©2020 Астана Ақшамы
Әркім бастық болмайды…
Ертеректе үлкен адам көңілі түскен жеткіншекке «молда бол, балам» деуші еді.
Ал бүгін ше? Бүгін молданың орнына көбінесе әкім мен бастық сөзі жүреді. Неге? Әркімнің бастық (әкім) болуға құлшынысын замана заңы деуге болар. Әлде, бастықтың баласы тек бастық болуы керек деген түсінік деп айтайық, Біз не десек те, бастық болғысы келетіндер көп. Болсын. Кім болмай жатыр? Тек, сол әкім-қараның атына заты сай ма? Мәселе осында…
XVII ғ. аяғында, Қаз дауысты Қазыбек Орта жүзге төбе би болып жүрген кезінде, қазақтар ел басшысын «Әмір» немесе «Бек» деген екен. Бұл екі сөздің біріншісі – бұйрықты, ал екіншісі – атақ дәрежені білдіреді. Бірде хан кеңесінде ел жиналып, «Ел басшысын не деп атауымыз керек?» дегенде, Қазыбек би «Әкім» деп аталсын дейді.
– Мұның мағынасы не болады? –дегенде, Қаз дауысты Қазыбек:
«Ә» – әділ болсын деген сөз;
«К» – кекшіл болмасын деген сөз;
«І» – ілтипатты болсын деген сөз;
«М» – менмен болмасын деген сөз болады – деп түсіндіріпті.
Міне, бидің осы сөзінен-ақ сол дәурендегі әкімдердің әділдігін аңғаруға болар. Бабадан қалған бұл өсиетке бүгінгінің басшылары адал ма?
Бүгінгі бастық, әкім, шенеуніктердің ішінде «халқына жақын» деп мақтанып айтуға тұрарлық азаматтар жеткілікті. Ерлік пен ұлтқа адалдық танытып, қазақтың тасын өрге сүйреп жүрген адал жандар бар. Ондай басшыны ұлттың бағына туған жан деп атайды. Еліне сіңірген өлшеусіз еңбегін бағалап, ұлт мақтанышына айналдыру керек.
Әрине, жақсы жүрген жерді жаманның да жағалары анық. Ел билеген тұсында қазақтың қаржысын қалтаға басып, елді тастап қашып кеткен басшыларды да көзіміз көрді. Оларға не дейміз? Айтылар лағнет айтылып біткен. Ар жағын ары білсін…
Тағы бір шенді-шекпенділердің түрі бар. Ол – бастық әкесінің немесе биліктегі тамыр-танысының арқасында атқа мінгендер. Сондықтан болар, бүгінде биліктің биік орынтағына жастар көптеп отыруда. Әлбетте, біз оған қуанбасақ, ренжімейміз. «Жас келсе, іске» деген халық даналығы бар. Алайда, білдей бір салаға жауапты адам қай жағынан болса да, білікті болуы шарт. Экономика, саясат һәм әлеумет саласын бүге-шігесіне дейін бес саусақтай білуі керек. Ал, әлгіндей көке-жәкесін жағалап орынтаққа жайғасқандарды тек халықтың соры дер едім. Себебі, бастық болу әркімнің қолынан келер іс емес.
Айнұр ШОШАЕВА,
a.shoshaeva@astana-akshamy.kz