ӘРІПТЕСІМІЗ – ЖҮЛДЕГЕР!

0 114

Төл мерекеміз қарсаңында Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-сая­си жұмыс комитеті мемлекеттік тілдің сойылын соғып жүрген журналистер арасындағы конкурстың нәтижесін жариялады.

Жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімінде мемлекеттік тілдің ахуалы туралы мақалаларымен, эфирге шыққан хабар мен бағдарламаларымен көзге түсіп жүрген журналистер «Үздік мақала», «Үздік телебағдарлама», «Үздік радиобағдарлама», «Үздік сайт мақаласы» номинациялары бойынша жүлделі орындармен марапатталды. Осы «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық конкурсында «Үздік мақала» номинациясын әріптесіміз Гүлжан Рахман иеленді. Жүлде қоры – 500 000 теңге. Конкурсқа келіп түскен материалдарды елімізге белгілі қаламгер, журналис­терден құралған арнайы қазылар алқасы сараптап, жеңімпаздарды анықтаған. «Гүлжан үшін бұл нағыз жеңіс болды деп есептеймін. Тек тіл ғана емес, ұлтымыздың мүддесін қорғайтын әрбір мақаласын жанын жеп, қаламын қайрап жазатын журналист. Әсіресе, тіл мәселесіне келгенде табандап тұрып алатын қасиеті бар. Бірде ұжым болып осы тіл үшін жылағанының куәсі де болдық» дейді қазылар алқасының мүшесі, «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі Талғат Батырхан.
Иә, айтса айтқандай, біз таныған Гүлжан қашан көрсең тілдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүреді. Газетіміздің бетінен «Тілтүзер» айдарын ашып, ұзақ уақыт қаламыздағы қателерді жөндеумен айналыс­ты. Редакцияға қоңырау шалғандардан, өзі ақпарат алушылардан, бәрінен, бәрінен тек қазақ тілінде сөйлеуін талап етіп жүреді. «Мемлекеттік тілдің мәртебесін жүлде алу үшін көтермейміз. Ол – біздің міндетіміз. Дегенмен осылай еленгенімізге қуаныштымыз» дейді өзі.
Біз әріптесімізге ана тіліміздің абыройын асырар мақалаларың көп болсын, жазарың таусылмасын дейміз!

Гүлмира  ШАРХАНҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × one =