«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Архив-2025»: Құнды деректерді жинау маңызды

0 594
Қанат ЕҢСЕНОВ, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Архив-2025» деп аталатын тармақшасына назар аударғым келеді.
Естеріңізде болса, Қазақстанда жүзеге асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы әлемнің алыс және жақын шетелдерін мұрағат деректерін жинақтауға ғалымдар мен мұрағат қызметкерлері арнайы іссапарларға барды. Нәтижесінде Қазақстан тарихына қатысты көптеген деректер әкелінді. Яғни, бұрын белгісіз болып келген мұрағат деректері елімізге жеткізілді. Мұндай материалдардың елге әкелінуі үлкен жетістік. Қазіргі уақытта бұл деректерді ғалымдар, тарихшылар еңбектер жазуға пайдалануда. Бірақ, аталған бағдарлама бойынша барлық деректер түгел әкелінді деуге болмайды.
Енді, алдағы уақытта бұл игі істерді жалғастыру керек. Кезінде Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов: «Қазақ – жоқ іздеген халық» деп жазған еді. Яғни, рухани және материалдық мұраларын өзге жұрт тасып әкеткен, жоғалтқан замандар болды. Осы күнге дейін халқымыз соны түгендеу, іздеумен келеді.

Қазіргі жаһандану заманында елдікті сақтап, тәуелсіздігімізді баянды ету үшін ұлттық тарихымызды ұлықтай түсуіміз керек. Ол үшін кең ауқымда кешенді «Архив-2025» Мемлекеттік бағдарламасы жасалып, ғылыми-зерттеу жобалары 3 жылдан 2 рет жүзеге асырылып, орындалуы керек.
Елдің дамуы үшін және халықаралық дәрежеде танылуы үшін «Қазақстан тарихының» алар орыны ерекше. 2013 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің қатысуымен өткен ведмствоаралық мәжілісте «Тарих ғылымы» гуманитарлық ғылымдардың ішінде аса маңызды тірек ретінде аталғандығы бекер емес. Яғни, қазіргі жаһандық жағдайда әлем халқы біздің елімізді қандай имидж арқылы таниды? Біз сол әлем халқына «Қазақстан тарихын» мемлекеттің имиджін және толық көрініс беретін тұтас көнеден бүгінгі күнге дейінгі аралықта тарихи сабақтастықпен таныта алдық па?
Міне, осындай ойландыратын сұрақтар бар. Оған толық жауап беру үшін әлі де көп жұмыстар атқарылуы керек. Атқарылатын жұмыстардың нәтижесін бақылау үшін жылына 1 рет есептерін тыңдау және олардың әкелген құжаттарын Алматы және Астана қаласында орналасқан мұрағатқа өткізу қажет. Әкелген құжаттар әркімнің жеке отбасылық мұрағатында қалмауы керек. Ол болашақта елдің тарихын жазу үшін қажет. Сондықтан, оны қабылдап алатын және жүйелеп жинақтайтын мұрағаттар ішінен арнайы топ құрылуы тиіс.
Шетелдерден әкелінетін мұрағат деректері Алматыдағы Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты мен Астанадағы ҚР Ұлттық мұрағатына өткізілуі тиіс. Оны тарихты жазумен айналысатын магистранттар, докторанттар, ғалымдар және көпшілік қауым пайдалана алатындай жағдай болуы керек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды