АРҒЫМАҚ ЖЫЛЫМ, АРЫНДА!

0 413

Берел корганын табылган сак косемінің тулпарының әбзелдері

Жылнамалық мүшел есебінің жетінші жылы босағамыздан енгелі тұр. Қасиетті сан болғандықтан шығар, бабам қазақ бұл жылды Қамбар ата малына еншілепті ғой. Өйткені, қазақ – тарпаң тұлғалы, жылқы мінезді, тұлпар текті. Қазақ тұрмысының жылқы малымен қабысып жатқанын айтудың өзі әбестеу-ау. Алайда, күлікті түлік деп тани бермейтін бүгінгі буынға қылқұйрықты жануардың біздің санаға сіңген қасиеті мен қадірін шамамыз жеткенге дейін саралап берсек…

 

 

Шылбырды бізге ұстатқан Ботайлар

«Осыдан бес мың жыл бұрын, – дейді тарих, – өзіміз отырған Арқа төсін мекендеген қазақтың Ботай тайпасы түз малын Еуразия даласында ең алғаш құрықтаған». Екі жүз жылдай ғұмыр кешкен бабаларымыз жылқыны осылай қолға үйретіп, шылбырын бізге ұстатып кетіпті. Сол жануар содан бері қаны қазақтың айнымас серігіне айналып, жауға шапса рухы, жолға шықса сенімі болды. Апайтөс арғымақ тізгіндеген Еділ патша күллі Еуропаны ғана емес, түу Римді де тізе бүктірді.

Шетелдік саяхатшылар қазақ атқа қонса бойына ерекше қайрат бітіп, жігер билеп, құлпыра түсетінін айтады екен. Енді ше, бір замандарда көшпелі аталарымызды жылқы малынсыз елес­тету әсте мүмкін емес. Тіпті, көш­пе­лілер мен жылқы түлігі егіз ұғымдай көрінеді. Оларды «аттылар әулеті» деп айдар тағу да бекер емес.

Осы жаратылысымызға жануардан ұқсастық іздеу – бізге ғана тән шығар. Бұл – қазақтың жылқыға деген құрметінің белгісі екені рас. Ат десе ішкен асын жерге қоймайтын, тұяқтың дүбіріне елең етпейтін қандасымыз сірә некен-саяқ.

 

Ереуіл атқа ер салмай, ерлердің ісі бітер ме?..

Тумысынан «күлдір-күлдір кісі­не­ген» жылқы жалына жармасып өскен қазақ жануардың жасын, мінез-құлқын, түр-түсін, қадыр-қасиетін, түп-тұқиянын бес саусағындай білген. Сондықтан да «жылқы – жалын төсейді, есек – тұяғын төсейді», «жылқының үсті – жел, сүті – ем», «атты тағаласаң, есек аяғын көтереді», «қазанат қам­шы тигізбейді, азамат жоғын білгіз­бейді», «ат айналып қазығын табар», «ат аунаған жерде түк қалар» деп көсемситініміз бар. Сондықтан да «Қара жорғаға» билейміз селкілдеп, «Маңмаңгер», «Ақ бақай», «Салторыны» шырқаймыз мамырлатып, «Құлжагер», «Телқоңыр», «Қос күрең», «Көк дөнен» сынды күйлерді шертеміз күмбірлетіп. «Бәйге алмаған жүйріктен, белі жуан бесті артық» деп жырлайды Шалкиіз жырау. «Ереуіл атқа ер салмай, ерлердің ісі бітер ме?» деп түйеді Махамбет батыр. «Тұлпардан тұғыр озбас шабылса да, оған да үкі тұмар тағылса да» дейді данышпай Абай.

Жылқы малын бүге-шүгесіне дейін зерделеп, әр қылына дейін талдаған ұлтымызда бұл түлікке қатысты айтылатын мақалдар, мәтелдер, тіркестер аз емес. Айталық, «ер мұрынды, ат ерінді келеді», «ер қанаты – ат» «қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ», «арғымақтың тұяғы тасты басса кетілер, сазды басса жетілер», «торы айғырдың үйіріндей», «атың барда жер таны желіп жүріп, әкең барда ел таны еріп жүріп», «ер жігіттің ішіне ер тоқымды ат сияр», «ат тұяғын тай басар»…

Жылқы баласымен бірге өсіп, біте қайнасқанымыздан болар, келіндеріміз нәресте босанғанда да «ат ұстар», «ат байлар» деп сүйіншілейміз. «Ат құлағы көрінбейтін тас қараңғы», «ат құйрығын кесісті», «ат тізесін қосты», «ауы атқа, аузы аққа жарымаған», «ат үстінен түспеген» деген секілді афоризмдеріміз тағы бар.

Ақ жаулықты аналарымыз, әсіресе, ұлдарын «құлыным, құлыншағым» деп еміренеді ғой. Сол құлыншақ қу шыбықты ат қылып, жалаң аяғымен жердің шаңын бұрқырата шабады. Осындай мейіріммен, ойынмен өскен бала жабағыдай жүйткіп, тай-құнандай тебісіп, асаудай арпалысып, тарпаңдай жер тарпып есейеді.

