«АРХЕОЛОГИЯНЫҢ ДА, МУЗЫКАНЫҢ ДА АРҚАУЫ – ҮЙЛЕСІМ»

0 292

Без имени-2

Бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде сақ жауынгері – «Алтын адам» мен Астана түбіндегі Бозоқ қалашығын алғаш кешенді зерттеуші, көрнекті археолог Кемел Ақышевтің (1924-2003) туғанына 90 жыл толуына арналған «Еуразия мәдениеттер тоғысындағы Қазақстан археологиясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Осыған орай біз газетімізде белгілі ғалым Дихан Қамзабекұлының кезінде академик ағамыздан алған, бірақ бұған дейін еш жерде жарық көрмеген сұхбатын жариялағанды жөн көрдік.

– Кемел аға, ассалаумағалейкум?!..
– Аман ба?! Кім боласың?..
– Аға, менің есімім – Дихан, фамилиям – Қамзабекұлы. Көршіңізбін. Сізді, жұмыс мәшинеңізді, шопыр балаңызды күнде көремін. Алматыда Ғылым академиясында жұмыс істегенмін. Әдебиет тарихшысымын. Мені сізге жіберген – Құсанова Шағила есімді профессор, майдангер апайымыз. Өз әкем де соғысқа қатысқан адам еді…
– Ә-ә, Шағила жіберді ме? Жай ма?..
– Қазақ ұлттық музыка академиясы «Музыка және ғылым» атты халықаралық конференция өткізгелі жатыр. Соған баяндама сұрай келдім. Шағила апай «Археология және музыка» деген тақырыпта баяндама жасап берсе деп өтініш айтты.
– Онда былай болсын. Мен біраз ойымды саған ауызша айтайын. Ғылыми конференция нақтылықты керек етеді. Археологиялық нақтылыққа қатысты сұрақтарыңа Дөкей Тәлеев деген шәкіртім бар. Жауапты, ғылыми деректерді сол арқылы пысықтап берейін. Қазір Бозоқта жұмыстарымыз бастан асады…
– Аға, білейін дегеніміз – археология мен музыка немесе өнер арасындағы байланыс еді.
– Археология – сан ілімінің тоқайласуынан туатын ғылым. Оны терең ұғынуда өнертану, тарих, әдебиет, биология, зоология, геомет­рия, математика, т.б. ғылым салалары көмекке келеді. Сонымен бірге археология адамзаттың өткенін нақты, деректі жәдігерліктермен зерттейтін ғылым екенін көпшілік жақсы біледі. Археология терминін қолданысқа түсірген философ Платон екенін былайғы жұрт біле бермейді. Абай бұл данышпанды «Аплатон» дейді. Археология – «ескілік туралы ғылым» деген сөз. Осы ғұлама біздің дәуірімізге дейінгі 427-347 жылдарда өмір сүрген. Өзі «өткенді білуге ұмтылыңдар» деп өсиет тастап кетті. Бір қызық факт: 18-ғасырда осы термин «өнердің ежелгі тарихы» деген ұғым берді.
Өнер де – археология секілді ескі әрі күрделі құбылыс. Соңғы зерттеу­лер адамзаттың жасы 2,6 милионнан әрі барып жығылады деп отыр. Адамзаттың жазуға дейінгі тарихы оның жалпы тарихының 99,9 пайызын құрайды. Мұның өзі археологияның қоғамдағы рөлін ерекшелендіреді. Ежелгісін жазбалар арқылы біле алмайтын елдер осы археологияға жүгінеді. Ендеше, бізге беймәлім өнер тарихының кілті де археология қолында.
Археология өнерге қатысты жәдігерліктерді осыдан 100 жылдан астам бұрын тапты. 1879 жылы испан археологы Марселино де Саутола Әл-Тамир үңгірінен палеолит дәуірінің көрнекті суретін ғылым әлеміне жария етті. Ол үңгір Испан жерінде. 1895 жылы Францияның Ля Мут үңгірінен алғашқы қауымның адамы салған сурет шықты. Әлгі Әл-Тамирдегі суреттің ұзындығы 280 метр екен. Ал онда 150 аң бейнеленіпті. 1959 жылы өзімізге шет емес Орал тауларындағы Қап үңгірінен зоолог Александр Рюмин сурет бейнесін тапты. Осы Оралдағы Сабақты аталатын жерде адам суретінің табылғанын да айта кету керек. Әрине, мұндай фактілерді жалғастыра беруге болады. Бірақ мұны біз жалпы өнерге қатысты болған соң айтып отырмыз.
