Ардақ Бекішев: «Спорт – өмірлік серігім»

0 92

Жастар десек, үнемі физикалық тұрғыдан шыныққан, спортқа​ қызығушылығы басым ұрпақты көргіміз келететінін жасырмаймыз. Өскелең ұрпақтың бойына спортқа деген қызығушылықты сіңіретін де спортты жанына серік еткен аптал азаматтар екенін ұмытпағанымыз жөн. Бүгінгі кейіпкеріміз тісқаққан бапкер, ғұмырын Отан қорғауға арнаған Ұлттық қауіпсіздік органдарының және Шекара қызметінің ардагері – Ардақ Бекішев.Ардақ Тұрдығалиұлы​ Шекара офицерлерінің көбісіне жақсы таныс десек қателеспейміз. Өйткені кейіпкеріміз ҚР ҰҚК Шекара Академиясында көп жылдан бері дене шынықтыру және спорт бойынша нұсқаушылық жасап,​ курсанттардың шымыр болып шынығуына өзіндік үлесін қосқан. Сол арқылы аталған ведомствада да үлкен құрметке ие болған.

Бақ көрінгеннің басына қона бермесі анық. Адамның абыройлы да бақытты болуының сыры неде? Ал, кейіпкеріміздің бағы қашан жанды? Сәттілігінің сыры қандай? Ол үшін оның өмірлік жолына там-тұмдап еніп, етене танысқанымыз жөн. Ағысы​ қатты өзен қайнар бұлақтан басталатыны сияқты, кез келген адамның өмірі балалық кезеңнен бастау алады. Кейіпкеріміз 1967 жылы 13 қарашада Алматы облысы Алакөл ауданы Көктұма ауылында дүние есігін ашқан. Өскен орта, туған жер барлығы кейіпкеріміздің көңілінде бұл-бұлша сайрап жатыр. Алакөлдің мөлдір суы және ыстық күні мен құмы өзі секілді қарасирақ балаларды менмұндалап шақырып тұратын. Үйден шыға салысымен бір топ бала сол көлдің құшағына енетін. Кеш батарда шаршап шалдығып үйлеріне оралатын. Барлығы жақын, барлығы тілектес, ата-апасының ыстық наны мен алақаны барлығы бала Ардақтың есінде. Әкесі Тұрдығали отбасын құрғанда Алматыдағы зоотехникалық – малдәрімалдәрігелік ​ ​ ​ ​ ​​ институттың студенті еді. Отбасын құрғаннан ​ кейін ​ дүниеге тұңғыштары келеді. Өздері оқу орнын аяқтау үшін перзенттерін атасы мен апасының қолына тапсырады. Алғашқы жылдары кейіпкеріміз атасының тәрбиесін алып өседі. Кейін ата-анасы жоғары оқу орның аяқтаған соң, туған ауылдарына жас маман ретінде оралады. Атасы Бекіш көпті көрген салмақты кісі болатын. Өзі Ұлы Отан соғысының ардагері, атақты Ленинград шайқасына қатысқан ержүрек жан. Екі рет жаралы болып, Берлинге дейін жеткен. ​ Осындай зұлматты көріп келген атасы бейбіт күнге өз еңбегін сіңірді. Атасының нақылын сіңіріп өскен кейіпкеріміз, тұлға болып қалыптасады. ​ Әкесі Тұрдығали да жас маман ретінде ауыл совхозының қоймасында алғашқы қызметін бастап, зоотехник болып көп жылдар бойы еңбек етеді. Табиғаты әсем, суы шипа Алакөлдің бойында өскен ер әрине өз өмірін спортпен байланыстырады. Өйткені, ел шетінде, көрші елдің өтінде тұрған жұрттың өзі батыр болып тумай немене? Жергілікті жұрт көп ғасырлар бойы осы өңірді қорғап, ел мен жерді аман алып қалған. «Тартпай тумас негізге» демекші, кейіпкерлеріміз бабалар дәстүріне сай ​ батыл да ержүрек болып өседі. Шынығып шымыр болуы үшін спортпен дендеп айналысады. Мектеп қабырғасында жүріп, бокстан Кеңес Одағы бойынша біріншіліктерге қатысады. Жүлделі орындарды да ұтады. Онымен қоса​ бабаларынан жалғасқан күресті де қолға алады. Одан бөлек, волейбол, жеңіл атлетика, Алакөлдің жағасында тұрып жүзуді де қолға алады.Ер жеткен соң Ленинобад қаласында Отан алдындағы борышын өтейді. Сол жерде болашақ ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары генерал-лейтенант Әнуар Садықұловпен бір ротада әскери қызметтің ыстық-суығын көреді. Болашақта қызмет барысы бойынша кездесіп, жылы шырайлы әңгімелескен бболатын. Әскерден кейін Алматыдағы жоғары оқу орнына түсерде жүзу кафедрасына дене шынықтыру бойынша бапкер мамандығын таңдайды. Ол туралы Ардақ Тұрдығалиұлы былай түсіндіреді.