 

«Құлагер, шешең – сұңқар, әкең – тұлпар»

Тарихтың сарғайған беттерін парақ­тасақ, кешегі Ақан серінің Құлагерінен бұрын да талай-талай пырақтар өткенін көреміз. Даңқы жер жарған кемеңгер қолбасшы Күлтегіннің Боз аты, Қара қыпшақ Қобыландының Тайбурылы, Алпамыс батырдың Байшұбары, Ер Тарғынның Тарланы… Бала кезімізден құлағымызға сіңісті болып қалған дастандардан дарыды санамызға бұлар. Себебі, көшпелі елдің аңыз-ертегісінде де, батырлық эпостарында да басты кейіпкерінің бірі – жылқы. Жарты әлемді жаулаған Шыңғыс хан мен оның Абылай, Кене, Шоқан сынды ұрпақ­та­рының да ұлы жорықтары жануардың тұяғымен басталып, тәмамдалмады ма. Өйткені, жылқы болмысында иесіне күш-қуат беретін, рух шақыратын, арқа қоздыратын тылсым қасиет бар.

Ат құлағында ойнаған қазақтың кешегісін бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, қыз қуу сынды ұлттық ойындарысыз елестету қиын. Сәйгүліктермен салтанаты жарасатын мұндай ізгі дүниелеріміз кеңес заманында біршама ғайыпқа айналғанымен, егемендігімізді алғалы қайта қауышудамыз. Ат үстіндегі ойындарымызды жетілдіруде Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы айтарлықтай тер төгіп жүргені қуантады.

«Ескерткіш – елдіктің белгісі». Хас жануарға құрметіміздің әлі сөнбегенін ел ішіндегі тасмүсіндер айғақтайды. Белгілі журналист, ұлт жанашыры Сәдібек Түгелдің Көкшетау өңірінде тұрғызған Құлагердің ескерткіші көңіл марқайтады. Талдықорған қаласындағы жығылып жатқан арғымақтың аянышты халін бейнелейтін мүсін де осы Құлагердің соңғы демін, Ақанның зарлы үні мен көз жасын еске салады. Әйгілі Абсент тұқымына арналған бір ескерткіш Жамбыл облысында қасқайып тұр.

 

Жылқы жылы – жұтсыз

Бұл – қазақ атамыздың тұжырымы. Тарихқа тағы көз салсақ, жылқы жылдарының жұтсыз, жайлы болғанын байқаймыз. Сондықтан қозғалысты, белсенділікті қалайтын жылқы жылын іргелі жобалар іске асатын, табысқа кенелетін, бақытқа жететін мезгіл деп қабылдағанымыз жөн.

Қазақтың қаны мен жылқының жанында ұқсастық бар дедік. Тек таза суды ішіп, шүйгін шөпті талғап-таңдап жейтін, үйірімен өмір сүргенді қалайтын жылқы тектес болмы­сы­мыз әу бастан досқа – дархан, дұш­пан­ға – тарпаң көрінеді. «У ішсең руыңмен» деп мақалдайтынымыз да содан. Осындай қазақтың Қаракерей Қабанбай батыры, Жамбыл ақыны, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин тәрізді біртуар классик қаламгерлері жылқы жылында өмірге келіпті. Осы тұлғалардың ел тарихында биіктен орын алғандығы және тума талант иелері екендігі шын мәнінде, жылқы жылында дүние есігін ашқандарымен түсіндірсек, қателеспеспіз. Өйткені, адамның мінез-құлқы мен болмысы өзі өмірге келген жылдың иесімен байланысты болатынын психологтар да, ғалымдар да растайды.

Айтпақшы, қайсы біреулердің «жылқы жылында жылқы союға болмайды» дейтіні бар. Бір күнін қазы-қартасыз елестете алмайтын қазекең үшін мұндай «ырым» қиын, әрине. Бәлкім, бұл – әлгілердің жылқыға деген құрметі мен ілтипаты болар.

 

Қанатты пыраққа қараңыз

Енді мынаны қараңыз, Қазақ мемлекетінің Елтаңбасында қанатты һәм мүйізді қос пырақ бейнеленген. «Керқұла атты Кендебай» ертегісіндегі батырды көзді ашып-жұмғанша үлкен дарияның ортасына алып келетін қанатты тұлпары бүгіннің де рухты айбыны. Ал мүйіз – ерліктің, қайсарлықтың белгісі, тіпті киелілік. Ел мұрасында «Ескендірдің мүйізі», «Өтеген батырдың қос мүйізі» деген тіркестер бар. Мүйіз – қазақ халқының жауынгерлік рухын, қайсарлық қуатын, қайратты қабілетін айқындап тұр.

Қазіргі күннің өзінде қазақтың жыл­қы малын көрсе болды, тақымы қозып, қаны қызып кететіні бар. Жыл­қы – қазақ халқының тегі, тотемі десе де болады. Бірде-бір рәмізімізде тұл­пар­дың, жылқының бейнесі болмауы, бәлкім, жетімдігімізді білдіретін бе еді?..

P.S. Атқа қонған қазақтың айрықша рухтанып, құлпырып, күш-жігері арта түседі екен. Міне, мұқым қазақ даласына жылқы жылы келе жатыр…

Асхат РАЙҚҰЛ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 2 =