ӘРІПТЕСТІККЕ ӘРҚАШАН ӘЗІР

0 93

Кеше елордалық жұртшылық әкімдікте IPO халықтық бағдарламасына байланысты кеңейтілген мәлімет алды. Мұндай мүмкіндікті әкімдік өз та­рапынан ұйымдастырып, қала активі арасында да осы бағдарламаға қатысуға жол ашық екендігін көрсетті. Жиналған қауым арасын­да мектептердің, ЖОО-ның, колледждердің, балабақшалардың қызметкерлері және БАҚ өкілдері болды.

Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге ресми са­пармен келген Корея Республикасының президенті Ли Мён Бакпен кездесті. Қос тараптың жүздесуі екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі арттыратын келіссөздерге ұйытқы болды.

Биыл еліміздің Оңтүстік Корея Республикасымен дипломатиялық байланыс орнатқанына 20 жыл то­лып отыр. Осы уақыт аралығында Қазақстан мен Кореяның өзара ынтымақтасығы артпаса, кеміген жоқ. Екі ел басшысының соңғы төрт жыл ішінде жеті рет кездесуі – соның айқын дәлелі болса керек.

Еліміз бен Кореяның тауар айна­лымы былтыр 900 миллион долларды құраған. Осы жылдың алғашқы жартыжылдығының өзінде ол 600 миллион доллардан, ал бірлескен іскерлік жобалар бойынша оңтүстіккореялық инвестициялық қоржыны 8 миллиард доллардан асқан. Олардың ішіндегі ірісі – Балқаш жылу электр стансасы.

Әріптестікке әрқашан әзір екендігін байқатқан қос тарап кездесуде бұған дейінгі өзара сапарлар бары­сында қол жеткізген келісімдердің орындалуы мен нәтижелеріне барлау жасап қана қоймай, халықаралық күн тәртібін, сауда-экономикалық, инвестициялық, ғылыми-технологиялық, мәдени-гуманитарлық, энергетика, ту­ризм мен ауыл шаруашылығы салаларындағы қарым-қатынас мәселелерін кеңінен талқылады. Сондай-ақ, екі жақтың алыс-берісін келешекте де жандандыруды ниет еткен Қазақстан мен Корея осы са­пар аясында шағын және орта бизнес аясындағы байланысты нығайтуға, Назарбаев университеті жанынан құрылатын ғылыми-техникалық парк жобасын жүзеге асыруға, теміржол саласында жоғары жылдамдықта жүйткитін пойыздар өндірісі төңірегінде байламдар жасасты.

Әсіресе, сымсыз интернетті ой­лап тапқан кореялықтардың озық ақпараттық технологиясы қазақ халқы үшін аса маңызды екені түсінікті. Бұл туралы журналистерге арналған брифингте айтқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев:

– Оңтүстік Корея медици­на, фармацевтика саласында озық технологияға ие. Өздеріңіз білесіздер, Алматыда оңтүстіккореялық дәрігерлердің көмегімен бір адамға екі органды ауыстырып салу бойынша опера­ция жасалды. Мұндай технология елімізге зор пайда әкелген болар еді, – деп атап көрсетті.

Кездесу барысында тараптар келе­шекте де стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайта түсетініне сенім білдірді.

Сол күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Корея Республикасының президенті Ли Мён Бак Балқаш ЖЭС құрылысын іске қосуға арналған салтанатты рәсімге қатысты.

Еліміз үшін маңызды стратегиялық мәнге ие бұл жоба электр энергиясын қосымша көбейтуге мүмкіндік беріп, оның тапшылығын төмендететін болады.

«Балқаш» жылу энергия стансасының құрылысын салу кезінде 3,5 мың жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр. Ал жоба іске қосылғаннан кейін 900 адам жұмыспен қамтылмақ.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 4 =