Әріптестерімнің қамқорлығын көрдім

0 215

Журналистикадағы ең алғашқы қадамым «Астана ақшамы» газетінде басталғаны мен үшін үлкен олжа болды. «Жазуға бейімің бар» деп үміт сыйлаған, туған атамдай болып кеткен белгілі ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай мен әкем, жазушы Талғат Кеңесбаев
бірауыздан «мықты журналист болсаң, газеттен баста» деп «Ақшамға» жол сілтеді.Қызықтысы, өзім ойлағандай жазуым бірден жұп-жұмыр, тап-тұйнақтай болып шыға келмеді. О бастан бе­тімнен қақпай, өз тәжірибелерімен оп-оңай бөлісуге дайын тұратын кәсіби журналистердің қамқорлығы мені таңдандырды. Уақыт өте келе әріптестеріммен туғанымдай араласып, сыйластығымыз одан әрі күшейе түсті. Сенімді дос­тарды да сол ортада жолықтырдым.
Редакцияда менің маман ретінде қалыптасуыма үлесін қосқан адамдар өте көп болды. Аяған Сандыбай, Талғат Батырхан, Мақсот Ізімұлы, Ғалым ­Қожабеков, Еркін Қыдыр, Қайсар ­Жұмабайұлы – газетте қыз­мет еткен үш жылымның жемісті болуы, қиын әрі қызықты өтуі – осы басшылардың қойған талабы мен берген бағытының арқасы.
Өз тақырыбын өндіріп жазатын «ақшамдықтар» – қазақ журналистикасының бүгіні мен ертеңі үшін тер төгіп жатқан жандар. Ал жазуларымызды бір қабат тексеріп шығатын корректорлар, бетті әрлеп, газетті қаттайтын дизайнерлер, түсірген суретімен кез келген тақырыпты ашатын фототілшіміз – бір төбе. Күнделікті еңбегімен елордамыздың тарихын түгендеп, еңсесін тіктеуге атсалысатын, қазақ қоғамының өзекті мәселелерін қаузап жүрген журналистердің еңбегі лайықты деңгейде еленсе екен деймін. Дәл қазіргідей фейк жаңалықтар жайлаған заманда халыққа тексерілген, фактіге негізделген ақпаратты жеткізу үшін әркімнің қолшоқпарына айналып, мүддесіне жұмыс істеп жатқан кей бұқаралық ақпарат құралдарының әсерінен арылу үшін нағыз журналистикамен айналысудың ең ұтымды сәті туып тұр. Сондықтан қазақша сапалы контент жасайтын бірден-бір басылымның ғұмыры өміршең болғанын қалаймын. Газетті жарыққа шығарып отыр­ған барша әріптестеріме алғысымды білдіре отырып, осы сәтті қалт жібермеңіздер дегім келеді. Мен қазақ журналистикасының болашағына сенемін.
Басылым ардагері Ғалым Қожабеков ағамыздың газетке жұмысқа орналасып жатқанымда айтқан сөздері есімде. «Бұл – сенің алғашқы баспалдағың, егер мұнан да биікке шығамын десең, біз әрқашан қолдауға дайынбыз» деді. Айтқаны айдай келді, қазір АҚШ-тағы Нью-Йорк университетінде магистратурамды бастағалы жатырмын. Сүйікті редакциямның жан-жақты қолдауымен «Болашақ» бағдарламасы аясында білімімді жетілдіруге мүмкіндік алдым.
Редакцияға мақалаларын арқалап, ойын білдіріп келетін, телефон шалатын, әлеуметтік желіде пікірімен бөлісетін барша оқырманға алғыс білдіремін. Қымбатты оқырман, 30 жыл бойы үздіксіз жарыққа шыққан газеттің өміршең болуы, қоғамға барынша пайдалы болуы Сізге де байланысты. Біздің төл газетімізді қолдап, жазылып, сын-пікір білдіріп отыруыңызды өтінемін. Сіздер барда «Астана ақшамы» көркейе түспек!

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ, журналист

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen + three =