Саматбек БӨКЕБАЙ, архитектор: Архитектурадан ұлттың тарихы мен өнері сөйлеп тұруы керек

0 263

«ҚАЗАҚ» КВАРТАЛЫНЫҢ ҮЛГІСІН ЖАСАДЫҚ

– Саматбек аға, өзіңіз бас болып, Түркі әлемі инженерлері мен архитекторлары халықаралық бірлестігінің Қазақ академиясын құрыпсыз. Бұл академияның мақсаты не, алдымен соған тоқталасыз ба?
– Рақмет! Бұл туралы сөз жұртшылыққа тұшымды болу үшін әңгімені әріден өрбітейік. Ұлттық архитектура елімізде кеше ғана пайда болған жоқ, ол қазақ даласында көне дәуірден жалғасып келе жатыр. Ертеде оcы ұлан-ғайыр жерде сәні мен сәулеті келіскен мыңдаған шаһар бой көтеріп, бабаларымыз сонда мәнді ғұмыр кешкен. Қытайдың бір саяхатшысы: «Түркістан аймағындағы Қаратаудың бойымен Сырдарияға дейін мың өзен ағады. Сол өзендер бойындағы қалалар көкке малынып, жайқалып, жайнап тұр. Тіпті сол шаһарлардың арасында өскен жемістерден көзіңізді алмайсыз» деп айтыпты. Осыған қарап бізде қала мәдениеті мен оның архитектурасы ертеден қалыптасқандығын көресіз. Заманында Сауран, Отырар, Сығанақ, Сайрам секілді ежелгі шаһарлардың даңқы алысқа тарады. Олар сауда- саттықтың ғана емес, өнер мен руханияттың, сәнді сәулет өнерінің орталығы болды.
Қазақтың қарапайым қыстауларының құрылысы да көркемдікпен қаланған. Мәселен, азаттық алғаннан кейін өз қолымыз өзімізге жетіп, салған Арқа төсіндегі еңселі елорданы алайық. Сәулеті мен дәулеті үйлес­кен көркем қаланы осыдан жиырма жыл бұрынғы бейнесімен салыстыра алмайсыз. Тіпті оны салыстыру да мүмкін емес.
Қазір астананың көлемі ұлғайып, келбеті көрке­йіп, ажарлана түсті. Көкпен көк тіреген ғимараттар сап түзеді. Есілдің сол жаға­лауындағы шаһардың әсемдігінің өрнегі өзгеше. Елорда құрылысы бір рет те бәсеңдеген емес, қайта жыл санап жандана түсуде.
Елорданың архитектурасы, негізінен, әлемдік сапаға жету жолында. Бұл дұрыс. Бірақ шаһардың келбетінен, сәулетінен ұлттық нақыш бедері айқын байқалып тұрса деп ойлаймын. Қазақстанға келген туристердің көбі алдымен ат басын астанаға тірейді. Олар елорданың әрбір ғимаратынан, көшесінен халқымыздың әдет-ғұрпы мен мәде­ниетін көзімен көрсек дейді. Қысқа қайырып айтқанда, архитектурадан ұлттың тарихы мен өнері сөйлеп тұру керек. Осы жағдай мені ұзақ уақыт толғандырып жүрді. Сондықтан ұлттық болмысымыздан хабары бар, құндылықтардың қадірін білетін архитекторлардың басын қосып, халықаралық бірлестіктің Қазақ академия­сын құрдық.
– Жақсы екен. Қазір академия қандай жобаны қолға алды, орталығы қайда орналасты, алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Бүгінгі таңда Қазақ академиясына он бес компанияны тарттық. Бұлардың бәрі елімізде бірегей жобаларды жүзеге асырып, әсем ғимараттар мен көпқабатты тұрғын үй кешендерін салған, бәсекелестік ортада әбден ысылып, мойындалған компаниялар деуге болады. Сондай-ақ академияға елімізге белгілі архитекторлар мүше болып кірген. Сондықтан академия мүшелері жиі бас қосып, ой-пікірімізді, тәжірибемізді бөлісеміз. Қазір жобаларымызға қазақ жеріндегі ежелгі шаһарлардың айшықты үлгілерін пайдалануды қолға алып жатырмыз. Айталық, елордада тұрғындарға жақсы таныс «Ағылшын», «Француз» деген кварталдар бар. Осы көпқабатты тұрғын үй кешендерінен сол ұлттың сәулет өнерінің үлгісін байқайсыз. Ал неге дәл осылай «Қазақ» кварталын жасамасқа деп ойладық та, ұлттық нақышпен әсем бедерлеген үлгіні жасадық. Реті келсе, бұл үлгіні барлық аймақта іске асыруға болады.
Академия орталығына келсек, ол әзірше астанада жұмыс істеп жатыр. Болашақта арқалы ақын Мағжан атамыз: «Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деп жыр­лаған, түркі әлемінің мәдени астанасы – Түркістанда орналасады деп жоспарлап отырмыз. Жалпы, жер жүзінде түркі тектес 69 ел мен ұлт бар екен. Түркі әлемі инженерлері мен архитекторлары халықаралық бірлестігінің сол халықтардың әлемге атағы жайылған, талантты деген архитекторлары мүшесі болып саналады.54 ҚАЛАДА 200 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСТЫ

