ӘРІПТЕСТЕР РУХЫН ӘСПЕТТЕДІ

0 149

IMG_6848

«Журналистер – жүрек жыршысы. Адамзат ішіндегі ең жүрдек жандар – журналистер. Журналистердің бармайтын жері, шықпайтын шыңы жоқ. Журналистер – көреген халық. Журналистер 4 моторлы ұшаққа ұқсайды. Олар – әрі ақын, әрі тарихшы, әрі суретші, әрі ғалым. Осы 4 «мотор» жердегі жазушыны биікке самғатады» деген Әзілхан Нұршайықовтың асыл сөздерінің астарында талай сыр бар. Алайда, сол моторлы ұшақтың биік шыңдарда қалықтап жүріп, бір күні жерге қонатыны ақиқат қой.

IMG_6821

«Олардың есімі жүрегімізде»  атауы­мен «Түгел Медиа» бірлес­ті­гінің игі бастамасымен, биыл екінші жыл өткізіліп отырған, сананың сұңқарларын еске алу кеші өтті. Сағыныш пен назға толы әсерлі кездесуде көзіне жас алмаған жан қалмады. Барлығымыз жанталас тіршіліктің жетегінде жүріп, кейінгі жылдары арамыздан талай қаламгерлеріміз өмір­ден озғанын білмей де қалыппыз. Қара сөздің шебері, ардагер-журналист Әскен Нәбиев атамыз, ең көп оқылатын жазушыларымыздың бірі  – қабырғалы қаламгеріміз Дүкенбай Досжан, бар саналы өмірін ана тіліміздің мәртебесін көтеруге арнаған Сабыржан Шүкірұлы мен Ербол Шаймерден ағаларымыз, Елба­сы­ның жеке телеоператоры қыз­ме­тін атқарған Бақтыбай Шаханов та бақилыққа атта­ныпты. Сонымен қатар, «Ниваның» жұмысын дөңгелетем деп жүріп, өзі­нің жүрегінің қашан сыр бергенін аңғармай қалған Владимир Гундарев пен белгілі ақын, осы өңірді жырлаған Андрей Тришечкин мен еліміздің жөні бөлек басылымы «КазПравдаға» ғұмырының алпыс жылын берген Иван Балучевскийлермен сол кеште қайта қауышқандай болдық. Бұл тізімнің ішінде аяулы да ардақты нәзік жандыларымыздың да орын алуы қабырғамызды қайыстырады. Талант­ты ақын – Марфуға Бектемірова мен небәрі 42 жасында «Ел-бесігін» қимай кеткен Наталья Хабарова-Зеленя жазылмас дерттің құрбаны болған.

Сағыныштан төгілген жастарын тыя алмай, жүрек түбінде қалған лебіздерін халықпен бөлісуге келген, марқұмдардың, туған-туыс, дос-жарандарының әңгімесінен, белгілі тұлға­ла­ры­мыздың беймәлім сырларына қанықтық. Бүгінде Волгоград қаласының бір көшесі Әскен Нәбиев есімімен аталатының екінің бірі біле бермейді де. Сахнаға қос немересін, Дүкенбай ағамыздың шамшырақтары, Әбілхайыр мен Алтайын ерте шыққан Сәуле Дос­жанова апайымыздың: «Отыз жыл бірге тұрып, ағамыздың соңғы демінде бір ауыз сөзін ести алмай, қоштасуға үлгере алмағандығы жанының жазылмас дерті, ішкі күйігі екендігін» көз жасына ерік бере айтқанда, көз алдымызға асыл ерін ардақтаған, қазақ әйелінің бейнесі келгендей. Сөз өнерінде оза шауып, сергек жүретін Ербол Шаймерденді де сұм ажал алпысқа жеткізбей, ортамызды ойсыратты. Қимастықпен еске алған курстастары, оның үш томдық шығармалар жинағын халыққа ұсынып, оның жалғасы әлі де жарыққа шығатынына уәде берді. Қазақ журналистерінің ішінде Сауытбек Абдрахмановтан кейін, күллі дүние жүзінің көптеген елдеріне табаны ең көп тиген, Елбасының барлық сапарларының куәгері – Бақтыбай Шаханов жайлы бір үзік сыр шерткен белгілі ғалым, журналист Бауыржан Омаров: «Өмірге риясыз ғашық, шамдағай ширақ жігітке қалайша алпыс жасты қиямыз деп жүргенімізде, беймезгіл өмірден өтіп кетті» дейді.

Белгілі қазақстандық ақын, прозаик, публицист, республикалық әдеби-көркемдік, қоғамдық-саяси «Нива» журналының бас редакторы болған Владимир Гундаревтің асыл жары Раиса Никитичнамен танысып, сұхбаттастық. Сахнада Гундаревтің «Деревенька моя» әні ойнала бастағаннан, жан жүрегі лирикаға толы, адамды өзіне аса бір нәзіктікпен баурайтын Раиса апайымыздың сағынышқа толы мөлдіреген көз жасын көргенде, көкейге көп нәрсені түйгендей болдық. Жүрегінің төресінен айырылған Раиса Никитичнаның бір ғана өтініші – жанашырсыз қалған «Нива» журналын қайта жаңғыртса екен деп тілейді. Ақпараттың ағымына ілесе жүріп, ақындық қабілетін аяққа таптатпай, өзегін жарып шыққан өлеңдерімен елді баураған Көкшенің ардақты қызы, өз «Атлантидасына» ерте аттанған Марфуға Бектемірованы еске алуға келген жұбайы, ақын Есенгелді Сүйінов пен анасын қимай, сөз алуға жүрексінген қызы көзімізге жас үйіртті, Марфуға апамыздың әні мен сөзіне жазылған «Ақ қайың» әнінің ырғағына бөлендік. Журналистер күнінде дүниеге келіп, қырық екі жылдан кейін дәл осы мереке қарсаңында әріптестерін құттықтауға үлгере алмаған өмірге ғашық, көңілі ашық Наталья Хабарованың айықпас дерттен көз жұмғаны жанға батады. Өмірінің соңғы сәттеріне дейін бір қолмен ғана компьютерде отырып, жүрек тамырлары бір жақ қолына ғана қан жүгірткеніне қарамастан, сол аялы алақандарымен, таныстарына: «Сендердің менің өмірімде бар болғандарына рахмет!» деп смс хабарламалар жіберіп отырған.

 

P.S.: Жұмыр жер бетін ақпа­рат­пен тоғыстыратын сөз сардарларының саны күн санап азаюда. 2011 жылы жер беті 107 журналистінен айырылса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 121 есебімен рекордтық межеге жеткен. 2013 жылдың басынан бері 110 журналист өмірден озған. Сол 110-ның 10-ы – біздің еліміздің қарымды қаламгерлері.

 

Нұргүл Аханқызы

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six − four =