Музыка – сол өнер атаулының әулиесі, киелісі. Менің білуімше, археология музыкаға жете көңіл бөлмей келеді. Яғни, алғашқы музыкалық аспаптарды табу ісінде шабандылық танытып жүр.
Археология мен музыка байланысын саралауда біз мына жайды бажайлап алайық: бірінші, «музыка қайдан пайда болды?»; екінші, «ол әлемге қалай танылды?».
Меніңше, музыка пайда болуының екі жолы бар. Бірінші жол – механикалық жол. Бұл еліктеуден пайда болды. Судың сылдыры, шөптің сыбдыры, желдің шуылы, аң-құстың саңқылы, арсылы, ұлуы, айбаты, т.б. құбылыстар алғашқы еліктеуді туғызды. Бұл музыканың тууы еді. Екінші жол – зерделілік яки интеллектуалдық жол. Алғашқы қарапайым ой, сұлулықты түсінудегі бірінші қаз-қаз қадам, әсемдікке тұңғыш бой ұру адамды осы жолға салды. Ал, әсемдік негізі – әйел еді. Біздің дәуірімізге дейінгі 8-9 ғасырларда әйел бейнесін сомдаған жәдігерліктер туа бастады.
– Өзіңіз айтқан нақтылыққа қарай жүрсек, ол қандай жәдігерліктер?
– Отандық ғылымда белгілі Айыртам фрескісінде әйел арфа сынды аспапта ойнап отыр. Мұның өзі екі ұғымды білдіреді: бірі – әйел сұлулық рәмізі, екіншісі – сұлулық пен музыканың егіз екендігі. Қазақ «Әйелге сұлулық жарасады» деп бекер айтпаса керек. Тағы бір есте болар нәрсе мынау: исламға дейінгі қазақ тегінің немесе протоқазақтың жаратушысы – Тәңірі Ұмай. Ол – әйел. Әлбетте, көп халықтың түсінігінде «жаратушы – әйел текті» деген ұғым бар. Әйтсе де, Ұмай тұлғасы – мифологиялық тұлға болса да, оны археологиямен байланыстырып зерттеу күн тәртібінде тұр. Мен осы мәселеден де музыкаға байланысты дерек табылады деп ойлаймын.
Қазақстан жерінен табылған археологиялық жәдігерліктердің ішінде (уақыт жағынан біздің дәуірімізге дейінгі I ғасырда жасалынған) темірден істелген музыка аспабына ұқсас бұйым бар. Сондай-ақ, біздің дәуіріміздің I ғасырының мұралары арасында сүйектен жасалынған үрмелі аспаптар табылды. Бір айта кететін нәрсе: осы кезде және одан да бұрын ағаштан, қурайдан, қамыстан, т.б. заттардан музыкалық аспап жасалынған болуы мүмкін. Бірақ, ондай заттар сақталмайды. Яғни шіріп кетеді.
Біздің дәуіріміздің 4-6-ғасырында Қазақстанда қобыз пайда болды. Оның Еуразия мәдениетіндегі орны ерекше. Қобыз – тек музыкалық аспап емес, ол – ұраншы, ол – емдеу құралы. Сондықтан оның синкреттілігі халық ойының өскенін көрсетеді.Қазақ музыка өнері тарихын ортағасырлық Шығыс өркениетімен жалғасып жатқан Отырар мәдениетінен бөлек қарау мүмкін емес. Жалпы, бұл кезеңде Сырдария өңірі мәдениеті айрықша еді.
Сырдария – ежелгі өркениеттің бесігі. Мысыр үшін Ніл қандай рөл атқарса, Қазақстан үшін Сырдария сондай рөл атқарды. Отырар, Сауран, Яссы, Сүткент, Үзкент, Жент, Жанкент, т.б. қалалар – осы өркениеттің дәлелі. Міне, осы Отырардан сазқобыз, сүйектен жасалған сыбызғы табылды. Егер археологиялық жазба жұмыстары жетілдіріле түссе, біз әлі де болса, домбыра, қобыз, сыбызғы, дауылпаз, ысқырық, қамыс сырнай, қос сырнай, бұғышық, мүйіз сырнай, керней, шертер, жетіген, шаңқобыз, дабыл, даңғара, шың кепшік, асатаяқ, қоңырау сынды қазақ музыкалық негізін, қайдан шыққанын табар едік. Әлбетте, осы проблеманы зерттеуде түркі халықтарына ортақ музыкалық аспаптардың бар екенін, ол ортақтық мәселесі кең қарауды қажет ететінін білуіміз керек.