– Еліміздің бірқатар өңірінде жүзеге асқан архитектуралық жобаларда сіздің айшығы бедерлі қолтаңбаңыз бар. Қазіргі күнге дейін қанша жобаңыз іске асты?
– Шынымды айтсам, бүгінге дейін Нұр-Сұлтан, Алматы және облыс орталықтарын есептегенде, бас-аяғы 54 қалада 200-ге жуық жобам жүзеге асыпты. Негізінен, ірі орталықтарға қарағанда, шалғай шаһарларда архитекторлардың ойы, ізденісі ­оңайырақ іске асады. Аймақ басшылары біздің еңбегімізді, жасап жүрген жобамызды, салдырған ғимараттарды біліп, көріп жүргендіктен, бірлесіп жұмыс істеуге ынталылық танытады.
Соның бірі ретінде заңғар жазушы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының Ақтау қаласындағы рухани-мәдени орталығын айтуға болады. Бұл орталық былтыр қабырғалы қаламгердің сексен жылдық мерейтойында пайдалануға берілді. Бұл алаңда суреткердің орталығы ғана емес, облыстық кітапхана мен қазақ театры бой көтереді. Сөйтіп, үшеуі архитектуралық ансамбльді құрайды. Кітапхана құрылысы биыл аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Кітапхана алдына Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойына тарту ретінде ұлы ақынның қырық бес қара сөзін зерлеген кітап бейнесінде ескерткіш қойылады. Осы үлкен кешеннің аумағы он гектарды құрайды. Сондықтан алаң аумағына жұртшылық серуендеп, демалып жүретін саябақ салу қолға алынды. Сондай-ақ шаһардағы әсем ғимараттардың бірі «Дос­тық» үйін салдық. Осындай ауқымды жобалардың бірі ретінде Оралдағы қазақтың біртуар ақыны Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы, Қызылордадағы орталық алаң, қаланың жаңа орталығы, «Жалаңтөс баһадүр», «Сыр-ана» монументтері, Атырау облысындағы «Исатай-Махамбет» мемориалдық кешендерін айтар едім.
Биыл Атырауда зама­науи талапқа сай бой көтеріп жатқан Оқушылар мен Жастар сарайы пайдалануға беріледі. Бұған «Шеврон» компаниясы қомақты қаржы бөліп отыр. Сонымен бірге елордадағы Бас прокуратура ғимараты мен Қазақ гуманитарлық заң академиясының оқу корпусын жобаладық. Оның үстіне, бірқатар көпқабатты тұрғын үй кешендерін салдық.
– Елордаға ерекше көрік беріп тұрған «Астана жұлдызы» монументінің авторысыз. Бұл жоба өмірге қалай келді?
– Бұл жобаның тарихы қызық. Ұмытпасам, 2007 жылы қалалық әкімдік «Тәуелсіздік монументі» атты тақырыппен сәулетшілерге байқау жариялады. Оған архитекторлардан 50-ге жуық жұмыс түседі, бірақ оның арасынан комиссияның көңілінен шыққан жоба кездеспейді. Бір күні сол кездегі елорда әкімі Асқар Маминнің қабылдауында болып, астанаға байланысты жобаларымды таныстырған болатын. Сол кездесуде ол кісі бізде осындай байқау өтіп жатыр, ішінен іліп алар ештеңе болмай тұр, «Осыған қатысып, жобаңызды ұсынып көрсеңіз» деген ұсынысын айтты. Содан бір-екі аптаның ішінде өз жобамызды дайындап, конкурсқа жібердік. Оны Асқар Ұзақбайұлы көріп, ұнатыпты. Жоғары жақта келісімін алып, монументті бірден іске асыруға тапсыр­ма берілді. Ескерткіш бас шаһардан оңтүстік-шығысқа шығатын күре жолдың әуежайға бұрылатын тұсындағы үшайырықта бой көтерді. Оның ашылуына Елбасының өзі келіп қатысып, бізге «Сәтті шыққан жоба» деп ризашылығын танытты. Басында бұл жоба «Тәуелсіздік» монументі болса деп ұсынылған, бірақ ескерткіш жұлдыз секілді жарқырап тұрғандықтан аты «Астана жұлдызы» болып қабылданды. Енді «Тәуелсіздік» монументін «Қазақ елі» деп атап, оған қайтадан байқау ұйымдастырылатын болды. Ол монумент бұдан ауқымдырақ, маңызды болу талабы ескертілді. Сол жолы Елбасы «Мына жұмыстарыңыз маған ұнады, келесі байқау­да жеңіп шығуларыңыз­ға тілектеспін!» деп жылы лебізін білдірді.
– Сонымен, байқауда тағы бақ сынадыңыздар ма?
– Иә. Біз бір жоба, суретшілер бір жоба ұсынды. Екеуі де қазылар алқасына ұнап, бірге жасалған жоба бекітіліп, ұзамай құрылыс жұмыстары басталды. Тарихымызда қазақтың о шеті мен бұ шетіне созылып жатқан жазира даласына қызығып, көз тіккендер көп болғаны мәлім. Бірақ айбынды бабаларымыз бір сүйем жер үшін қасық қаны қалғанша күресіп, байтақ даланы сақтап қалды. Біз жобамызды бабаларымыздың батырлығын, ерлігін барынша бедерлі көрсетуге талпындық. Идея астары «Енді біз азат елміз, мынау біздің жер, қағып қойған қазығымыз» деген мағынаны айтып тұрады. «Қазақ елі» монументінің мәнін «Самұрық құс» айрықша ашып тұр. Оның жанында алты батыр тұлпармен тұрған еді. Бірақ кейін ол өзгеріп, жобаға бірталай ұсыныстар енді. Алайда түпкі идея сақталып қалды. Біздің жобамызды уақытында Парламент Сенатының төрағасы болған Өмірбек Байгелді ағамыз ұнатып, өзі мені кабинетіне шақырып, ұзақ әңгімелесіп, ризашылығын айтқан еді.

