ӘРІПТЕСТІК ҚАТЫНАСТАР НЫҒАЮДА

0 106

edd92b0c036e650bb2b4a8fee588c5f4

Бүгін Ақордада Қазақстан Республикасының  Мемлекеттік хатшысы Г.Н.Әбдіқалықова Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ж. Якабпен кездесті.

Кездесуге Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму бірінші вице-министрі С.З.Қайырбекова, ДДҰ-ның Қазақстан Республикасындағы өкілі Мелита Вуйнович  және Республикалық медициналық палатаның президенті М.К.Құлжанов қатысты.

Мемлекеттік хатшы Якаб ханымды Алматыда ДДҰ-ның географиялық жағынан шалғайда орналасқан алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жөніндегі офисінің ашылуымен құттықтады.  Гүлшара Әбдіқалықова Алматыда ДДҰ-ның офисін ашу елеулі оқиға екенін, өйткені ертеректе 1978 жылы Қазақстанда алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жөніндегі ДДҰ/ЮНИСЕФ Декларациясы қабылданғанын атап өтті.

ДДҰ-ның Алматыдағы офисі осы ұйымның 53 мүше мемлекетін үйлестіруді жүзеге асыратын Еуропалық өңір мен Орталық Азия аумағындағы   БҰҰ-ның алғашқы ірі офисіне айналды.

Тараптар Қазақстан мен ДДҰ арасында ынтымақтастықтың көптеген бағыттары бойынша қалыптасқан берік әріптестік қатынастарға қанағаттанғандық  танытты.

Гүлшара Әбдіқалықова ДДҰ-ның Еуропалық бюросына Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда консультативтік және техникалық белсенді көмегі үшін ризашылығын білдірді.

Мемлекеттік хатшы Қазақстан Республикасының денсаулыққа, оның ішінде бала өлімін төмендету, ана денсаулығын жақсарту, АИТВ/ЖИТС-пен, туберкулезбен күреске байланысты Мыңжылдық даму Декларациясының мақсаттары мен міндеттерін орындауға елеулі мән беретінін атап көрсетті. Атап айтқанда, Қазақстан ана мен нәрестелер өлімінің, орташа өмір сүру ұзақтығының көрсеткіштерін  және басқа да көрсеткіштерді  жақсартты. 2009 жылдан бастап ана өлімі 3 есеге төмендеді және 2014 жылы 100 мың тірі туғандарға шаққанда 11,8 құрады; нәрестелер өлімі 1,8 есеге төмендеді және 2014 жылы 1000 тірі туғандарға шаққанда 10,0 құрады; ал межеленген өмір сүру ұзақтығы 70,4 жасқа жетті.

Кездесу қорытындылары бойынша Қазақстанның ДДҰ-ның Еуропалық өңірлік офисімен арадағы ұлттық денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, мыңжылдық даму мақсаттарын іске асыру, сондай-ақ алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуді дамыту мәселелері бойынша алдағы уақыттағы  ынтымақтастығының негізгі басымдықтары айқындалды.      

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 + 15 =