Пазырық қорғаны мен бүгінгі Жезқазған, Жамбыл өңірлерінде жүргізілген археологиялық зерттеулер домбыраның да, қобыздың да алғашқы көшпелі тайпаларда болғанын дәлелдеп отыр.
– Сізді ел әлемге танымал қазақ «Алтын адамын» зерттеудің басында тұрған тұлға ретінде жақсы біледі. Осы сақ жауынгері тек қару ғана ұстаған адам болмаған шығар.
– Мәдениет – күрделі әрі жан-жақты құбылыс. Мысалға сол Есік қорғанынан табылған сақ жауынгерінің киіміндегі әшекейді алайық. Осы сақ жауынгерінің жалпы киімінде (бас киім, аяқ киім, үстіне киген киім) 4 мыңнан астам алтын қаптамалар мен тіліктер бар. Бәрі де әшекейлі, үйлесімді. Осындай үйлесімділікті білген адамдар музыканы түсінбеді деу ақылға сыймайды. «Алтын адам» киімі мен жарағында артық нәрсе жоқ. Толық гармония. Үйлесім. Талғам. Археологияның да, музыканың да арқауы – үйлесім.
Бұл дегеніңіз – ежелгі дәуір соғыс пен қару-жарақтың ғана дәуірі емес, өркениет негізінің дәуірі де болғанын айғақтайтын факт.
Сақ мәдениетінің алғашқы кезеңі (бұл біздің дәуірімізге дейінгі 7-6-ғасырлар) де, соңғы кезеңі де (бұл біздің дәуірімізге дейінгі 5-4-ғасырлар) белгілі бір жүйеде дамыды деуге негіз бар. Біз бұған III (үшінші) Қадырбай, Қарашоқы және Қызылауыз ескерткіштерін сараптай отырып көз жеткіземіз. II Қадырбай (Іле аңғары) қорымынан б.д.д. ІV-ІІІ ғасырларға тән қыш ыдыстар, аң стилінде сәнделген қола тоға және сабы бар қола айна шықты. Бұл туралы кезінде ғалым Евгения Агеева ұқыпты жазды. Осы ретте сақ мәдениетінің жарқын мұрасы болып табылатын Жетісу алтарін (құрбан шалуды бейнелеген рәсім бұйымы) айналып өте алмаймыз. Ол – төрт аласа аяғы бар, жиегінде қанатты жиырма бес арыс­тан мүсіні орналасқан тік бұрышты үстел. Басқа көмбеден табылған шырағданның дөңгелек табақшасы қуыс конус тәрізді тұғырға бекітілген, жиегінде бірінің соңында бірі маңғаз басып келе жатқан сегіз жолбарыс бейнеленген, ал табақшаның дәл ортасында айыр өркешті екі түйенің мүсін-бейнесі бекітілген.
Есік қаласы маңынан төрт қазандығы (үш қола, бір темір) бар бір шырағдан табылды. Шырағданның дөңгелек табақшасы тор көзді конус тәрізді тұғырға орнатылған. Табақша үстінде аттың, ал оның қарсысында малдас құрып отырған ер адамның мүсіні бекітілген. Ал, мүмкін бұл адам ойшыл шығар. Қоршаған орта үйлесімділігін ұғынған жан, тіпті, музыканы түсінетін кісі болар.
– «Алтын адам» айтылған жерде жанындағы күміс тостаған және ондағы жазу сөз болып жатады. Сол туралы не айтасыз?
– Ол күміс тостағандағы жазу 26 таңбадан тұрады. Бұл бір феномен. Филологтар, түркологтар әрі-бері оқып, құпиясын толық аша алмай келеді. Мен айтар едім: сол заманда алфавиттік жазудың болуы – мемлекет деңгейін, мұнда өмір сүріп жатқан сауаттылардың дәрежесін, елдің даму сатысын, этникалық тұтастықты көрсететін факт. Сөз жоқ, бұл жазу тостағаннан әлдеқайда бұрын пайда болған.
– Енді бүгінгі уақытқа, қазіргі ізденістеріңізге келсек. Астана іргесіндегі Бозоқ не мекен? Ол Қазақстанға не үшін керек?