-​ Алматыдағы Қазақ спорт және туризм ​ академиясына оқуға түсуге аттандым. Әрине, ең бірінші кезекте өзім айналысып жүрген бокс немесе күрес мамандығына түсуді жоспарладым. Бірақ, кейін өз ойымды өзгерттім. Себебі, бокс пен күрес еліміздің ұлттық спорт түрлері. Боксер немесе балуан болғысы келмейтін ер бар ма? Бұл мамандықтарға конкурс жоғары болды. Сондықтан, жүзу кафедрасына ​ құжаттарымды тапсырдым. Ал, боксты қосалқы спорт түрі ретінде алып жүремін деп шештім. Ойым дәл шығып, құжат тапсырған мамандыққа түстім,-дейді ол.

Иә, жүзу ​ ұлтымыздың санасына әлі сіңісе қоймаған спорт түрі еді. Оны таңдағандардың арасында қара көздеріміз де аз еді. Кейіпкеріміз тоқсаншы жылдардың басында-ақ, осы спорт түріне аяқ басқан алғашқы қара көздеріміздің бірі болды. Бұл спорт түрі оның ойын өзгертті. Өйткені, жүзу спорты тек қара күшті ғана емес, ойлау мен шыдамдылықты да дамытады. Студент Ардақ оқуын жақсы оқығаны соншалық оны оқу аяқтағаннан кейін, аталған кафедраға жұмысқа алып қалады. Сол жерде жүріп елеулі еңбек етеді. Оны әр түрлі конференциялар мен жиындарға шақыра бастайды. Сондай бір ортақ жиындарда шекарашы спортшылармен жолығады. Нақтырақ​ айтқанда, шекарашы офицерлердің шеберханасы саналатын ҚР ҰҚК Әскери институтының офицерлерімен танысады. Олар спорттық жақтықтырушы қажет екенін айтып, кейіпкерімізді әскери қызметке келуге ұсыныс жасайды.

-Мен жоғары оқу орында кафедрада жұмыс жасадым. Тоқсаныншы жылдардың басында жалақымыз аз. Оның үстіне, отбасылы болдым. Ал, әскери атану байырғы армандарымның бірі болатын. Өйткені, атам Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Мен де атам секілді әскери форманы киюді армандаған болатынмын. Онымен қоса әскери қызметтің жалақысы да жоғары, әлеуметтік қорғау ​ да биік деңгейде екені анық. Біраз ойланып барып, әскери жоғары оқу орнына қызметке бару ұсынысын қабылдадым.

Алғашқы әскери қызметін «прапорщик» шенімен бастайды. Киім-кешекпен қамтамасыз ету әлсіз болатын. Әскери формалардың асты болса, үсті бөлек болатын. Хром етікті базардан сатып алатын. Соған қарамастан, әскери азамат атанғанға қуанып, үлкен ыждаһатпен әскери қызметті атқарады. Сол жылы отбасын құрады.​ «Аяқта аяқкиімің тар болса, не пайда дүниенің кеңдігінен» демекші, Алаутаудың аясындағы жасыл желекті Алматы бірден ешкімді құшақ жая қарсы алмайтыны анық. Үлкен қалада үй болмай жас жұбайлар алғашында отбасылық жатақхананы тұрақ етеді. Зейнетке шыққанда да мемлекеттен үй берілмеді. Ол да өз бетінше бөлек әңгіме. Сонымен қош. Тылдық ​ қатамасыз ету әлсіз, баспана мәселесі шешілмесе де бапкер қарағайға қарсы біткен қайсар мінезімен тұрмыстың тауқыметімен күреседі. Нағыз спортшыларға ұқсап қайсарлық танытады. Барлық жетістіктің кілті қажырлы еңбекте екенін жіті түсініп, білек сыбана қызметіне кіріседі. Кейінде өзің жақсы қырынан көрсетіп, алғашқы «лейтенант» әскери шеніне қол жеткізеді. «Атам: «Бастаған ісіңді аяғына дейін жеткіз» ,- деп үнемі айтып отыратын. Сол атамның ақылына сай лейтенант шенін алған соң, полковник шеніне дейін жетуді алдыма мақсат етіп қойдым», – деп есіне алды ұлттық қауіпсіздік ардагері.

Ардақ Тұрдығалиұлы өз ісін бар ынтасымен жақсы көрді. Курсанттарға ақ жарқын болғанымен, қызметіне қатал болды. Спорттық нормативтерге келгенде талапшыл екенін көрсетті. Бұл оның мансапқұмарлығынан емес, керісінше курсанттарға деген ағалық жанашырлығынан туындаған қасиет. Өйткені, оқу орнында шыныққан курсант, шекара шебінде тегеурінді офицер болатынына кәміл сенді. Сондықтан,​ «жаттығуда тер төксең, соғыста қиналмайсың» принціпіне сай аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсетін енжарлар мен жалқауларды аямайтын. Ер азамат шыныққан шымыр болуы керек дейтін ойды ұстанды.​ Болашақ шекарашы офицерлерді дайындайтын жоғары оқу орнында бұқаралық спорттың дамуына ​ үлкен үлес қосты. Жұмысына адал болды. Сол арқылы өзіне абырой жинады. Бәлкім, сондықтан болар ҚР ҰҚК -де жаңа құрылым «Ұшқын-Искра» спорт командасы құрылғанда алғашқылардың бірі болып Ардақ Бекішев қызметке шақырылды.