ТАЙҚАЗАННЫҢ КИЕСІ БАР

– Түркістанның перзентісіз, қазір киелі қалада құрылыс жұмыстары қарқын ала түсті. Сіздер бұған атсалысып жатырсыздар ма?
– Түркістан менің туған жерім ғана емес, сол шаһарда ұзақ уақыт еңбек еттім. Сондықтан кіндік қаным тамған еліме бір бүйрегім бұрып тұратыны рас. Мен бір жылдары тарихи қаланың бас архитекторы болып қыз­мет атқарғанда шаһардың орталық алаңын көркейту жобасын жасаған едім. Түркістанды түркі руханиятының бас ордасы деп айтады. Осы мәртебеге лайық болу үшін оған бар мүмкіндігімді жұмсасам деймін. Оны мен перзенттік парызым, азаматтық борышым деп білемін. Талай тарихты басынан өткізген қария қаланың бағы жанар күн алда деп сенемін. Түркістан – туризм шаһары. Түркі жұртының ардақты тұлғасы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесіне тәу етіп келушілер қарасы қалың. Қазір шаһарға жылына бір миллионнан астам турист келеді екен. Болашақта туристердің саны бұдан да өсе түседі. Сол кезде осыншама қонақты қабылдайтын қонақүй, басқа да ғимараттар қажеттілігі туады. Осы жағдайлар толықтай ескеріліп, кейінгі жылдары көптеген құрылыс кешендері салынуда. Біздің компания да Түркістанда біраз жобаларды жүзеге асыруға да­йындық үстінде.
– Түркістанды айтып қалдық, сіз ұлы бабамыздың кесенесіндегі тайқазанды елге әкелуге себеп болған игілікті істің басы-қасында жүріпсіз. Осы оқиғаны қысқаша айтып өтесіз бе?
– Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесінде тұрған тайқазанды 1935 жылы Санкт-Петербургтегі атақты музей – Эрмитажға алып кеткен екен. Ұзақ жылдар сонда тұрды. Сексенінші жылдардың орта кезінен кеңестік сая­саттың көбесі сөгіліп, тоңы жіби бастады. Сол жылдары Қазақстан Дизайнерлер одағының төрағасы Тимур Сүлейменов ағамыз­дың кабинетіне Олжас Сүлейменов, Мұрат ­Әуезов секілді зиялы азаматтар жиі келіп, қоғам, мемлекет туралы пікірлесіп, әңгімелесіп отыратын. Сондай бір әңгіме үстінде тайқазанды елге әкелу мәселесі айтылды. Содан бұл іске жұмыла кірісіп кеттік. Елімізге белгілі жиырма екі зиялының қолын қойғызып, КСРО бас хатшысы Михаил Горбачевқа хат әзірледік. Осы игі шаруаның бір шетінде мен де жүрдім. Бұл мәселені халқымыздың ардақты азаматы Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз Қазақстанның жоғары басшыларына жеткізді. Ақыры, М.Горбачевтің келісімін алғаннан кейін енді қасиетті тайқазанды елге әкелуді ойластырдық. Санкт-Петербургтен тайқазанды жүк автокөлігімен алып келдік. Сонда Эрмитаждың қызметкерлері таңертең жұмысқа келгенде алдымен қолымен тайқазанды бір сипайды екен. Олар бізге құнды мұрамызды қимастықпен берді. Негізі, үлкендер тайқазанның киесі бар екендігін айтатын. Оны Эрмитажға Түркістанның төрт азаматы алып барыпты, бірақ олардың кейінгі тағдырлары беймәлім, ешкім ешнәрсе айтпайды. Сөйтіп, ұлтымыздың ғажайып жәдігері – тайқазан бірталай жылдар өткеннен кейін, яғни 1989 жылы 18 қыркүйекте тарихи отанына оралды.

