып болдық. Өзiңiз бiлесiз, Астанаға келушiлер көп. Түрлi-түрлi шаралар өтедi. Сондықтан, бiздiң жұмыста үзiлiс деген болмайды.
Ал, ендi тазалық айлығы туралы айтсам, бұл қала әкiмдiгiнiң жылдағы дәстүрлi шарасы болып отыр. Өте пайдалы iс. Бұл бастаманы астаналықтар барынша қолдауы керек. Егер, әр сенбi сайын әрбiр ұжым тазалық жұмысына шығып отырса, қаламыз жайнап шыға келедi. Былайша айтқанда, «әркiм өз үйiн жинағандай көзқараста болса» деймiн.
«Астана-Тазалық» болса экологиялық айлық барысында қазiргi жағдайдан күшейтiлген режимде жұмыс жүргiзетiн болады. Басқа ұжымдарды да белсендi болуға шақырамыз. Әр аула, әр көше сыпырылып, ағаштар түптелiп, бәрi-бәрi сырланып, сыланып шықса өте тамаша болар едi.
Қаламыздың таза болуы баршамызға сын болсын.

Беттi әзiрлеген Асхат Райқұл

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × one =