– Менің Ақмолаға қалай келгенімді, нені зерттеп жатқанымды баспасөзден жақсы білсеңдер керек. Ежелден су болса, ну болады; ну болса, ел болады; ел болса, тарих болады. Елбасымыз жаңа астанаға орын іздегенде болашақ пен өткеннің байланысын да ұмытқан жоқ. Мен ол кісінің қабылдауында болғанымда осы жағын көп айтты. Бастапқыда қазба-зерттеу орнын «Ақжол» деп атадық. Қазақ үшін «ақжол» – қасиетті сөз, ізгі ниет. Бірақ оны жан-жақты қаузаған сайын ежелгі өз аты алдымыздан шыға берді. Сондықтан «жұмыс атауын» тарихи атауға өзгерттік. Бозоқ қалашығы бүгінгі Астана қаласының батыс шетіндегі Есіл өзенінің сол жағында, Бозоқ көлінің шығыс жағалауында орналасқан. Ол көл деңгейінен 1-2 метр биіктіктегі жазықтыққа орналасыпты. Суы тұщы көлдің жағасы – қалың қамыс пен құрақ. Қамыс арасында су құстарынан аққу, қоңыр қаз, үйрек, ақ шағала, балықшы, барқылдақ мекен еткенін қазір де көре аласыздар. Бозоқ қалашығының айналасындағы жусанды жерлер Орықты-жон жазығының шығыс өңіріне қолтықтай кіретін Атбасар жазығының құрамына енеді.
Бозоқ сынды қалашық орны – ел тарихының терең екенін түйсіну үшін керек. Кеңестен қалған «қазақтың оңтүстігінде ғана қала болған» деген тұжырымдаманы өзгерту үшін қажет.
– Ол жерде кейін мекен болған ба? Бозоқты қалашық етіп көрсететін қандай дәлелдер бар?
– Дәл үстіне ештеңе орнамаған. Сондықтан да бізге жетіп отыр. Ал, сол Орықты-жонды солтүстік шығысынан Мұқыр өзені кесіп өтеді. Оның жағалауында өткен ғасырдың 20-30 жылдары – Қарөткел, 30-40 жылдары -Кеңес ауылдары болғаны мәлім. Кейін «Ильинка» деп кеңестік түсінікше жаңаша аталған. Бозоқ қалашығы Ильинка ауылының шығысына қарай 6 шақырым жерде.
Орта ғасырларда Бозоқтың оңтүстік-шығысынан 2 шақырым жерден керуен жолы Омбы-Қызылжар – Көкшетау-Бурабай, одан әрі қарай Есілдің оң тармағы Қайрақты өзенінен – Ақмола, одан Нұра өзені арқылы Бытығайға дейін Құланөтпес, Кеңгір, Сарысуды жағалап Созақ-Сығанақ-Сауран арқылы Түркістанға дейін барған. Осы керуен жолының кейбір тұстарында жолаушылар аялдайтын тұрақтар болған ба деймін.
Аэросуреттің көрсетуіне сәйкес осындай керуен сарайлардың бірі Бозоқтың оң жағында 2 шақырым жерде болғаны байқалады. Өкінішке қарай, Қорғалжын автокөлік жолы салынарда ол аяусыз қиратылған.
Топографиялық зерттеу барысында Бозоқ қалашығына Есілден ауыз су тартылғанын аңғардық. Каналдың ұзындығы 5 шақырымға жетеді, ені 2 метрден асады.
Қалашықтың қорғаныс жүйесі де кереметтей. Оның сыртқа шығатын және көрші бөліктерге баратын есіктері болған. Кварталдар бір-біріне жанаса орналасқандықтан үш жапырақты гүлге ұқсайды. Қалашықтың орталық бөлігінде, үш кварталдың түйіскен жерінде батыстан шығысқа қарай орналасқан тік бұрышты формадағы алаң бар. Мұның рухани, мәдени орын болғаны айдан анық.
«Бозоқ» ұғымы мен Бозоқ қалашығының үш бөлігінің тығыз байланысы бар. Үш бөлік – байырғы түркі және моңғол билігінің мемлекеттік құрылымы. Орталық – орда, оң бөлік – үшік, сол бөлік – бозоқ. Қазақ хандығының Ақ Орда, Көк Орда, Алтын Орда бөлінісі де осыған сай келеді.
Қалашықтың солтүстік кешені қам кірпіш әзірлеу орны, сазды дайындау мен қалыпқа құю бөлігі болғанын көреміз. Кірпіш дайындайтын өндіріске қажетті су көлден шығыр арқылы тартылған. Осының бәрі өнер емей немене? Мұның баршасы адамның ақылы емей немене? Қалашықтың айналасында да, ішінде де үйлесімділік, жүйе бар.
Әрине, мұндай мекен ел және мемлекеттік құрылым болмаса, жүйелі басшы, іскер халық, талантты мамандар болмаса, өмірге келмес еді. Ал, іскерлік пен қабілет рухани жетілусіз қалыптаспасы тағы да белгілі.
