ӘРІПТЕРДІҢ АДАСҚАН ӘЛЕМІ

0 285

тіл

2013 жылдың жаз айларында Астанадағы балаларға арналған дүкеннің алдына екі үлкен динозавр пайда болды. Әлбетте, тірісі емес. Осы заманғы технология арқылы тәуір материалдан жасалған мүсіндері. Осындай мүсіндерді қай бір жылы Қытайдың солтүстіктегі провинциясынан көргенбіз. Қалаға кіре берістегі қасқа жолдың екі жағындағы алып жануарлардың ескерткіштері бастарын түйістіріп тұрған онда. Астынан ағылған автомашиналар өтіп жатқан. Мына екеуінің тұрқы одан аласа. Бірақ, Қытай мен Қазақстанның сілтейтін құлаштарын салыстырып қарағанда бізге мынасы да жарап тұр.

Астанадағы динозаврларға қызыққан көзіміз сосын қасындағы қалақшадағы жазуына түсті. «Міндеулеріңізді сұраймыз». Иә, қайталап оқыдық. «Міндеу». Бұл не қылған қожайындар дедік. Динозаврлардың соншалық жақсы мүсінін орнатады. Сосын оны сынау­ды сұрайды. Міне, мәдениет. Міне, сыпайылық. Қатты риза болғанбыз. «Міндемек» едік, екі мүсінді әрі-бері айналып қарап, еш кемшілік таппадық.

Сол кезде миымыз зың ете түсті. Қалақшадағы орысшасын оқығанда қаншалық алданып қалғанымызды ұқтық. Сөйтсек, иелері көпшіліктен «міндеуді» емес, «мінбеуді» сұрап тұр екен. О-о, бір әріптің қатесі. Мұнымен бітсе қане…

Осы Астанада екінші үйімізге айналған «Казмедиаорталықтағы» төртінші қабатта шаруашылық бөлмесі бар. Сыртына темірден ойылған «жадбықтар бөлмесі» деген маңдайша шегеленіпті. Басында бұл не жазу екенін түсінбедік. Тұрып-тұрып бөлменің ішінде қазақша аты «жабдықтар» аталатын бірдеңелер тұрғанын бағамдадық.

Маңдайшаларды, қаптамаларды, сілтемелерді қазақша жазғанда бір әріптің ауысып түсуі – біздің қоғамның күнделікті көрінісі. Етіміз үйренді. Жалпы, қазақша жазғанының өзі неге тұрады деп соған тәубе айтатынбыз! Шалағайлық – кешіруге болатын шаруа. «Битке өкпелеп тоныңды отқа жақпа» депті бабаларымыз. Сонда да «Хабар» мен «Қазақстанның» кілең журналистері жұмыс істейтін «Казмедиаорталығының» 4-қабатындағы темір қалақшадағы қате біздің маңдайымызға қағылғандай мазамыз кететін.

Бұл шатпаққа наразы болып жүр едік. Енді «мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықтының» кері келді. Көз суармаққа іргедегі «Керуенге» он минутқа кіріп шықтық. Ертеректе, «Қостанай таңы» газетінде өндірістік тәжірибеде жүргенде Ғұбай Әбілов деген ақын кісі қызмет етті. «Жалын» альманахына «Аспаннан кәмпит жауған күн» атты балладасы шыққан. Өзі өмірі үйленбеген. Тамақты тек асханадан ішетін. Сол кісі түсте жарты сағат шағын көк базарды аралайтын. Бірақ үйінде тамақ жасалмайтындықтан, ештеңе сатып алмайтын.

Бізбен оңаша сырласатыны бар еді. «Аға, ештеңе сатып алмасаңыз да неге көкөніс қатарында жүресіз» деп сұрайтынбыз сол кезде. «Інім-ау, мына ала қағаз көзді суырып тастайды ғой. Мен жанарымды тынықтыру үшін қызыл-жасыл базар аралаймын ғой» деген. Осы сөзі бізге керемет сабақ болған.

Енді көк экраннан көзді тынықтыру үшін біз «Керуенге» кіріп шығамыз. Ештеңе алмасақ та. Жасымыз сол кездегі Ғұбекеңмен шамалас болып қалған да шығар. Осы жолы түрлі-түрлі жейделер тұрған бір бутикке бас сұқтық. Тәуір көйлек көзімізге түсті. Қолымызға ұстап, шошып кеттік. Өзінен емес, ілеспе қағазынан. Ондағы жазуынан. Сізге өтірік, бізге шын, «ертек көйлегі» деп жазылыпты. Сонымен, айналадағы аға-інілеріміз түгел енді ертекке айналыппыз! Ал, қыз-келіншектерге енді еркек жоқ, ертекке алдануға тура келеді!

Осындай бір ауыз әзілмен бұл қатені де кешірдік дедік. Ауыр ойлармен сенбі күні кешке ұшаққа мінгенбіз. Астанадан Алматыға барып келмекке. Әйдік ұшақ. Өзі жап-жаңа. Әрбір креслоның арқасына экран орнатылған. Жеті-сегіз жыл бұрын Стамбұл мен Париждің арасына ұшқанда көргенбіз. Ойыны көп, бағдар сілтегіші бар, киносы мен әуені жеткілікті осы қондырғы сонда алғаш алданыш болған. Басқа ұшақтағыдай бір экранға телміртіп қоймайды.

Хош. Алдымен дойбы ойнадық. Қазақтың төл ойыны. Бірақ мынау арадағы бір ғана шаршымен басталатын ережесі өзгеше ойын екен. Тәртібін білмей, байқамай бастапқыда ұтылдық. Сосын үйренген соң теке-тірестік. Аздан кейін жалығып, басқа ойынға ауыстық. Баяғы Ғұбай жарықтық айтпақшы көзді суыра бастаған соң қызыл-жасылын іздедік. Бар екен. Айтпақшы, осы ұшаққа мінгенде іштегі сілтеменің бәрін тәп-тәуір қазақшалағанына риза болғанбыз. Көзіміз тиіпті. Бәрі әлгі ойыннан басталды. Оның да түсініктемесі мен аты үш тілде еді. Су жаңа лайнер үш тұғырлы тілдің тұлпары сияқты көрінген.

Сонымен келесі ойын. Әлбетте, қызылды-жасылды болғандығы – жас балаларға арналған. Ойынның аты… Түсінбедік. «Телебөскіш балық». Иә, балығы түсінікті. Ал «телебөскіші» ше? Қазақтың үндемейтін адамды балыққа теңейтіні бар еді. Мынау соған керісінше теледидардан бөсетін біреулерді мазақтайтын шығар деп ойынды аштық.

Жоқ, еш телевизиядан бөспейді. Кәдімгі судағы балық өзінен ұсақтарын қылғымай жұтады. Бірақ өзі акуланың азуы мен шаянның қысқашына ілініп қалмауы керек. Сонда қай жері «телебөскіш балық» болды? Апыр-ай! Қанша дегенмен өміріміз осы әріптердің арасында өтіп келеді. Дереу таптық. Ойынның аты – «Төбелескіш балық». Тек «телебөскіш балық» деп қате жазылған. Тағы да ауысып жүрген әріптер. Осылардың шытарманын шеше-шеше… өзіміз… Не болар екенбіз? Бізді қойшы, қайран қазақ тілі не болып кетті?

Қайнар Олжай

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three + fifteen =