​ ҰҚК басшылығы оның​ өмірлік және бапкерлік тәжірибесін жоғары бағалап, басқарма бастығының орынбасары лауазымына тағайындады. Аталған спорттық команда құрамында елімізге әйгілі Максим Раков, Илья Илин, Ольга Шишигина, Серік Сәпиев іспетті атақты спортшылар болды. Арекең олармен етене араласып, қызметке байланысты тығыз-қарым қатынас орнатты. Сондай-ақ, өзі бастама көтеріп «Ұшқын-Искра» клубының ішінде балаларға арнап шахмат, волейбол, стол тенисінен​ секциялар ашты.

– Спорттық тәрбиені, патриоттық тәрбиеден бөліп қарауға болмайды. Спорт – патриоттық тәрбиенің негізгі құрамдас бөлігі. Ойлаңызшы, спортшымыз олипиада немесе әлем біріншілігінде жеңіске жетсе қалай қаунамыз! Көк туымызды жоғары көтерсе, төбеміз көкке жетердей әсерде боламыз…. Содан кейін жас өспірімдер өзінің сүйікті спортшысына ұқсағысы келіп, спорттық үйірмелерге жазылады. Елдің атын ол да шығаруға тырысады. Мұның барлығы патриоттық сезімді асқақтатпайды ма!? Әрине, асқақтатады! Ұлттық рухымызды көтереді. Спортқа жақын адам, іштей мығым, елжанды болып келеді. Өзім де спортты өмірлік серігім еттім, – деп ағынан жарылды ардагер ағамыз.

Ардагер дегенімізбен Ардақ Тұрдығалиұлы кез келген жаспен спорттық аренада жарысуға дайын. Өзі де әлі күнге дейін спортпен күнделікті айналысады. Өмірлік ұстанымы айқын, қоғамдық жұмыстарға белсенді. Бүгінде «Арыстан» мамандандырылған лицейінде ұстаздық етеді. «Жасым келіп құрметті еңбек демалысына шықтым. Алты ай үйде отырдым. Алайда, қолынан іс келсе, үйде отыра алмайды екенсің. Сондықтан, жұмыс іздей бастадым. Бір – екі жұмыс істеп көрдім. Көңілімнен шықпады. Уақыт өте, ​ «Арыстан» мамандандырылған лицейіне қызметкерлер керек екенін естідім. Барып өзімнің құжаттарымды ұсындым, жеке сөйлестім. Сосын менің қызмет жолымен танысқан оқу орнының басшылығы ұстаздық қызметке жұмысқа алды. Маған сенім білдірген лицей басшысы генерал-майор Сәбит Таулановқа алғысым зор. Бүгін лицей оқушыларын спорттық тұрғыдан дайындап келемін. Онымен қоса, ҚР ҰҚК Шекара Академиясына түсуге ынта танытқан курсанттарды қызмет барысымен таныстырамын. Екі ортада ынтымақтастықты орнататын куратор болдым. Біздің балаларды болашақ шекарашы офицер болуына ықпал етіп, білгеніммен бөлісіп отырамын. Өйткені, елдің қауіпсіздігін қорғау абыройлы мамандық».

Иә, кейіпкеріміз лейтенанттан бастап, полковникке дейін жетті. Ұзақ жылғы қалтқысыз қызметте бірталай ведоствалық марапатқа ие болды. Өзінің мамандығына адалдық танытып, құрметпен еңбек демалысына шықты. Зейнетте қол қусырып отырмай, ұстаздық жасап, жас ұрпақты патриоттық және спорттық тәрбиеге баулуда. Қызметте адал дос, сенімді қарулас болса, үйінде аяулы жар, өнегелі әке. Өмірлік жары Айнагүл екеуі жастайынан қосылып, тіршіліктің ыстық-суығын бірге еңсерді. Екеуі ​ Сандуғаш, Санжар атты екі ​ перзентті тәрбиелеп өсірді. Өзара түсінушіліктің арқасында ​ ұлағатты жанұя қатарынан табылды. Шуақты шаңырақта өскең қызы Сандуғаш әке жолына сай аға лейтенат шенідегі ​ офицер атанды. Бүгінде Алматы қаласындағы Ішкі істер органдарында қызмет атқарады. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дегендей, ұлы Санжар өз күшімен ҚР ҰҚК Шекара Академиясына оқуға түсіп, биыл офицер атанғалы отыр. Осының барлығы жұмыр басты пенденің төбесіне қонған бақ емес пе?!​ Ардақ Тұрдығалиұлының Отанға деген адалдығы, спортқа деген сүйіспеншілігі, қызметке деген риясыз берілуінің және өзінің тумасынан қалыптасқан азаматтық һәм адами қасиеттерінің арқасында бақытты өмір сүрудің кілтін тапты. Елім деген ерлерім аман болғай! ​ ​ ​

Дарын СЕЙІТОВ,
әскери тілші

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 4 =