АРХИТЕКТУРА САЛАСЫНДАҒЫ БІЛІМГЕ КӨҢІЛІМ ТОЛМАЙДЫ

– Еліміздегі сәулет өне­рінің қазанында қайнап жүргеніңізге біраз жыл болды. Жалпы, осы мамандықта оқып жүрген жастармен тәжірибеңізді бөлісесіз бе?
– Сіз архитектураны қазақша «сәулет» деп айтып отырсыз. Мен бұл аударманы онша қабылдай алмаймын. Сәулет деген көркемдікті ғана білдіреді. Архитектура – күрделі ғылым. Оның ішінде сәулет, техникалық күрделі конструкциялар, ең жаңа үлгідегі құрылыс материалдары, күрделі есептер, жалпы, көптеген сала жұмыстарының сан түрі бар. Сәулет – соның бір бағыты ғана. Былайша айтқанда, оның мағынасы дизайнға жақындау. Кезінде терминдердің түпкі мәніне үңілмей жапатармағай аударылып кетті.
Біріншіден, қазіргі жас­тар оқып жатқан архитектура саласындағы білімге көңілім толмайды. Біз оқыған бағдарламамен бүгінгі оқу жүйесі мүлде басқаша. Біз барлығын қолымызбен сыздық. Қазір оны компьютермен жасайды да, ми мен қолдың арасындағы байланыс шектеліп қалды. Компьютермен жасағаннан кейін көп нәрсе жасанды сызыққа айналады. Мен Алматыдағы бұрынғы Қазақ политехникалық институтын тәмамдадым. Сол уақытта бізге Мәскеуден оқып келген және отандық архитектура саласының білікті ғалымдары сабақ берді. Төлеу Бәсенов, Малбағар Меңдіқұлов секілді ардақты ағалардан тәлім алдық. Бұл бағымызға бұйыр­ған бақыт еді. Оқытушыларымыз курс­тағы жүз балаға қарап: «Осы жүзден екі бала архитектор болып шықса ырзамыз. Біздің миссиямыз орындалды деп есептейміз» деп айтатын. Биыл біздің компанияда жоғары оқу орындарында оқып жатқан бесінші курстың студенттері тәжірибеден өтті. Арасында талантты жастар бар. Бірақ оларды тәрбиелеу керек. Қазақ академияcының архитекторлары университеттерге барып дәріс оқиды. Мен де өз тәжірибемді жастармен бөлісіп жүремін.
– Сіздің дипломдық жұмысыңыз кезінде бүкіл­одақтық жобада топ жарыпты. Бұл еңбек не туралы еді?
– Институтта оқып жүргенде Бек Ибраев деген ұстазым болды. Қазақстанның еңбек сіңірген архитекторы, түркі әлемінің абызы Қорқыт ата ескерткіш-кешенінің, Абай-Шәкәрім кешенінің авторы болған адам. Қазақтың тарихы мен мәдениетін терең білетін еді. Ұлттық архитектураның үлгілерін заманауи үрдістермен шебер ұштастыра білген маман. Осы кісіден көп нәрсе үйрендім. Кейінгі жылдары Түркістан қаласындағы жобаларды бірлесіп іске асырамыз деп жүр едім, өкінішке қарай, ағамыз өмірден өтіп кетті. Соңғы курста жүргенімде «Түркістан қаласын қалпына келтіру және дамыту перспективалары» атты дипломдық жұмысымды жаздым. Бұл еңбегімді оқытушыларым жоғары бағалап, ізінше Мәскеуде өткен Бүкілодақтық дипломдық жобалар байқауына жіберді. Осы конкурста менің жұмысым екінші орынға ие болды. Бұл маған кәдімгідей қанат бітірді. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін Санкт-Петербург қаласында аспирантурада оқыдым. Ғылыми тақырыбым «Орта Азия мен Қазақстанның көне шаһарлары, қала салуға жасалған принциптері және оны қазіргі уақыттағы талаптармен сабақтастыру жолдары» деп аталды. Аспирантурада оқыған үш жылымда ғылымға барынша мән беріп, ізденіс үстінде болдым. Архитектураның жықпыл-жықпылына бойлап, теория жағынан оны індете зерттеп, тарихтың тереңірек көзін аштым.
– Аға, өнерге, руханиятқа жанашыр екеніңізді жақсы білемін. Зиялылармен тонның ішкі бауындай жақын араласасыз…
– Иә, ол рас. Бұған белгілі қаламгер, асыл азамат Сайын Назарбекұлы ағам себепкер болды. 1999 жылы Атырауда қызмет істеп жүргенде осы кісімен танысып, жақын араластым. Бірде ол кісі менің жұмысыма келіп, Исатай мен Махамбеттің ескерткішін пластилиннен жасаған жобасын әкеп көрсетті. Ұлы күрескер ақынның ЮНЕСКО-ның шеңберінде атап өтілетін 200 жылдық мерейтойы құрметіне осы жобаны одан әрі ұштап, жетілдіріп, мемориалдық кешен ретінде жасадық. Оны іске асыру үшін екі-үш жыл табан құрғатпай бірге жүрдік. Содан ағалы-інілі жақын сыйласып кеттік. Сайын ағаның араласатын ортасы керемет екен. Осы ортада Әбіш Кекілбайұлы, Ақселеу Сейдімбек, Дүкенбай Досжан, Қажығали Мұханбетқалиұлы, Төлен Әбдік, Қойшығара Салғара секілді ағаларыммен таныс болдым. Бәрі – қара сөзге жорға, ел қадір тұтатын азаматтар. Осы асыл ағаларыма іні болуға тырыстым. Жандарында жүріп, ұлағатты әңгімелерін тыңдап, тас бұлақтың суын қанып ішкендей әсерде жүрдім. Әбіш ағаның, Ақселеу ағаның әңгімелері қандай еді! Төлен аға секілді ойшыл да қарапайым адамды әлі көрген емеспін. Қажығали ағаның Сырым батыр туралы айтқандарын тыңдай бергіңіз келеді. Қойшығара ағамен сөйлескенде тарихтың тереңіне сүңгисіз. Қазір де елордада Қойшығара, Төлен, Қажығали ағалармен жиі кездесеміз. Олармен әр жүздесуімді өмірімнің сәтті бір күндері деп бағалаймын.

– Әңгімеңізге рақмет, аға!

Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 3 =