Бозоқтың орнын, ескерткіш қалдықтарын ғылыми жүйеде алғаш байқаған – 19-ғасырдың топографы Иван Шангин. Кейін тың игеру кезінде ескінің көзі, кесене кірпіштері жойылған.
– Аға, сіз бен біз университетте қызмет істейміз. Жоғары мектептің негізі – ғылым. Қазақстан ғылымының алып бәйтерегі – академик Қаныш Сәтбаев. Осы кісі қалыптастырған Қазақстан ұлттық ғылым академиясы. Қанекең туралы бір ауыз айта кетсеңіз…
– Қанекең – өте зор тұлға. Мемлекетіміздің ғана емес, әлемнің мақтанышы дер едім. Ол кісінің заманында Мәскеу бәрін билеп-төстеп отырды. Қанекең соған қарамай ақылмен, парасатпен Қазақстан ғылымын, ғылыми-зерттеу саласын қалыптастырып, дамытты. Менің адам болуыма да ол кісі көп үлес қосты.
Баянауыл тарихын жақсы білсеңіздер, Шорман есімді әйгілі би өткен. Менің әкем Ақыш – сол кісінің немересі. Анам Ғазиза – Имантай Сәтбаевтың қызы. Біз бір әке-шешеден сегіз ағайын едік. Бес бауырымды аштық жалмады. Жеті жасымда мені Қаныш ағатайым Қарсақбайға алып кетпегенде не болатынымды білмеймін… Соғыс басталғанда, Қанекең Алматыға қызметке шақырылды. Мен мектепті сонда бітірдім. Сол жерден соғысқа өз еркіммен сұранып кеттім. Алғаш Самарқантқа қоныс аударған Воронеж әскери училищесінде даярлықтан өтіп, Днепр бойындағы 230-шы Сталиндік атқыштар дивизиясы құрамына алындым. Воронеж, Донбасс, Одесса, Тираспольді азат етуге қатыстым. 1944 жылы жау снайпері қолымды жаралады. Оқ қолымды төрт жерден тескен екен. «Дәрігерлер жаралы қолымды кесіп тастамаса» деп тіледім. Құдай тілеуімді жеткізгенімен, оң қолым жартылай семіп қалды. Әрі қарай соғысуға жарамай елге қайттым. Қанекең бұл жолы да рухани тұрғыдан қатты демеді. Әлкей Марғұланды үлгі етіп, археолог болуыма кеңес берді. Әлекең негізі филолог еді, кейін қайта маманданып, әрі тарихшы, әрі археолог болды.
Мен геолог болсам деуші едім, оған оң қол жарамады. Геологияға жақын рухани ғылым археологияға Қанекеңнің ақылымен бардым. ҚазМУ-дің тарих факультетін бітіріп, іргелі ғылымды Оңтүстік Қазақстан­да зерттеу жүргізген Александар Бернштам экспедициясының әліппесін үйреніп бастадым. Одан кейін ғылым академиясындағы зерттеулерім, зерттеу нәтижелерім елге белгілі шығар.
50-жылдары Қанекең мен Мұқаңдар қудаланғанда, ақылдылардың кеңесімен Ленинградқа аспирантураға кеттім. Ол мектеп мен үшін үлкен олжа болды.
– Алдағы конференция тақырыбына қайта оралсақ. Археология мен музыка байланысын қай тұрғыдан жаңаша зерттеуге болады деп ойлайсыз?
– Жалпы музыка мен археология байланысы арасындағы зерттеулердің жаңа бағыты төмендегіше өрбу керек деп есептеймін:
Бірінші, осыған дейін табылған археологиялық мұралардағы музыкаға қатысты элементтердің тізімдемесі жасалу керек.
Екінші, белгілі бір кең қолданылымдағы музыкалық аспаптардың эволюциясы табылған жәдігерліктерге сәйкес зерделенуі қажет.
Үшінші, Шығыс өркениеті тұсында бой көтерген қалаларға қатысты жазылған жазба ескерткіштері мен археологиялық жәдігерліктерді салыстыра отырып, музыка және музыкалық аспап тарихына үңілу керек.
Археология жұмысының нәтижесі ондаған жылдармен ғана есептелмейді. Ұзақ та болса уақытты тиімді пайдалану, тапжылмас ізденіс, ұқыптылық – бұл ғылымның негізгі шарты.
– Әңгімеңізге рахмет!

10.09.2001 жыл

 

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve + 16 =